В.И. Чапаев мұражайы
В.И. Чапаев атындағы мемориалдық мұражай – Батыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген қала құрылысы және сәулет ескерткіші.
Орналасқан жері
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Ақжайық ауданында орналасқан.
Кезеңі
Ғимарат 1854 жылы салынды, мұражай 1941 жылы ашылды.
Тарихи деректер
Мемориалды мұражай ғимараты 1854 жылы салынған, көпес С. Манжуковтың ескі екі қабатты үй құрылысы болып табылады. 1919 жылдың тамызында мұнда В.И. Чапаев басқарған 25-ші атқыштар дивизиясының штабы орналасқан. Мұражай 1941 жылы ашылып, 1953 жылы жабылды. 1959 жылы КОКП ОК және Қазақстан үкіметінің шешімі бойынша В.И. Чапаев атындағы Республикалық мұражайы қайта ашылды.
Экспозициялары
В И. Чапаевтың өмірі мен қызметіне арналған және 25-ші атқыштар дивизиясындағы сәтті жолы туралы экспозиция 5 залда орналасқан. Мұражай кешеніне 25-ші Чапаев дивизясының штабы, кейіннен В.И. Чапаевтың мемориалдық мұражайы, В.И. Чапаевтың қайтыс болған және Чапаевтықтардың ағалық зираттары кіреді.
Бірінші зал В.И. Чапаевтың дәуірін суреттесе, екінші зал халық батыры Исатай Тайманов пен патриот-ақын Махамбет Өтемісұлының бастауымен қазақ шаруаларының көтерілісіне арналған материалдарды қамтиды. Үшінші залдың экспозициясы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына арналған. Төртінші зал халық жазушысы Ж. Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Бесінші зал Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған, мұнда Ақжайық ауданының тәуелсіздік жылдарындағы экономика, білім, медицина, мәдениет, спорт және туризм саласындағы жетістіктері ұсынылған.
Бүгінгі күні мұражай қорында 8107 жәдігер сақталуда.<ref>Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9</ref>
Дереккөздер
Үлгі:Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері