Әбдірахман Әйтиев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Әйтиев Әбдірахман (21.3. 1886, Орал облысы, Орал уезі, Қароба болысы, Сүгірбай ауылы (қазіргі Теректі ауданы) — 16.11.1936) — мемлекет қайраткері.

Әкесі Әйтей Құлмағамбетұлы кедей шаруа болған. Тегі — Жетіруға жататын кердері руы. Қароба болыстық бір кластық орыс-қазақ мектебін бітірді (1901). Орал уезінің 1-учаскесі төбе биінің (мировой судья) шабарманы және от жағушысы (1904); Орал уездік податтық инспекторының тілмәші (1906); Орал уезі 6-учаскесі төбе биінің тілмәші, іс жүргізушісі (1906); 1908-19 ж. ауылында егін шаруашылығымен айналысты; Орал қаласында төбе бидің аға іс жүргізушісі (1910-13); әскер аттары учаскесінің меңгерушісі, аң-құс құтқару қоғамының және әуе әскери флотын күшейту қоғамының мүшесі (1913-14). 1913 ж. әскери күш-көлік санағын жүргізгені үшін Ларго-Калуга поручигі Игнатьев тарапынан марапаттауға ұсынылған. Жалданбалы ауыл писары (1914); болыстық писарь (1915-17); 1910 ж. шамасында Б.Қаратаевтың көмегімен, «төлеңгіт ауылына» деп қоныс аударушылар үлесімен жер алып, Теректі маңынан Сүгірбай жатағын салуды ұйымдастырды. 1917 ж. қаңтарда болыс Бекше Қисықовпен бірге сайлауға түсіп, Қароба болысының басқарушылығына сайланды. 7 наурыздан меньшевиктер мен эсерлер құрған Жайық сырты бөлігі Ревкомының кооптациялық негіздегі төралқа мүшесі. 1917 ж. 20 наурызда комитет құрамынан шығып, Б. Қаратаев, Д. Кусепқалиев, Ы. Тоқберлинов, Ғ. Әлібековпен бірге Жайық сырты бөлігі азаматтық комитетіне төралқа мүшесі және ұйымдық хатшы болын сайланды. 1917 ж. сәуірде өткен 1-Орал облысы қазақ съезін ұйымдастырушылардың бірі. Съезде Қаратаев, Т.Әйтиев, М.Ипмагамбетов, М.Балтановпен бірге X. және Ж.Досмұхамедовтерге наразы топ құрамына кірді. Жер мәселесін Құрылтай жиналысына қалдырмай дереу шешуді, казак-орыстар иелігіндегі жерді қайтарып алуды жақтады. Оппозипиядағы топ атынан Ж.Досмұхамедовқа барып жолықты. Принципті мәселелерде тіл табыса алмағанымен, Жаншаға құрмет сезімін өмір бойы сақтады. 1917 ж. жазда Қароба болыстық земство управасының мүшесі және управа милициясының бастығы. Жайық өңірінде астықпен алыпсатарлық жасаушыларға қарсы күрес ісін ұйымдастырды. 1917 ж. шілдеде Ойыл бекінісінде өткен 2-Орал облысы қазақ съезінің делегаты. Сол жылғы күзде земство мекемелерін және құрылтай жиналысы делегаттарын сайлау науқаны кезіндегі пікір алшақтығына байланысты М.Ипмағамбетовпен бірге Орал қаласында солшыл эсер Холостов, майдангерлер Плотников, Операйло құраған Солдат, жұмысшы және шаруа депутаттары кеңесіне барып қосылды. 1918 ж. 18-қаңтарда, Қаратөбедегі З-Орал облысы қазақ съезімен бір мезгілде өткізілген Орал уездік жер к- тері съөзінің делегаты, осы съезде казак-орыстар иелігіндеғі жерді қазақтар мен орыс шаруаларына дереу беруді ұсынды. Орал рев. комитетінің тағайындауымен Жайық сыргы бөлігінде Кеңестер ұйымдастыру ісімен айналысты (1918, 20 қаңтар). Солдат, шаруа депутаттарының облыстық съезін ұйымдастырушы және съезд төралқасының мүшесі (1918, 6 наурыз). Осы съезде солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары Орал облысы кеңесі атқару комитетінің мүшесі және облатком төралқасы төрағасының орынбасары, халықтық күзет комиссары болып сайланды. Наурыз айының ортасында әскерге адам алу тапсырмасымен елге шықты және сол түста облатком төралқасы мен әскери коллегиясының шешімімен қудалауға түсті. 1918 ж. 29 наурыздағы Орал қаласындағы теңкерістен кейін Орал Войско үкіметінің әскери-дала соты тарапынан сырттай ату жазасына кесілді, осыған байланысты Қароба болысындағы Федоровка, Богдановка с-нда, Жымпиты ауылы түбіндегі Хакім Бекебасовтың үйінде жасырынып жүрді. 1918 ж. шілдеде Жымпитыдан Темір уезіне етті. Осында Ташкенттен келе жатқан Мұстафа Шоқаймен кездесті. Темір уездік земство управасы басшылары С.Қаратілеуов, Ғ. Есенғұлов және Н.Ипмагамбетовтің жөрдемімен Жұрын ст-на келді. Жұрын, Ақбұлақ төңірегінде Қызыл армия бөлімшелері қатарын толықтыру ісімен айналысты, Зиновьев басқарған Ақтөбе майданы қызыл әскерінің үгіт-насихат бөлімінде жұмыс істеді. 1918 ж. тамыз-желтоқсан аралығында Орал ревкомы мен Қызыл армия командованиесі құрған Богдановка астыртын ұйымының жеті адамнан тұратын жауынгерлік барлау тобының мүшесі, астыртын атқару комитетінің төралқа мүшесі. 25-Чапаев дивизиясының 3- бригадасының саяси бөлімінде жұмыс істеді (1919, қаңтар); Орал ревкомы үгіт-ұйымдастыру қосалқы бөлімінің және әскер қатарына тарту бөлігінің меңгерушісі (1919, ақпан); Орал ревкомы Ұлттар коллегиясының мүшесі және Қазақ атты ескер бригадасын ұйымдастырушылардың бірі (1919, наурыз); Қызыл армияның 1919 ж. көктемгі шабуылы кезінде облыс коммунарлар жасағы құрамында атты барлау жорықтарына қатысты; Орал губернаторы тетенше комиссиясының құпия-оперативті бөлімінің меңгерушісі (1919, мамыр); Жайық сырты белігінде Кеңестер ұйымдастыру бюросының мүшесі (1919, шілде); Чапаев дивизиясы құрамындағы Ілбішін ревкомының төрағасы (1919, тамыз), Ілбішін с-нда ақ казактар жойып жіберген Чапаев дивизиясынан тірі қалған үш адамның бірі; Орал облысының қазақ белігі мен Бөкей ордасын басқаратын Қазревкомның Орал бөлімшесінің мүшесі, бөлім меңгерушісі, төраға орынбасары (1919, қыркүйек); Қазревком мүшесі және Қазақ өлкелік ішкі істер комиссариатының меңгерушісі (1920, қаңтар), осы қызметте Батыс Алашорда үкіметін тарату ісімен шұғылданды, оның жауапты қызметкерлерін пайдалану мәселесінде Түркістан майданы командованиесінен бөлек пікірде болды, Батыс Алашорданы жойып жібермей, Қазәсревкомға қосуды жақтады. Кейінірек бұрынғы Алашорда қызметкерлерін Кеңес ісіне пайдалану мәселесімен айналысып, Б.Атшыбаев, К.Жәленов, А.Кенжин секілді қайраткерлерді қызметке алды, Семей ревкомы мен 5-армияның Ерекше бөлімі қамауға алған Семей алашордашыларын қорғауға белсенді қатысты; ҚАКСР ОАК-тың Сібір ревкомындағы өкілі (1920, қазан); Ақмола губернаторы ревкомының төрағасы (1920, сәуір); ҚАКСР Ішкі істер халық комиссары және ОАК төралқа мүшесі, Орталық әкімш. комиссиясының төрағасы (1921, қазан-1925, қаңтар); ҚАКСР Еңбек халық комиссарының орынбасары және еңбек қорғау бөлімінің меңгерушісі (1925, қаңтар); Өлкелік кеңес-партия мектебінің Батыс Қазақтандағы рев. қозғалыс жөніндегі лекторы (1925, қыркүйек); «Сырье» акционерлік қоғамының Қазақ бөлімінің басқарушысы (1926, қазан); РКФСР Мемл. сауда басқармасының Қазақстан және Батыс Қытай бойынша уәкілетті өкілінің орынбасары, оперативті бөлім меңгерушісі (1927, қараша); «Казторг» қоғамы басқармасының төрағасы (1928, наурыз), осы қызметте жүргенде орынбасары Деевтің (М.Қаратаевтың «Даладағы дабын» романының кейіпкері) үйымдастыруымен үстінен Ф.И.Голощекиннің атына «домалақ арыз» түсіріліп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтына әкімш.-шаруашылық бөлім проректоры етіп жіберілді (1930, қазан); ҚАКСР Орталық музейінің директоры (1931, ақпан); ҚАКСР Осоавиахим Орталық кеңесінің төрағасы (1932, сөуір); ҚАКСР Халкомкең консультанты (1933, мамыр); Алматы Мемл. қорығының директоры (1934, ақпан); «Ақкөл» курортының директоры (1934, қазан); Әулие-ата т. ж. бөлімшесінің фабрика-завод мектебінде мұғалім (1935, қазан). 1936 ж. 16-қарашада Жамбыл қаласында ұзаққа созылған науқаcтан қайтыс болды.

Әйтиев — Қазақстанның Батыс аймағындағы рев. қозғалыс және Азамат соғысы тарихын алғаш зерделеген авторлардың бірі. Оның қаламынан туған «Революционное движение в Уральской области», «Октябрьская революция в Уральской области» мақалалары осы тақырыптағы толымды еңбектердің бірі. Ұлы Тельман — тарих ғылыми кандидаты. Әйтиев атымен Алматы, Орал, Тараз қаласында көше аталған, 1992 ж. Орал қаласында ескерткіші (мүсінші Ю.Баймұқашев) орнатылды.<ref>Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002, ISBN 9965-607-02-8</ref>

Дереккөздер

<references/>


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Әбдірахман Әйтиев|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}