Абдулла Жұмағұлұлы Ақаев
Абдулла (Әбілда) Жұмағұлұлы Ақаев (7 мамыр 1901, Махамбетов ауылы, Қызылорда облысы - 1959, Қызылорда) – әскери қайраткер. Қазақтан шыққан алғаш полковник шеніндегі әскери қайраткерлердің бірі.
Өмірбаяны
Абдулла 1901 жылы Қызылорда қаласының маңындағы Сырдария ауданына қарасты №4 ауылда (қазіргі Ж.Махамбетов ауылы) дүниеге келген. Туған ауылы Сырдария бойында орналасқан соң, әкесі Жұмағұл қайықшы болып халықты өзеннің басқа бетіне өткізетін.<ref name=":0">Қарабалаев А. Қызыл командир. – Сыр бойы, 2001. </ref>
11 жасында ата-анасынан айырылып, ағасының қолына Қоқан қаласына көшеді. Қоқандағы екі жылдық жоғары бастауыш училищесін бітірді.
Аттың үстінде мықты шабатын Абдулла 1918 жылы өз еркімен қызыл әскер қатарына жазылады. Басмашыларға қарсы шайқастарға қатысып, әскер таратылады. Бір жарым жылдан соң, 1920 жылы жұмысшы-шаруа қызыл әскер қатарына қайта қосылады. Атты әскер құрамында азамат соғысына қатысады.
1924 жылы Самара қаласындағы үшінші кавалерия мектебін бітіреді. Сол жылдан бастап Орынбордағы ҚазОАК атындағы біріккен әскери мектепте қазақ ротасында курсанттар взводының командирі болып оқыды.<ref name=":1">https://centrasia.org/person2.php?st=1325242826</ref>
1925 жылы Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясының қатарына кірді.<ref name=":1" />
1928 жылдан бастап Қазақ ұлттық кавалерия дивизионының қылышты эскадрон командирі болып әскери қызмет атқарған.<ref>Макипов А.С., Кудабаев Б.К. Опыт национального военного строительства в Казахской АССР в 20-е гг. ХХ столетия. – Вестник науки, 2018. </ref>
1928 жылы Қазақ АКСР ХКК мен ОАК төралқаларының шешімімен арнайы сыйлы қаруымен (револьвер) марапатталды.<ref name=":1" />
1938 жылдың 30 сәуірінде Қазақ АКСР Ішкі Істер Халық Комиссариатының Мемлекеттік Қауіпсіздік Басқармасы (Қазақ АКСР ІІХК МҚБ) Жұмағұлұлы Абдулланы қамауға алады. Бір жылдан астам уақыт бойы қамауда болып, 1939 жылдың 29 шілде күні ақталып шығады.<ref>https://base.memo.ru/person/show/2939455</ref>
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыса бастайды. Соғыс кезінде шені полковникке дейін көтеріліп, Ленин, Қызыл Ту, Ұлы отан соғысы ордендерімен, "Германияны жеңгені үшін" медалімен және тағы басқа марапаттармен наградталды.
Абдулла Ақаев Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған алғаш қазақ еді.<ref name=":0" />
Соғыс аяқталғаннан кейін, Алматыда әскери комиссар (военком) болып қызмет етіп, туған жері Қызылордаға көшеді. Мұнда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімін басқарады.
1959 жылы қайтыс болды.<ref name=":0" />
Қызылорда қаласында Абдулла Ақаев көшесі бар.
Отбасы
Кіші жүздің Жаппас руынан шыққан.
Әкесі - Жұмағұл. Отбасында 3 ұлдың екіншісі еді.
Ағасы - Ақаев Серікбай, Алаш қозғалысының қайраткері, Алаш заңгері. Серікбайдың балалары - Махфузбек, Мұхтарбек, Үгедей, Деляфруз.<ref>Айдаров Даниял, Шаянбаева Салима. "Айтылмайтын арыстар немесе көне суреттер не дейді?" – Qazaqstan Tarihy порталы, 2024.</ref>
Екі қызы болған: Ләйлә және Мәриям. Ләйләнің бір ұлы мен бір қызы бар. Ұрпақтары қазір Қызылордада тұрады.