Аққорған кесенесі
Үлгі:Ғимарат Аққорған кесенесі – Қызылорда облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері
Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 1 км жерде орналасқан.
Сипаты
Ескерткіш Аққорған қалашығының маңында, қалың қамыс өскен және қам кесектерден тұрғызылған жерлеу құрылыстары – қоршаулардан тұратын, сондай-ақ сағана (сыпа) типті жаңартылған құрылыстары бар үлкен қорымда орналасқан.
Кесене қам кесектерден тұрғызылған. Өлшемдері 8,20х8,0 м.
Кесене бір камералы. Шаршы пішінді болып келген ескерткіштің негізгі аумағы сфероконустық формадағы күмбезбен жабылған. Оңтүстік бөлікке бағытталған кіреберісі дәліз іспетті болып қабырғаға жалғастырыла салынған. Негізгі аумақтың барлық төрт бұрышы жауырыншалармен бөлінген. Батыс қабырғада ағашпен торланған ойық бар.
Кесененің камерасы шаршы пішіндес, қабырғаларында (әр қабырғада бір-бірден) арка тәрізді төрт үлкен ойық бар. Камера ішіне екі құлпытас-сағана (биіктігі жарты метрден астам), сондай-ақ "алам" (ақ мата байланған бақан) және арқардың мүйізі қойылған. Осылардың барлығы осы жерде жерленген әулиеге деген құрметті көрсетеді.
Кесененің архитектурасында осы өңірдің ескерткіштеріне тән – камерадағы қабырғалық ойықтар (Қарасопы кесенесі, Қорасан ата кесенесі, Ақтас мешіті), дәліз іспетті кіреберіс (Жалаңаш ата кесенесі) және т.с.с. дәстүрлер байқалады.
Қазіргі уақытта кесене өзінің алғашқы келбетін жоғалтқан. Оның орнында архитектуралық көркемдік құндылығы жоқ жаңа ескерткіш бой көтерген.
Кесене архитектура тақырыбындағы камералары Т-тәрізді болып орналасқан екі камералы кесенелердің сирек нұсқасы болып табылады. Тікбұрышты және дөңгелек болып келген камералары үйлескен бұл кесене – Тілеулес ишан кесенесі секілді үш күмбезді кіреберіс бөлігі бар (кейіннен Сырдария өзенінің сағасында кең тараған) алғашқы кесенелердің бірі.<ref>Қ 18 Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б. ISBN 9965-26-382-5</ref>