Туберкулез мәселелері ұлттық орталығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Туберкулез мәселелері ұлттық орталығыҚазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми-зерттеу мекемесі.

Тарихы

  • 1932 жылы Алматы туберкулез диспансерінің негізінде құрылған.
  • 1998 жылдан Туберкулез мәселелері ұлттық орталығы деп аталады.

Орталық құрамы

Орталықтың құрамында:

  1. туберкулезге қарсы шараларды ұйымдастыру мен жоспарлау;
  2. бастапқы және созылмалы туберкулез;
  3. рецидив (аурудың қайталануы) және дифференциалды диагностика;
  4. балалар мен жасөспірімдердегі өкпе туберкулезі;
  5. фтизиохирургия;
  6. өкпеден тыс туберкулез (остеохирургия, гинекологиялық және урологиялық топтармен);
  7. эпидемиология және микробиология, зертханалық диагностика (патоморфология, иммунология мен клиникалық және экспресс тобымен) бөлімдері бар.

Орталықта туберкулез ауруына шалдыққандарды емдейтін 10 клиникалық бөлімше жұмыс істейді, онда бір мезгілде 465 адам емделеді (2005). Сондай-ақ диссертациялық кеңес (докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалады) пен фтизиатрия саласына мамандарды сараптайтын арнайы комиссия бар.

Ғылыми бағыттары

Негізгі ғылыми бағыттары:

  • Қазақстанның жеке өңірлеріне тән туберкулез эпидемиологиясын зерттеу;
  • туберкулезден арылу шараларын бір жүйеге келтіріп, одан әрі жетілдіру;
  • туберкулездің дәріге төзімді түрін емдеу жолдарын, туберкулез дертіне ішектің дисбактериозының әсерін анықтау;
  • туберкулез микобактериясының бета-лактамазаға бейімделу белсенділігі негізінде балалар мен жасөспірімдердегі туберкулез түрінің дәріге төзімділігін емдеудің жаңа жолдарын жетілдіру;
  • дәрімен, хирургиялық жолмен, дерттің патогенезіне қарай емдеу әдістерінің тиімділігін арттыру.

Орталықта республика бойынша туберкулезбен ауыратын науқастарды есепке алу және оларды бір орталықтан бақылап отырудың автоматтандырылған жүйесі ұйымдастырылған. Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында өкпе туберкулезі, сүйек-буын, бүйрек және жыныс органдарының ауруларына хирургиялық операция жасалады. Орталығы облысы, ауданы денсаулық сақтау мекемелеріне әдістемелік және тәжірибелік тұрғыдан көмек көрсетіп отырады. Орталықта 10 медициналық ғылыми докторлық, 29 кандидаттық, 58 тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді (2006). 50-ден астам ғылыми еңбектер жинағы, 35 монография шығарылып, орталығы ғалымдарына 60-тан астам авторлық куәлік берілді. 2002 жылдан бастап “Фтизиопульманология” журналы шығарылып, ол Қазақстанның барлық облысы орталықтарына таратылады. Орталықта Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткерлері В.И. Зюзин және Ә.А. Терлікбаев, алғашқы қазақ хирургтарының бірі Т.Қараменде жұмыс істеген.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, VIII том</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер