Өзен мұнай-газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өзен мұнай-газ кен орны - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан оңтүстікке қарай 12 км, Ақтау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 150 км жерде. Аймақтық геология-геофизикалық жұмыстар 19531956 жылдары жүргізілді. Терең бұрғылау жұмыстары 1960 жылы басталып, 1962 жылы кен орны ашылды.

Геологиялық құрылымы

Кен орны жергілікті (локалды) көтерілім және күмбездер (Негізгі және Ортанғы, Хумурунск, Ақсай, Солтүстік-батыс, Шығыс Парсумурунск және Парсумурунск, Шығыс және Батыс Қарамандыбас) қатарымен күрделіленген батыс, солтүстік-батыс созылымның ірі брахиантиклиналдық қатпарына жатады. Жоғарғы бор (сеноман сатысы), төмгі бор (альбтік, аптық сатылары) және неоком, төменгі және ортаңғы юралық (келловейлік, баттық, байостық, аалендік сатылары) түзілімдердің өнеркәсіптік өнімділігі анықталған.

Жатыс сипаты

Өнімді қабат 1500 м-ге жетеді. Бор кешенінде таужынысы 12 газды, юра қабатында 13 газды және мұнай-газды горизонтқа бөлінеді. Өнімді горизонттардың басым бөлігі көп қабатты. Тұтқыш типі бойынша шоғырлар әр түрлі (көбінесе қабатты, дөңесті). Коллекторлары кеуекті, литолитті тұрғыдан құмтастар мен алевролиттерден құралған. Газды горизонттардың ашық кеуектілігі 26,8-30,6%, өткізгіштігі 0,2-0,4 мкм2. Өнімді горизонттардың жабыны қалыңдығы 2-60 м болатын саздардан тұрады.

Қанығу сипаты

Мұнайға қанығу коэффициенті 0,53-0,73, газға қанығу коэффиценті 0,5-0,6. Бастапқы қабат қысымы 11,2-19,35 МПа, температурасы 57-84°С, тығыздығы 0,844 – 0,874 г/см3.

Құрамы

Мұнай құрамындағы күкірт 0,16-2%, парафин 16-22,6%, шайыр 8-20%-ды құрайды. Еріген газ құрамы бойынша ортаңғы юра шоғыры ауыр көмірсутектерден (40-49%) тұрады, азот және көмірқышқыл газ бар. Газ телпектерінің бос газ құрамы әдетте ауыр, этанқұрамды және ауыр көмірсутектер көп мөлшерде кездеседі. <ref name="source1">Қазақ энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер