Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ҚР-ның Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы. Қазақстанның агр. ғылымын басқару түрлері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1941 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылды, ол 1957 жылдан 1962 жылға дейін Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы деп аталынды. Кейін аграрлық саладағы ғылыми-зертттеу институттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің (1962–1971) және ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің (1971–90) құзырында болды. Қазақстан Президентінің 1990 жылғы 14 желтоқсандағы жарлығына сәйкес ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесі мен республикалық және одақтық бағыныстағы ғылыми-зерттеу мекемелері негізінде қайтадан Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдар академиясы құрылды. Қазақстан Республикасы ғылымын мемл. басқару жүйесін жетілдіруге байланысты ҚР Президентінің 1996 жылғы 24 мамырдағы Жарлығы бойынша Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының базасы негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық академмялық аграрлық зерттеулер орталығы (ҚР ҰААЗО) құрылып, оған елдің агроөндірістік кешенін ғылыми-зерттеулермен қамтамасыз ету міндеті жүктелінді. ҚР ҰААЗО ҚР Білім және ғылыми министрлігіне бағынатын елдің агроөндірістік кешенін ғылыми-зерттеулермен қамтамасыз ететін жоғарғы ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші мекеме болып саналады. Ол сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы жануарларының, өсімдіктер мен микроорганизмдердің генофондын сақтау, дамыту және қолдану», «Қазақстан аймақтары бойынша 2001–2005 жылға арналған ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді, сақтау мен қайта өңдеуді, ғылыми қамтамасыз ету» бағдарламаларын жүзеге асырушы бас мекеме болып табылады. Аталған бағдарламалар ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 1 тамыздағы №1167 және 2000 жылғы 11 қыркүйектегі №1378 Қаулыларымен бекітілген. ҚР ҰААЗО-ның негізгі мақсаты – азық-түлік проблемаларын шешу үшін агроөндірістік кешен саласында ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрамында негізінен ҚР ҰААЗО-ның ғалымдарынан тұратын, аграрлық ғылымдағы жетекші ғалымдарды, оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының 17 акад-н, 25 корр. мүшелерін, 26 ғылыми докторлырын біріктіретін ауыл шаруашылығы ғылымдары бөлімшесі жұмыс істеді. Жалпы алғанда ҚР ҰААЗО жүйесінде 3372 инженерлік-техникалық және ғылыми мамандар қызмет етеді, 1383 ғылыми қызметкердің ішінде 130 ғылыми доктор, 540 ғылыми кандидат бар. Агроөндірістік кешенді ғылыми-зерттеулермен қамтамасыз ету мәселелерімен 29 институт, олардың екі бөлімшесі, 18 ауыл шаруашылығы, орман және ветеринарлық станциялар, 38 тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындар, республика ауыл шаруашылығы ғылыми кітапханасы, «Бастау» ғылыми басылым редакциясы, сондай-ақ елдің бірқатар жоғары оқу орындары айналысады.
ҚР ҰААЗО-ның негізгі міндеттері:

  1. агроөнеркәсіп кешені саласында ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу;
  2. агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық реформалардың ғылыми негіздерін жасау;
  3. жоғары өнім беретін өсімдіктердің сорттары мен гибридтерін, жануарлар тұқымдарын алу; ауыл шаруашылығы жануарларының, өсімдіктері мен микроорганизмдерінің құнды генофондын сақтау, дамыту және қолдану;
  4. ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтау үшін ресурс үнемдейтін жаңа технологиялар, машиналар мен құрал-жабдықтар жасау;
  5. ауыл, орман, су және балық шаруашылығын кешенді механикаландыру, электрлендіру мен автоматтандыру үшін машиналар жүйесін қалыптастыру, техника мен қалпына келтірілетін энергия көздерін тиімді пайдалану әдістерін жасау;
  6. ауыл шаруашылығында табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың ғылыми негіздерін жасау;
  7. агроөнеркәсіп кешенінің барлық салалары бойынша жоғары білікті ғылыми мамандар даярлауды ұйымдастыру;
  8. тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарда ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен гибридтерін (будандарын), жаңа технологияларды, машиналар мен құрал-саймандарды өндірістік сынақтан өткізу;
  9. ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді тұқымдарын, жануарлар тұқымдары мен тұқымдық топтарын көбейту және өткізу;
  10. ғылыми жетістіктер мен білімдерді насихаттау және тарату.

Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде соңғы жылдары ҚР ҰААЗО-ның ғылыми мекемелері өндіріске төмендегідей негізгі ұсыныстар енгізді: агроөнеркәсіп кешенін экономикалық дағдарыстан шығару іс-шаралары ұсынылған; шаруа қожалықтарының аймақтық үлгілері жасалып, оларды дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды; ауыл шаруашылығы дақылдарының 193 сорты мен гибриді жасалып, мемлекеттік сынақтан өтті, 277-сі мемлекеттік сынақтан өтуде; қазақстандық селекцияның жоғары сапалы сұрыптамалары пайдаланылып, ел аймақтары бойынша тұқым өсіруді ұйымдастыру құрылымы жасалды; жыл сайын дәнді дақылдардың 25 мың т, майлы өсімдіктердің 800–900 т, көп жылдық өсімдіктердің 450–500 т, картоптың 4,5–5,0 мың т сапалы тұқымдары өндіріліп, сатылады; ауыл шаруашылығы жануарларының 14 жаңа типі, түрлері мен тұқымдары өсіріліп сынақтан өткізілді; ауылда болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, жануарларды тұқымдық аудандастырудың жаңа жоспары құрылды; мал ш. салаларында ветеринарлық жағдайды жақсарту мақсатында 10 вакцина, 9 диагностикум және 3 емдік препарат жасалды; институттардың тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарында елде бар ауыл шаруашылығы өсімдіктері, жануарлары мен микроорганизмдерінің генофонды сақталған; 35 жаңа машиналар мен қондырғы, тракторлар мен комбайндардың агрегаттары мен бөлшектерін қалпына келтіру бойынша 14 технологиялық процесс, технологиялық-жөндеу құралдарының 15 үлгісі, жиналған астықты өңдеуге арналған 14 технол. жабдық жасалып, сынақтан өткізіліп, өндіріске ұсынылды; өсімдік шаруашылығы кешенді механикаландыруға арналған машиналар жүйесі ұсынылды; машина-технологиялық станцияларды (МТС) ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді; жергілікті шикізат негізінде емдік-сауықтыру қасиеттері бар 5 жаңа тағам өнімі, сыра мен шараптың 3 жаңа түрін өндіру технологиясы жасалды; халықаралық талаптарға сәйкес тамақ өнімдері мен шикізаттың негізгі түрлеріне Қазақстанның 42 стандарты жасалып бекітілді; зерттеу нәтижелеріне Қазақстан Республикасының 173 патенті және 58 авторлық куәлігі берілген.

2002 жылы желтоқсан айында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен ҚР Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталық таратылып, оның қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары шаруашылық жүргізу құқығындағы ғылыми-өндірістік орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары болып қайта ұйымдастырылды.<ref name="source1">"Қазақ Энциклопедиясы"</ref><ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}