Қызыларай тас мүсіндері

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Қызыларай тас мүсіндеріҚарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ортағасырлық археологиялық ескерткіштер.

Орналасқан жері

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қызыларай тау жоталарының аңғарларында орналасқан.

Сипаты

1991-92, 1997 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы экспедициясы (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) зерттеген.
Мұндай ескерткіштер Беғазы, Ақсораң, Қарасораң тауларының шығыс беткейлері мен Қаратал, Жіңішке, Жыланды, Сарыөлең өзендері бойларында көп кездеседі.
Қызыларай тас түсіндері негізінен екі үлкен топқа бөлінеді. Бірінші топтағы мүсіндер түркі қағанаты кезеңіне (VI-X ғасырлар), екіншісі қыпшақ мемлекеті кезеңіне (VIII-XIII ғасыр басы) жатады.

VI-X ғасырлар тас мүсіндері

Алғашқы топта ер кісілер мүсіндері көп. Жартысынан көбі кеудеден жоғары бейнеленген. Бет әлпеті сұсты, қабағы түйілген ерлер — жауынгер, абыз, құсбегілер. Бірқатарының бас киімі, арқасына төгілген көп тарамды шаштары, белінде белбеуі, оған ілінген қылыш немесе семсер, оқшантай, т.б. бұйымдары бар. Бір қолымен ыдыс, кейбірі құс ұстап тұрады. Мойнынан тұмар және жалпақ жағалы киім үлгілерін көруге болады. Бір құлағында кейде екі құлағында да сырға бар. Саны 50-60-қа жететін тас мүсіндер үлкен қақпақ тастардан төрт бұрыш, шаршы етіп салынған қоршаулардың шығыс жағына, тізбектеле тұрғызылған. Тізбектің ұзындығы 100-120 м. Қоршау ішіне тас үйілген, олардың арасында ақ шақпақ тастар кездеседі. Қазылған қоршаулардан ағаш баған, от орнындағы күл-көмір қалдықтары табылды.

VIII-XIII ғасырлар тас мүсіндері

Екінші топтағы тас мүсіндерде әйелдер көп бейнеленген. Бұлардың басты ерекшелігі үйінді тас немесе арнайы салынған ғибадатханаларға бетін шығысқа қаратып қойылған. Ғибадатханалар екі түрлі: бірі – жеке, төрт бұрышты тастан қаланған, ортасына 2-5 мүсін тігінен көмілген; екінші түрі – қос қоршаулы. Мұнда тас мүсіндер шығыс жағындағы кіші қоршау ішіне қойылған.
Осы өңірде бірегей туынды болып саналатын тас мүсіндер, қоршаулар мен ғибадатханалар Қызыларай тауларының түркі-қыпшақ заманында киелі орын болғанын көрсетеді. Мұнда ғұрыптық, салттық жоралғылар өткізіліп тұрған. Қызыларай тас мүсіндері — Қазақстанды мекен еткен ортағасырлық тайпалардың мәдениетінен хабар беретін кешен.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref><ref>Қ 18 Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. – 768 б.ІSВN 9965-26-175-Х</ref>

Әдебиет

  • Ермоленко Л.Н., Средневековые каменные изваяния казахских степей, Новосибирск, 2004.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер