Едіге Сабырұлы Сабуров
Үлгі:Тұлға Едіге Сабырұлы Сабуров (28 сәуір 1949 жыл, Шаржау облысы, Түрікмен КСР – 13 мамыр 2025 жыл, Ыстанбұл) — қазақстандық гидрогеолог, Атырау облысы су ресурстарын зерттеу мен тұрақты пайдалануға үлесі үшін белгілі.
Мазмұны
Өмірбаяны
Едіге Сабыров 1949 жылғы 28 сәуірде Кеңестік Түрікменстанндағы Шаржау облысы, Дәнеу атырабы, Шомба Базар (Шенбебазар) елді мекенінде дүниеге келді. Руы Беріш Бегис, Кіші жүзден тараған.
1968 жылы Гурьев политехникалық техникумын механик-дизелист мамандығы бойынша тәмамдады.
Бұдан кейін Қарағанды политехникалық институтын автомобиль көлігі факультетін 1976 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітірді.
1972–1974 жылдары әскери борышын Владивосток қаласында өтеді.
Еңбек жолын 1974 жылы «Гурьевнефтегазгеология» бірлестігінде бастап, қарапайым жұмысшыдан инженер-механик қызметіне дейін көтерілді. Сонымен қатар кәсіптік ұйымдар мен комсомол жұмысына белсене араласты.
1979–1984 жылдары Гурьев политехникалық техникумында оқытушы болып қызмет атқарып, студенттермен бірге тәжірибелік зертханалар құрды.
1984–1987 жылдары — Гурьев гидрогеологиялық экспедициясы басшысының орынбасары.
1987–1992 жылдары — Қайыршақты селолық кеңесінің төрағасы, кейін «Теңдік» кеңшарының директоры болды.
1993 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысты.
1995 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Атыраугидрогеология» ЖШС-інде вице-президент, президент, директорлар кеңесінің төрағасы және ғылыми кеңесші ретінде қызмет етті.<ref>https://azh.kz/kz/news/view/77777</ref>
13 мамыр 2025 жылы Едіге Сабырұлы 76 жасында кенеттен дүниеден озды. Стамбул қаласында қайтыс болып, өзі туып-өскен туған өлкесі — Атырау облысы, Бесікті ауылында жерленді.
Ғылыми және қоғамдық үлесі
Сабуров Едіге Сабырұлы Атырау облысының жерасты су ресурстарын 20 жылдан астам уақыт зерттеген. Қызылқоға ауданындағы Мұздыбулак су көзін ашу, Томарлы-Геолог тас жолының салынуына жетекшілік ету секілді бастамалары өңір экологиясы мен инфрақұрылымының дамуына зор ықпал етті.
Ол «Атыраугидрогеология» ЖШС базасында бірқатар елді мекеннің инженерлік және әкімшілік инфрақұрылымын дамытуға атсалысты. Сонымен бірге, ол — бірнеше пайдалы модельдер мен өнертабыстардың авторы.
Белгілі қоғам белсендісі ретінде Жайық, Ойыл, Жем өзендерінің тартылуы, су ресурстарының сарқылуы туралы мәселе көтеріп, мемлекеттік органдар мен БАҚ арқылы дабыл қағып жүрді. Депутаттық және комиссия төрағасы ретінде қоғамдық істерге белсенді араласты.<ref>https://atr.kz/zhanalyqtar/atyrau-onirinin-gylymy-men-ziialy-qauymy-auyr-qazaga-dushar-boldy/</ref>
Өз өмірі мен отбасы
Әкесі Маңғыстауов Сабыр Атырау (бұрынғы Гурьев) облысында 1911 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград майданында ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін облыстың жер комитетінде және ауыл шаруашылығы саласында есепші қызметтерін атқарған. 1993 жылы 83 жасында өмірден озды.
Анасы Аманжолова Ағибаш 1927 жылы Маңғыстау облысында туған. 1947 жылы Ашхабад педагогикалық училищесін тәмамдап, кейін отбасын құрып, жеті баланың тәрбиесімен айналысқан. 1997 жылы 70 жасында қайтыс болды.
Жұбайы Қадырғалиева Жұма — 1972 жылы Қазақ политехникалық институтын инженер-геолог мамандығы бойынша аяқтап, мұнай-газ және гидрогеология саласында еңбек еткен сала маманы. Ол да бірнеше марапат иесі: «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі», «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», «KazEnergy», «Қазақстан мұнайына 125 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.
Сабуровтар отбасында 3 ұл, 2 қыз тәрбиеленген. Балалары — Орақ пен Саламат мұнай саласында, Салтанат — ауыл шаруашылығы, Нұргүл мен Ақмарал — гидрогеология саласында еңбек етуде.
Марапаттары мен атақтары
Сабуров Едіге — оннан астам өнертабыстың авторы, Қазақстанның жер қойнауын барлау ісінің танымал маманы. Өңірдің қоғамдық, экологиялық және экономикалық мәселелеріне байланысты пікірлерін ұсынып, шешімдерге бастамашы болып отырды. Сонымен қатар өңір ақын-жазушыларының шығармаларын жинақтап, баспаға шығаруға демеушілік көрсетіп жүр.
2003 жылы оған Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
2022 жылы Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы — «Парасат» орденімен марапатталды.
- «Қазақстан мұнайына 100 жыл» төсбелгісі (1999)
- «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10, 20, 25 жыл» мерекелік медальдары
- «Қазақстан мұнайына 120 жыл» (2019)
- «Жер қойнауын құрметті барлаушы», куәлік №33 (30.03.2021)
- «Еңбек ардагері» медалі, №902 (2021)
- «Парасат» ордені, ҚР Жарлығы №1466 (07.11.2022)