Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "Бұғылы қорымы"
ш (1 түзету) |
|
(айырмашылығы жоқ)
| |
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі нұсқасы
Бұғылы қорымы – қола дәуірінде өмір сүрген тайпалардың қоныс орны. Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.
Мазмұны
Орналасқан жері
Шет ауданы Шопа ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 км жерде, оңтүстіктен солтүстікке қарай ағатын Шопа өзенінің көз тартар алқабында орналасқан.
Зерттелуі
Бұғылы кешенін Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының алғашқы кезеңіндегі далалық зерттеулер барысында Ә.Х. Марғұлан ашады. Осы жер 1940 жылдар соңында Орталық Қазақстан аумағына тұтастай зерттеу жүргізілгенде тексерілген болса керек. Негізгі қазба жұмыстары 1952, 1955-1956, 1963 жылдары жүргізіледі. Сол кездері кешеннің бес бөлігінің барлығы да зерттеледі. Бұғылының әртүрлі ескерткіштерін қазу және зерттеу жұмыстарына Ә.Х. Марғұлан, Ә.М. Оразбаев, М.Қ. Қадырбаев, Т.Н. Сенигова қатысқан. Алғашқы материалдар мен қорытындылар Ә.Х. Марғұланның бірқатар мақалаларында, сонымен қатар, 1966 және 1979 жылдары шыққан көлемді монографияларда жарық көреді. Ә.М. Оразбаев Бұғылы материалдары бойынша әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоймаған қола дәуірі үйлерінің ғылыми жаңғыртпасын жасады. Бұғылы ескерткіштерін зерттеу барысында алынған мәліметтер Орталық Қазақстанның көне мәдениеттерін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Қазіргі кезде жаңа бағыттарды әзірлеудің аса өзекті мәселелерінің біріне жаратылыстану пәндерінің әдістерін қолдану арқылы ескерткіштердің жасын нақтылау жатады.
Қорым сипаты
Шопа өзенінің алқабын оңтүстігінен Бұғылы таулары, солтүстік және шығыс жақтарынан төбе-жоталар қоршап жатыр. Кешеннің құрамындағы ескерткіштер өзеннің қос жағалауында орналасқан. Бұғылы-1 қонысы мен қорымы, сонымен қатар Бұғылы-2 қонысы өзеннің оң жағалауында, бір-біріне жақын жерде. Бұғылы-2 қорымы кешеннің батыс жағында, өзеннің сол жағалауында және Бұғылы-2 қонысына қарама-қарсы ашық алаңқайда орналасқан. Кешеннің солтүстік жағындағы жазыңқы болып келген дөңде Бұғылы-3 кесенесі алыстан көрініп тұр. Ескерткіштердің аумағынан көне дәуірдің екі су бөгені тіркелген, сонымен қатар аю (аютас) мен қой (қойтас) бейнелі екі жеке меңгір бар.
Бұғылы-1
Қолда бар деректер бойынша, Бұғылы алқабын алғашында неолит дәуірінің тайпалары мекендеген. Оған Бұғылы-1 қонысының аумағынан табылған тас құралдары мен қыш бөліктерінің табылуы дәлел. Андронов дәуірінің материалдары мал шаруашылығының, металлургия мен қолөнер, құмырашылық, үй-құрылыс салу техникасының дамығандығын көрсетеді. Сол кезде, б.з.д. II мыңжылдықтың бірінші жартысында өлкеде нұра мәдениетінің тайпалары өмір сүрген. Б.з.д. II мыңжылдықтың екінші жартысында осы алқапты мекендейтін тұрғындар саны көбейеді. Осы уақытта беғазы-дәндібай мәдениеті дамып, оның тұрғындары Сарыарқаның кең даласына таралады.
1998 жылы А.З. Бейсенов пен В.Г. Ломан Бұғылы-1 қонысына жаңа қазба жұмыстарын жүргізеді, одан бөлек Бұғылы-3 кесенесінің техникалық жағдайы тексеріледі. Кесенеге жақын орналасқан жерден тасмола мәдениетінің бір обасына қазба жұмысы жүргізіліп, тас құрбандық ыдысы бар әйел жерлеу орны ашылады. Бұғылы-1 қонысының 372 ш.м. жеріне қазба салынып, өлшемдері 9,5×10 м болатын тікбұрыш пішінді бір тұрғын үйдің негізгі бөлігі ашылады. Аса бір маңызды нәтижелердің біріне тұрғын үйдің мәдени қабатынан доңғал қышының табылуы жатады. Бұл осы қоныста қола дәуірінің соңғы сатысында доңғалдықтардың болғандығын дәлелдейді.
Бұғылы-2
Бұғылы-2 Бұғылы-1 қонысынан солтүстікке қарай 1,5 км жерде, Шопа өзенінің оң жақ жағалауында. Қарсы бетінде үлкен Бұғылы-2 қорымы орналасқан. Қоныста 30-ға жуық іргесін таспен қалап өрген төртбұрышты құрылыс орындары сақталған. Бір-біріне іргелес орналасқан екі үй орны зерттелді. Үйлердің пішімі төртбұрышты, іргесін тастан қалаған. Үй ішінен 1-2 тас ошақ, 1-3 шұңқырлар ашылды. Сонымен қатар көптеген қыш ыдыстар, тас түрен, т.б. құрал-саймандар, мал, аң сүйектері табылды. Бұл заттар қоныс тұрғындарының мал өсіріп, егін егіп, аң аулауды кәсіп еткенін, мыс балқытып, жүн, тері, саздан, сүйектен тұрмысқа қажет заттар жасағанын көрсетеді. Қоныс тұрғындары б.з.б. XIV-XI ғасырларда тіршілік еткен.
Бұғылы-2 қорымы Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген.
Бұғылы-3
Бұғылы-3 ескерткіші – беғазы-дәндібай мәдениеті қоғамының жоғарғы дәрежелі билеуші-көсемдеріне арналып салынған ірі мегалиттік кесенелердің бірі. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенге дейін оба үйіндісінің диаметрі 28 м, биіктігі 2 м болған. Оңтүстік-батыс жағында екі биік меңгір тұрған. Қазба жұмыстарының барысында үйінді астынан шаршы тәріздес, көлемі 15×15 м болатын тас құрылыс шығады.
Көне құрылысшылар қабырға қалау үшін ұзындығы 40-70 см, ені 20 см-ден жалпақ қалыңдығы 10 см болатын жергілікті табиғи тастарды пайдаланған. Ескерткіш қабырғасын тастарды бір біріне қиюластыра қалап, тоғыз қатарға дейін көтерген. Кесененің ортасында көлемі 4,1×4,4 м, шаршы пішіндес, өңделген ірі тас тақталарды тігінен қою арқылы жасалған тас жерлеу орны аршылды. Жерлеу камерасын тақта тастарды жатқызып, баспал дақ тәріздендіріп, бірте-бірте тарта қалау әдісімен жапқан. Осы пирамида тәрізді тас жабынымен қоса есептегенде ескерткіштің ең жоғарғы биіктігі 3 м болған. Тас жәшіктің солтүстік-шығыс бұрышынан кесененің қабырғасына дейін ұзындығы 3,3 м, ені 0,8 м, биіктігі 1,7 м дәліз-дромос салынған. Дәліздің жартысы қалыңдығы 25-30 см күл қабатымен жабылған.
Ескерткіш көне замандардың өзінде-ақ қатты тонауға ұшыраған. Негізгі қабірден басқа, аса үлкен емес үш тас жәшіктен бала мүрделері шығады. Табылған археологиялық айғақтардан қыш ыдыстар мен қола ине сынықтары ғана болды. Кесененің солтүстік жағында аса үлкен емес бірнеше шұңқырлар байқалады. Бұлар көне тұрғындардың ғұрыптық салттарын өткізетін орындар болса керек.
Беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын ірі тас ескерткіштің орналасқан орны – табиғи жағдайы келіскен, адамзат баласына мекен етуге өте қолайлы жер. Осындай ірі тас құрылыстардың, қоныстардың, қорымдардың шоғырланған жерлері сол дәуірде, яғни соңғы қола дәуірінде адам баласының ұзақ уақыт тапжылмай өмір сүрген мекені болып табылады. Сондықтан да Бұғылы кесенесінде аса үлкен қауымдастықтың ірі билеуші-көсемі жерленген деуге толық негіз бар.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>
Әдебиеттер
- Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В., Касеналин А.Е. Памятники бегазы-дандыбаевской культуры Центрального Казахстана. Монография. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 192 с.+20 с. цв. ил.
- Бейсенов А.З., Ломан В.Г. Орталық Қазақстанның қола дәуiрiнiң соңғы кезеңiнiң қоныстарын зерттеу \ жұмыстары // Известия МНиВО–НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1999. – Вып. 1. – С. 20–29.
- Бейсенов А.З., Ломан В.Г. Древние поселения Центрального Казахстана. – Алматы: Інжу-Маржан, 2009. – 264 с.
- Варфоломеев В.В. Бегазы-дандыбаевская культура степей Центральной Евразии // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан и 20-летию Института археологии им. А.Х. Маргулана КН МОН РК. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – Т. I. – С. 210–240.
- Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1979. – 360 с.
- Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев А.М., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 435 с.