Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "Мыңқайнар"
ш (1 түзету) |
|
(айырмашылығы жоқ)
| |
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі нұсқасы
Мыңқайнар – ежелгі қорымдар, Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Тұрар Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 24,5 км жерде, Қырғыз Алатауы қырқасындағы Шұңқыр шатқалында.
Зерттелуі
1988 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.М. Досымбаева) зерттеген.
Бұл жерден ара қашықтығы 0,5-1 км келетін Мыңқайнар-1, Мыңқайнар-2, Мыңқайнар-3, Мыңқайнар-4, Мыңқайнар-5, Мыңқайнар-6 обалары аршылды.
- Мыңқайнар-1-дің қазіргі орны топырақ үйіндісіне айналған, диаметрі 5 м-ден 22 м-ге, биіктігі 0,3-1,5 м-ге жететін 3 обадан тұрады. Жергілікті жердің топографиялық жағдайына байланысты обалар шағын қырқаның үстіне шоғырланған. Олардың ара қашықтығы 60-320 м-ге дейін жетеді.
- Мыңқайнар-2 оңтүстікке қарай тізбектеле созылған 8 обадан тұрады. Топырақ үйіндісіне айналған обалардың диаметрі 6 м-ден 20 м-ге дейін жетеді, биіктігі 0,5-тен 1,2 м-ге жуық. Оба диаметрі 6 м, оңтүстік бөлігінде табанының диаметрі 8 м шеңбер тас бар.
- Мыңқайнар-3 оңтүстікке қарай тізбектелген 5 обадан тұрады. Бұл обалардың диаметрі 7 м-ден 18 м-ге, биіктігі 0,5-1,3 м-ге дейін жетеді. Обалардың біреуінің үйіндісі сопақтау. Батыстан шығысқа қарай созылған, ауданы 22x15 м, биіктігі 1,2 м.
- Мыңқайнар-4-де солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізбектеле созылған топырақ үйінділерінен тұратын 8 оба бар. Үйінділердің диаметрі 18 м-ден 32 м-ге, биіктігі 1,2-1,5 м-ге дейін жетеді.
- Мыңқайнар-5 қорым қырқаның үстіне жүйесіз шоғырланған 15 обадан тұрады. Обалардың топырақ үйінділерінің диаметрі 6 м-ден 22 м-ге дейін жетеді, биіктігі 0,3-2,1 м.
- Мыңқайнар-6 қорым таулы қырқаның үстіне тізбектеле орналасқан 16 обадан тұрады. Топырақ үйінділерінің диаметрі 8 м-ден 22 м-ге дейін жетеді, биіктігі 0,3-2 м аралығында.
Зерттеу барысында барлық обалар ерте темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардікі екендігі анықталды.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>