Сырлытам қалашығы
Үлгі:Көне қалашық Сырлытам қалашығы (X-XII ғғ.) – Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш.
Орналасқан жері
Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 км-дей жерде, Заңғарқала қалашығының оңтүстік-батысына қарай 3 км-дей жерде орналасқан.
Сипаты
Ескерткішті 1960 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (С.П. Толстов) ашып, зерттеген.
Қалашық кешеніне қамал, оған жалғасып жатқан қоныс және қамалдың жанындағы биік құм төбеде орналасқан мазар (Сырлытам кесенесі) кіреді.
Сырлытам қалашығы жоспарында дұрыс емес дөңгелек түрінде болып келген, диаметрі шамамен 250 м. Оның солтүстік бөлігінде кіреберісі оңтүстікке бағытталған шаршы пішінді (70х70 м) цитадель бар. Оны үш жағынан, екі шеті цитадельдің солтүстік қабырғасына жалғасып жатқан қалашық қабырғасы қоршап жатыр.
Цитадельдің қабырғалары мұнаралармен күшейтілген: екеуі кіреберісте, төртеуі бұрыштарында орналасқан; сонымен қатар, әрбір қабырғаның ортасында бір-бір мұнарадан (тек кіреберісі бар қабырғадан басқа) бар. Цитадельдің солтүстік қабырғасындағы мұнара өзінің үлкендігімен ерекшеленеді, оның қазіргі кездегі жер бетінен деңгейінен биіктігі - 5 м.
Цитадельден үш ғимараттың жоспары анық аңғарылады.
Үлкен үйінді жал түрінде сақталған қабырғасының орташа биіктігі 3 м-ге жуық, онда 26 мұнараның қалдығы бар: қақпа қабырғасының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Қалашықтың, сондай-ақ цитадельдің ішінен үстінде қыш ыдыс сынықтары молынан шашылып жатқан құрылыс қалдықтары анықталды.
Қалашыққа солтүстіктен жеті мұнарасы бар қабырғамен қоршалған қала маңы құрылысы жалғасқан. Құрылыс нобайы бойынша жарты шеңберге ұқсас. Оның қабырғалары қалашықтың солтүстік қабырғасына нық жалғаспаған, қақпа құрылысының қалдықтары бар.
Табылған артефактілерге қарағанда, қалашық X-XII ғасырлармен мерзімделеді.<ref>Қ 18 Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б. ISBN 9965-26-382-5</ref>