Ақсақ Темірдің тасы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Ақсақ Темірдің тасы (түпнұсқа).jpg
Ақсақ Темірдің тасы (түпнұсқа).

Ақсақ Темірдің тасыҰлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи орын.

Орналасқан жері

Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде, Ұлытау тау жүйесінің батысындағы жеке тау массиві Алтыншоқы тауының шоқысында орналасқан.

Тастың табылуы және ондағы жазу сыры

Ақсақ Темірдің тасы – атақты қазақ геологы, болашақ КСРО ҒА-ның академигі Қ. И. Сәтбаев басшылығымен Орталық Қазақстанда жүргізілген экспедицияларының бірінде Ұлытау ауданы Алтыншоқы шоқысынан 1935 жылы тамызда табылған, екі тілде жазуы бар үлкен жартас сынығы. Таста бар болғаны екі жазу бар: үш жол арабша жазу, сегіз жол – шағатай тіліндегі жазу. Эрмитаждың ғылыми қызметкерлері – А. П. Григорьев, Н. Н. Телицын, О. Б. Фролова ұсынған нұсқасы бойынша аударманың соңғы нақтыланған нұсқасына сәйкес арабша жазудың мазмұны: "Рақымды да шапағатты Алланың атымен! Жер жүзінің әміршісі, шындықтың шамшырағы. Берік қорғаушы, бәрінен де күшті, бәрінен де құдіретті, өмір мен өлім сыйлаушы данышпан!". Шағатай жазуы осы авторлардың аударуында былайша беріледі: "Жеті жүз тоқсан үшінші жылдың жазы, қой жылы көктемнің ортаңғы айы [1391 жыл, 6 сәуір], Тұран сұлтаны Темір бек ислам діні үшін үш жүз мың әскермен бұлғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы аттанды. Осы жерге жетіп, ескерткіш белгі болуы үшін ол осы қорғанды тұрғызды. Алла беріп, жаратушы әділ төрелігін жүргізсін! Жаратушы ел халқына мейірімін төксін! Бізді ескеріп жарылқасын".
Бұл тамаша археологиялық олжа 1391 жылы нақты оқиғаны – Ақсақ Темірдің Алтын Орда ханы Тоқтамыс ханға қарсы жасаған жорығының жарқын куәсі болып табылады.

Шараф әд-дин Әли Йездидің XV ғасырдың бірінші ширегінде жазған "Зафар нама" – "Жеңіс кітабы" атты шығармасында Ақсақ Темірдің Дешті Қыпшаққа жасаған жорығының осы бір оқиғасы туралы былай дейді: "Айдың (15 IV) 21-і (аталған) сәрсенбісінде олар Қыпшақтау дейтін атақты тауға жетті және одан көшіп, 2 түннен кейін жұмада Ұлытау деген жерге барып тоқтады. Сол даланы көз қуантып көру үшін Темір таудың басына шықты; бүкіл жазық дала көкпеңбек болып жатты. Ол сол күні сонда болып, (сонан соң) сол жерге мұнара тәрізді биік белгі орнатуға жауынгерлерге тас әкелу үшін жарлық берді. Шебер тас қалаушылар сол кездің белгісі қалу үшін тасқа сол күннің уақытын қашап жазды". Халық аңызы да оқиғаны осылай өрбітіп, оны Алтыншоқы шоқысымен байланыстырады.

Тас орнының сипаты

Тас табылған Алтыншоқы шоқысы Ұлытау тауларынан солтүстік-батысқа қарай, ЖезқазғанАрқалық тас жолынан батысқа қарай 90 км, Саят ауылынан батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Аласа, биіктігі бар болғаны 50 м ғана және сыртынан қарағанда, жанындағы шоқылардан ерекше де емес. Бірақ оның үстінен сонау көкжиектегі көзге әрең шалынатын ойлы-қырлы дала келбеті алақандағыдай болып айқын көрінеді. Алтыншоқыны есте қалдыратын нәрсе – оның төбесінде қиық пирамида тәрізді жасанды тас үйіндісі айқын байқалып тұрады. Бұл тастағы жазуда айтылатын қорғанның қалдығы емес пе екен? Жанынан қарағанда қиық пирамида тәрізді үйіндінің ортасында ойық бар, бұл, сірә, қазба жұмысы салдары болуы мүмкін. Осы ойыстағы тастардың арасынан балқыған қождың кесектері кездеседі, бірақ оның мұнда қалай келгенін айту қиын.

Тастың түпнұсқасы және көшірмесі

Сурет:Ақсақ Темірдің тасы (көшірме).jpg
Ақсақ Темірдің тасы (көшірме).

Жазуы бар тас 1936 жылдан бастап қазірге дейін ол Ресейде, Санкт-Петербургтегі Эрмитажда "кат. 195.Темір аты жазылған тас. Алтын Орда. 1391" деген хаттау кодымен сақтаулы тұр.
1990 жылдардың екінші жартысында облыстық мәдени басқармасының бастамасы бойынша түп нұсқамен ұқсайтын екі жазу да жазылған көшірме-тас дайындалған болатын. Бұл тас қазір Алтыншоқы шоқысында тұр. Ол шоқының төбесіне жақын жердегі кішкене ғана тепсеңнің үстіне орнатылған. Оған үлкен трассадан жалғызаяқ жол барады. Фотосуреттен оның тек символикалық көшірмесін ғана көруге болады, ал, шын мәнінде, тастың түпнұсқасының формасы, түсі және фактурасы бойынша елеулі өзгешелігі бар.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер