Тiлеуке Құлекеұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шал (Тілеуке) Құлекеұлы, Шал ақын (1748, бұрынғы Көкшетау облысы Азат темір жол бекеті1819, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы аумағы) — қазақтың төкпе ақыны.

Әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Шалдың өлең, жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. Бұлардың бәрінде дерлік жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып сөз болады («Ата-ананың кадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» тағы басқа).<ref>Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5</ref> Шалдың енді бір алуан жырларында жас пен кәрі сипаттарынан тыс, моралдық, этикалық қатынастарда ұтымды бейнеленеді («Кәрілік туралы», «Жастықты көксегені», «Он бес деген жасым-ай», «Елу ердің жасы екен», «Жаманға дәулет бітсе ауа айналар», «Екі арыстан жабылса дәуді өлтірер», «Айтайын бір аз кеңес» тағы басқа)- Шал кезінде ел өмірінде елеулі орын алған айтыс-кағыстарға қатысып отырған. Бұлардан оның ұшқыр киялды тапқырлығы мен от ауызды, орақ тілді алғырлығы да мол көрінеді («Шал мен қыз», «Бәйбіше мен Шал», «Шал мен жігіт», «Шал мен келіншектер» тағы басқа). Бір топ жырлары «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962 ж.), «Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж.), «Алдаспан» (1971 ж.), «ХV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982 ж.), «Бес ғасыр жырлайды» (1984 ж.) жинақтарына енді. <ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IX том 18 бөлім</ref>

Суырып салма ақындық таланты 15 жасында оны даңққа бөлеп, сол кездің өзінде халық Шал ақын ауылы (кәрі, дана) деп атаған. Оның шығармашылық таланты бүкіл Сарыарқаға кеңінен жайылды. Ақын адамгершілік үшін күресіп, қоғамдағы әділетсіздіктерді шындық тұрғысынан айтып, сынады. Оның «Шал мен дегдар қыз», «Шал мен Күлтімжан қыз», «Жігіт пен шал», «Шал мен кемпір» шағын айтыстары мен «Ата-ананың қадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» және басқа өлеңдері сақталған. Шал ақынның көптеген шығармалары, соның ішінде тарихи аңыздар мен әңгімелерге бай қазақ халқының шығу тегі жөніндегі эпикалық шығармасы сақталмаған. Шал ақынның белгілі өлеңдері 20 ғасырдың 60-жылдарынан бастап баспа бетінде жарық көрді, жеке шығармалары орыс тіліне аударылды.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9</ref> Есімі Солтүстік Қазақстан облысының аудандарының біріне берілген.

Шал ақын қазақ халқының аса бір ерекше құндылығы - перзенті де сөз етіп, жырлайды, табиғат құбылыстарымен салыстырады: жер-боз, қой-қозы, ағаш-жапырақ, құс-жұмыртқа, тау-бұлақ, ешкі-лақ, көл жағады жасыл құрақ. Бұл табиғаттағы келісімділік адам өмірінде де болу керек екенін айтып, өзінің перзентсіз болғанын зарлы түрде жырлайды:

"Бір жаратқан пенденмің,
Перзент үшін жылаттың.
Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар зарлайды,
Балалыны көргенде
Екі көзім жайнайды,
Ішім оттай қайнайды!"


Тағы бір өленінде айтқаны: босағасын алтыннан соқсаң-дағы перзент сүймей адамның мейірі қанбас. (128б.). Ел болудың басты шарты – отбасында перзент болуы. Ел болу үшін қазақ дәстүрі бойынша отбасында баланың көптігі керек. Халық санын (қазақ санын) көбейту бүгінгі Қазақстанның демографиялық мәселесі. Ата-ана – қазақ халқының дәстүрлі құндылығы, ол түркі халықтарының қасиетті құнды жері – Мекке және Мединеге теңестіріледі:

Ата менен ананды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші (128б).
Жас ұрпақ ата-анасын тыңдап өссе, ел азбайды.

Ұрпақ ұштастығы – халықтың дәстүрлі құндылығы. Шал ақынның бір сөзінде осы құндылықтың мазмұны былай ашылған:

Жетесіз туған жігіттер
Жиырма бесте жас болар. (130б)
Жетесі жаман бозбала
Тоқсандағы шалмен тең (138б)

Бала - әкеге тірек болу керек деген дәстүрлі құндылық «Баласы жаман туғанның әкесін түйе үстінде ит қабар» деген сөздермен көрсетілген.

Толығырақ

Сурет:Shallakyn.jpg
Шал ақын

Зерттеушiлердiң айтуы бойынша Шал ақынның тұңғыш өлеңi - «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң». Бұл өлеңдi ақын шығармашылығының басы деп жүр. Өлеңнiң шығу тарихы былай екен. Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрауға барғанда баласы Шалды ертiп барады. Хан бала Шалдың көзiнше: «Iшi боқ, сырты түк сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?» - деген сөз айтады. Таңертең ерте тұрған Шал ханның қойшыға сазға батып, отарға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап алып кет дегенін естіп қалады. Шал кетерiнде хан екен деп қысылмай, өлеңдетiп, малжандылығын бетiне айтады.

«Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң,
Болмайды қойға пана тал дегенiң.
Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап,
Хан ата, қалай екен мал дегенiң?
Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi,
Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi.
Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен,
Хан ата, қалай екен малдың күшi?»

-дейдi. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырдың бәйге атын қайтарып, оған қоса бір жылқы беріпті. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң ақындық атын шығарған екен. Осыдан былай Шал ақындық жолға көшедi, дарынды суырып салма ақын болады. Оның суырып салмалық өнері осы жанрдың бейнесі болып табылады. Ол поэзиялық сөз жарыстардың шебері, көптеген айтыстарға қатысқан. («Шал ақынның қызбен айтысы», «Бәйбіше мен Шал ақынның айтысы», «Шал ақын мен жігіттің айтысы», т. б.). Ертерек дәуiрлерден қалыптасып, жалғасып келе жатқан ақындық дәстүрдi ХVШ ғасырда өмiр сүрген Тәтiқара, Көтеш ақындардан кейiнгi қазақ поэзиясын дамыта түседi. Оның бұл салада қосқан үлесi үлкен. Өлең термелерi, толғау тақпақтары сан жағынан мол, сапа жағынан мазмұнды, көркем және тақырыбы да кең. Шал ақын қазақ поэзиясындағы лирикалық өлең жанрын, өз замандастарымен салыстырғанда, жан-жақты толықтыра түсiп, көркемдiгiн арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда оны толғауды көркемдiк шегiне жеткiзе бiлген Бұқар жыраумен ғана салыстыруға болады. Сондықтан да кейiнгi кезеңдерде өмiр сүрген ақындар Шал ақынды ұстаз тұтты. Шал ақынның өлең, жырлары кезiнде ел арасына кеңiнен таралған. Шалдың бiзге жеткен шығармалары негiзiнен әр жерде әр түрлi себептермен суырып салып айтқан шағын өлеңдерден тұрады. Терме-тақпақтары, нақыл сөздерi, сөз қағыстары да баршылық. Шалдың ұзақ эпикалық жырлар шығарғандығы, қазақ халқының шежiресiн өлеңмен жазғаны да Шоқан Уалихановтың еңбектерiнен белгiлi. Шал ақынның мұралары бізге толық жетпеген, жеткендерінің өзі бір жарым мың жол ғана. Адамның артықшылығы, жақсылығы көпке, туған елге пайдалы болуында деп қорытынды жасайды. Ашқарақ, сұғанақ, арызқой, пасық адамдар тобына да ақын қадала түседi. Өзiмшiл, күншiл пасықтарға жаны таза жақсы адамдардың адал ниеттi iзгi iстерiн қарсы қоя жырлап, бiрiнен жирендiрiп, екiншiсiнен үйренiп, үлгi-өнеге алуға үндейдi. Ол шығармаларын аяқ астына шығарып отырған. Ақын өзi өмiр сүрген дәуiрдiң өзектi мәселелерiн жырлаған. Өлеңдерiнiң көбi мақал-мәтелдерге, нақыл сөздерге, дiни ұғым сөздерге, бейнелi сөз тiркестерiне толы. Шал ақын - өз заманының беделдi ақыны. Оның өлеңдерi өз кезiнiң өзектi мәселелерiн көтерiп, халыққа адамгершiлiк ақыл-ғибрат бередi. Шал ақынның алғаш рет 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 5 санында бiр ғана өлеңi, 1958 жылғы 28-шi қарашада «Қазақ әдебиетi» газетiнде белгiлi қаламгер Ғалым Малдыбаев жариялаған сегiз өлең мен «Шал ақын кiм» мақаласы жарық көрді. Шал ақынның кейбір шығармаларын кезінде М.Хакімжанова, Ф.Ғабитова, А.Нұрқатов, тағы басқалар ақсақалдардың ауызша айтқандарынан хатқа түсірген. Шал ақынның бірнеше шығармасын, Қазақстаннан тыс жерде Хасен Шаяхметұлы Ғали атты түркi халықтарының тiлi мен әдебиетiнiң бiлгiрi, үлкен ғалым XX-ғасырдың басында жазып алған, оның қолжазбасы Қазан университетінің Н.Лабочевский атындағы ғылыми кітапханасында сақтаулы. Шал ақынның шығармалары негізінен 1960 жылдан басылып шыға бастады, сол кездері оның шығармалары туралы ғылыми-зерттеу мақалалары да жарияланды. «ХVІІ-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармалары» (1962), «Үш ғасыр жырлайды» (1985) басылымдарының алғы сөздерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор И.Дүйсенбаев Шал ақынның шығармаларын Бұхар жырау, Тәттіқара, Ақтамберді есімдерімен қатар қояды. Шал ақынның мұраларын әдебиеттанушылар - Х.Сүйеншәлиев, М.Мағауин, Г.Абетов, Ш.Елеукенов, Ә.Дербісәлин, Ө.Күмісбаев, тағы басқалар зерттеген. Шал ақынның шығармалары жоғарыда аталған басылымдардан басқа «Алдаспан» (1971), «ХV-ХVШ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985-1989) жинақтарына енген. 1999 жылы Алматының «Дайк-Пресс» баспасынан «Шал Құлекеұлы» (Шығармалары. Зерттеулер) атты 364 беттiк көлемдi кiтап басылып шыққан болатын. Кiтаптың алғы сөзiн жазған филология ғылымдарының докторы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми жетекшiсi Жұмат Тiлеповтың айтуынша: «Шығармаларын үлкеннен кiшi, ұрпақтан ұрпақ жаттап, есiмi ғасырдан ғасырға өлмей жетiп отырған Шал Құлекеұлы туралы алғашқы жазба дерек Шоқан Уәлиханов еңбегiнде кездескенімен, ақынның бүкiл шығармашылық болмысын танытарлық туындыларының негiзiнен хатқа түсiп, зерттелiп қалың оқырманмен кеңiнен жүздесуi - соңғы 40-50 жылдың жүзi». Туғанына 250 жыл толған арқалы ақынның өз атымен тұңғыш рет жоғарыда аталған жинақ шықты. Жинақ негiзiнен үш бөлiмнен құралған. Соңғы шыққан «Шал ақын» («Арыс», 2003) басылымына Шал ақынның қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары, белгілі ғалымдардың ғылыми мақалалары енгізілген. 1998 жылғы қазанның 25 күні Петропавл қаласында Шал ақынның 250-жыл толуы құрметіне Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, қарашада Алматыда ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Шал Құлекеұлы және ақындық өнер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, облыс орталығында, ақынның туған ауданында оның 250-жылдық мерейтойына арналған әртүрлi өнер сайыстары, айтыс, тағы басқа шаралар өткiзiлдi. 1999 жылғы желтоқсанның 14-де Елбасының Жарлығымен ақынның туған ауданы «Шал ақын ауданы» деп аталды.

Дереккөздер

<references/>

Тағы қараңыз

Үлгі:Stub:Қарағанды облысы:Энциклопедия