Көркемдік идея
Көркемдік идея. Абайдың орасан зор ақындық қуат-күші өз шығармаларында қазақ өмірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтере білуінен, қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдерінің ой-арманын, түбегейлі мүддесін терең ұғып, сөзіне білетіндігінен айрықша айқын көрінеді.
Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...» , «Алыстан сермеп...», «Ғылым таппай мақтанба...», «Болыс болдым, мінеки...» секілді таңдаулы көркем туындыларының қайсысын алсақ та оларға идеялық арқау болатын келелі мәселелер - білімге, адал еңбекке, әділеттілікке шақыру, надандықты, артта қалу кесепатын айыптау, алауыздық пен керіс-тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануды әшкерелеу екені бірден байқалады. Және осы идеялар ақын шығармалары тақырыбының ең басты күрделі мәселелеріне жалғасып, солармен тұтасып, халықтың тағдыры, бүгінгісі мен келешегі, поэзияның өмірдегі алатын орны туралы ойларымен сабақтас өріледі. Өйткені Абай поэзиясының басты тақырыптары, идеялық нысанасы ұлы ақынның әлеуметтік прогресс үшін, халықты өнер-білімге жеткізу үшін күресу мақсатынан туады. Халықтың ауыр тағдырын, өмір-тұрмысын ерекше шеберлікпен, нанымды көрсете отырып, Абай халықты қоғамдық асыл мұраттарға жетуге ынталандырады. Абай поэзиясының идеялық құндылығы алдымен айналадағы өмір, болмысты, қоғамдық құбылыстарды мейлінше кең қамтып, нақтылы бейнелеуінен, ел тағдырына, өміріне қатысты ең маңызды әлеуметтік мәселелерді халықтық мүдде, озат арман-мақсаттар тұрғысынан толғай білуінен танылады. Әрине, поэзиялық шығармадағы ой-пікір ақын көзімен көріп білген, өз көңілімен сезінген өмірдегі нақтылы жағдайлардан алған әсерлер түрінде туған идея болып келеді. Жалпылама жағдайға қатысты қорытынды - түйін, ақыл-кеңес, насихат болса да, ақынның көңіл күйіне сабақтастырыла айтылады. Яғни поэзиядағы идея шығарманың көркемдік қасиетімен тығыз байланысты болса, ал көркемдіктің, ақындық шеберліктің өзі озат идеялылықпен ұштасып жатады. Ақынның шығармаларының қай-қайсысында да өмір шындығы әр қырынан көрінетінін, алынған тақырып, айтылған ой, идея ақынның көңіл күйі, жан сезімі әр түрлі нақтылы көркемдік шешімін табатынын ескеру керек. Шынайылық тұрғысынан да, идеялылығы тұрғысынан да әр поэзиялық шығармаға әр түрлі өлшеммен келіп, жанрлық, тақырыптық, композициялық өзгешелігіне сәйкес талап қойсақ болады. Ал енді Абай шығармашылығын тұтас алып қарап, оның танымдық мәні, шыншылдық қасиеті, идеялық құндылығы неде дегенде, жеке шығармаларға тән сипат – белгілерге ғана емес, барлық шығармаларына ортақ ең басты өзгешеліктерге назар аударған жөн. Бұл орайда ақын поэзиясының қоғам өмірімен, халықтық ұлттық ой-санасымен тығыз байланысы, тамырластығы және оның өмір құбылыстарын биік адамгершілік идеалдары тұрғысынан шебер бейнелеуге негізделген зор танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәні алдымен айтылуға тиіс. Ақын бүкіл бір тарихи дәуірдің тынысын айқын аңғартып, аса маңызды әлеуметтік мәселелерді терең толғайды. Осы кең мағынасында Абайдың барлық шығармасынан заман шындығын, сан алуан өмір құбылыстарының кескін-бейнесін айқын көре аламыз.<ref>Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9</ref>
Дереккөздер
<references/>