Құмкөл мұнай-газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Stamps of Kazakhstan, 2011-36.jpg
Құмкөл мұнай-газ кен орны ашылуының 25 жылдығына арналған марка қағазы

Құмкөл мұнай-газ кен орны - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында, Қызылорда облысы Қызылорда қаласынан солтүстік -шығысқа қарай 150 км және Павлодар-Шымкент мұнай құбырынан 230 км батыста орналасқан. 1983 жылы іздеу-барлау нәтижесінде анықталып, 1984 жылы алғашқы ұңғыманы бұрғылау барысында төменгі неоком түзілімдерінен мұнай алынған.

Геологиялық құрылымы

Кен орны тектоникалық жағынан Сорбұлақ көтерілімінің Арысқұм ойпатынан жапсарлас аймағындағы төменгі неоком мен юра түзілімдеріндегі қабаттардан тұрады.

Жатыс сипаты

Өнімді қабаттың тереңдігі 1063-1270 м. Коллекторлардың ашық кеуектілігі 19,3-23,7%, өткізгіштігі 0,17- 1,13 мкм2, мұнайға қанығу коэффициенті 0,58-0,71, газға қанығу коэффициенті 0,57-0,72. Бастапқы қабат қысымы 11,5-13,76 МПа, қабат температурасы 49-56 °С. 7 мм штуцерде мұнайдың тәуліктік өнімділігі 125,8 м3, газ 93,8 мың м3.

Құрамы

Бор және юра шоғырларының мұнайларының құрамы ұқсас. Тығыздығы 0,812-0,819 г/см3, күкірт 0,11-0,52%, парафин 10,8-11,5%, асфальтен 0,11-0,92 %, шайыр 4,8-8,42%. Газ құрамында күкіртсутек — 0,02-0,07%, азот — 3,1-10%, көмірқышқыл газ — 0,5-0,9% және гелий 0,01-0,1%. Қабаттағы сулар хлоркальцийлі, минералдылығы 49,784 г/л. Су құрамында бром, литий және стронций кездеседі. Кен орны игерілуде.<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref> <ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер