Қараүңгір (тұрақ)

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Мағына

Сурет:Қараүңгір тұрағы.jpg
Қараүңгір тұрағы көрінісі.

Қараүңгір – неолиттік тұрақ, Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Түлкібас ауданы, Мақталы ауылынан 10 км солтүстікте орналасқан.

Кезеңі

Біздің заманымызға дейінгі V-ІV мыңжылдықтар.

Зерттелуі

Тұрақты бірінші болып Х.А. Алпысбаев 1959 және 1973 жылдары ашып, зерттеді. 1992 жылы Қазақ-Ресей археологиялық экспедициясының тобы үңгірге қосымша зерттеу жүргізді.
Археологиялық жұмыстардың нәтижесі үңгірге адамдар неолит уақытында қоныстанғаны және одан кейінгі энеолит, қола және ерте темір дәуірлерінде қоныстану іздерінің бары жайлы ақпарат береді. Бірнеше қабаттан тұратын осы нысанда оқтын-оқтын жүргізілген шағын зерттеу жұмыстарына қарағанда, палеолит дәуірінің қалдықтарын табу мүмкіндігі де бар.

Геологиясы мен сипаты, қазба нәтижелері

Қараүңгір тұрағы Қазақстан территориясындағы адамдар неолит дәуірінен (б.з.д. V-IV мыңжылдық) бастап қоныстанған тас дәуірімен мерзімделетін ежелгі тұрақтардың бірі болып саналады.
Үңгір тектоникалық және карст үдерістері нәтижесінде әктас жыныстарында түзелген. Қалыптасқан қуыстың өлшемдері: ең жоғарғы биіктігі – шамамен 15 м, ені – 43 м-ге жуық және тереңдігі – шамамен 39 м. Үңгір мекендеуге өте ыңғайлы, жанынан өзен ағып өтеді, жарық жақсы түседі, кең және түзу қалқалы табаны бар.

Мәдени-тұрмыстық заттар

Тұрақта жүргізілген қазба барысында тас және сүйек артефактілер, жануарлардың сүйектері мен тістерінен жасалған әшекейлер, қабыршақтан жасалған бұйымдар, керамика сынықтары және одонтологиялық олжалар табылған. Тас құралдар микроөзектастар мен микротілікшелерден, екі жақтамалы ірі өзектастардан тұрады. Еңбек құралдары арасында екі шеті түзетілген тілікшелер, қыстырмалар, қырғыштар, сонымен қатар геометриялық микролиттер, өткір жүзді құралдар, кескіштер, кельтеминар типті жебе ұштары және т.б. кездеседі. Сүйектен жасалған бұйымдар: тескіш, ине, жебе ұштары, "қалақша" және де алқа және моншақ түріндегі әшекей бұйымдар. Беті жақсы тегістелген, екі жағы өрнектелген тас сынықтары ерекше қызығушылық тудырады: әр 2–5 мм сайын бір жағында алты, екінші жағында жеті кертігі бар (сынған жеріне дейін).

Шаруашылық және ғұрыптық заттар

Арқар, қабан, елік, марал, жабайы қой сияқты және тағы басқа тұяқты жануарлардың табылған сүйек қалдықтары Қараүңгір тұрғындарының шаруашылық негізін аңшылық құрағандығын көрсетеді. Қазба барысында табылған тістер төрт немесе бес адамға, 20-30 жас шамасындағы үш әйел кісіге және тағы бір-екеуі 55-60 жастан асқан кісіге тиесілі. Олардың басқа антропологиялық бөліктерсіз табылуы магиялық ғұрыптарда пайдаланылған және амулет ретінде тағылған деп пайымдауға мүмкіндік береді. Үңгірде табылған тістердің бірінде қызыл түсті заттың қалдықтарымен бірге тағуға арналған тесігі бар.

Қараүңгір тұрағының материалдары Қазақстанның оңтүстігінде, бір жағынан бастапқы жарықшақтау техникасы, қосымша өңдеу және еңбек құралдары бойынша кельтеминар мәдениетімен (Оңтүстік Арал маңы) ұқсас, екінші жағынан екі жақтамалы өзектастары мен құралдары гиссар материалдарына (Оңтүстік-батыс Тәжікстан) және орталық Ферғана мәдениетіне ұқсас өзіндік неолиттік мәдениеттің болғандығын көрсетеді.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер