Қазақстан Республикасының тағамтану институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

1974 жылы Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының негізінде КСРО Мед. Ғылым академиясы Тағамтану институтының Қазақ бөлімшесі ұйымдастырылып, ол 1988 жылы дербес КСРО Мед. Ғылым академиясының Аймақтық тағамтану мәселелері институтына айналады. Ашғабат, Душанбе, Бішкек және Нүкіс қалаларында бөлімшелерінің ашылуына байланысты институт 1991 жылы КСРО Медицина Ғылым академиясы Аймақтық тағамтану мәселелері ғылыми орталық мәртебесіне ие болды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасының Тағамтану институты» ЖАҚ болып қайта құрылды. 1979 жылы институт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтас 1-халықаралық тағамтану орталығы (қазіргі уақытта мұндай орталықтар саны не бары 27) болып танылды. 1995 жылдан бері дүние жүзінің 14 институтымен бірге тағамтану мәселелері бойынша БҰҰ университетімен ынтымақтастық орнатты, ал 1996 жылдан бастап 68 елдің өкілдері құрған Халықаралық тағамтану ғылымы одағының ассоциацияланған мүшесі. Институт – ЮНИСЕФ-тің Орталық Азиядағы кеңесінің, ҚР Үкіметі жанындағы тағамтану мәселелері бойынша республика кеңестің, Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының, Қазақ балаларды тамақтандыру қорының, Денсаулық сақтау министрлігінің биологиялық активті тағам қоспалары бойынша сарапшылар кеңесінің бас мекемесі. Институт Орталық Азия аймағындағы тамақтанудың медико-биологиялық мәселелері бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулердің барлығын ұйымдастырады.
Институттың негізгі ғылыми жұмыстарының бағыттары мен басты мақсаты:

  1. Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық тағамтану саясатының концептуалды негіздерін ғылыми тұжырымдау;
  2. халықтың әр түрлі жыныстық-жастық, әлеуметтік және кәсіби топтары үшін негізгі қоректік заттар мен энергияға деген физиологиялық қажеттілік нормаларын белгілеу және нақтылау;
  3. негізгі алиментарлық-тәуелділік сырқаттары мен микронутриенттік тапшылықтың таралуын зерттеп білу және алдын-алу;
  4. сәбилерді емшек сүтімен тамақтандыруды қолдау және кеңінен насихаттау; метаболизм кезіндегі нутриентаралық өзара қарым-қатынастар механизмін анықтау, ксенобиотиктер мен дәрі-дәрмектің әсерлерінің алиментарлық түрленуін зерттеп білу;
  5. әр түрлі патологиялық сырқаттар кезіндегі организмнің иммундық-аллергиялық сезімталдығын, биохимиялық процестерді және биоценозды нутрициональды жолмен жоюдың теор. негіздерін зерттеу;
  6. жаңа арнайы және балалар тамағы өнімдерін, биол. активті тағам қоспаларын жасау; жаңа емдік диеталар мен азық-түлік рациондарын негіздеу;
  7. тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын сертификаттау, олардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылау әдістерін жетілдіру.

Институт докторантурасы мен аспирантурасында гигиена, биохимия, иммунология және аллергология, педиатрия, микробиология, ішкі ағза аурулары, т.б. мамандықтар бойынша жоғары білікті ғыл. мамандар даярланады. Институт жанынан ғылыми-өндірістік бірлестік – Бала тағамы орталығы ашылған. Оның құрамында балалар мен емдік-профилактикалық тамақ өнімдері өндірісі, консультативтік-диагностика бөлімі жұмыс істейді, болашақ және босанған аналарға балаларды тамақтандыру мәселелері жөнінен оқу курстары ұдайы жүргізіліп отырады.


{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}