Молекулалық биология және биохимия институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Молекулалық биология және биохимия институты – Қазақстандағы бірден бір, ТМД елдері мен бүкіл дүние жүзіне танымал молекулалық биология, молекулалық генетика мен биоинженерия бойынша жетекші орталық. Негізгі ғылыми бағыттар бойынша жүргізілген зерттеулер қазірдің өзінде мед. мен ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда. Белок биосинтезін молекулалық реттеу механизмдері саласында дүние жүзінде теңдесі жоқ нәтижелер алынды. Тұңғыш рет жоғары сатыдағы өсімдіктерде рибонуклеопротеидті бөлшектер – информосомдардың барлық кластары ашылып сипатталды; олардың биогенезі және өсімдіктің эмбриогенезі мен дамуы барысында ақуыздың биосинтездік реттелуге қатысуы зерттелді; белсенді қызмет атқаратын гетерологиялық гибрид (будан) рибосомалар жасалды. Трансляцияларды қоздыру факторлары деңгейінде белоктің биосинтездік реттелуін зерттеу негізінде жануарлар мен өсімдіктер арасындағы елеулі айырмашылықтар анықталды. Қазақстан ғалымдары ашып, жеке зерттеу бағытына айналған өсімдіктекті төменгі молекулалы қоспалар – жоғары сатыдағы өсімдіктер геномы экспрессиясын биореттеуіштерін зерттеу басқа ғыл. мекемелерде дамытылды. Институт ғалымдары Қазақстанда тұңғыш рет жаңа бағыт – адам геномы және тұқым қуалайтын аурулардың молек. механизмдері, адамның популяциялық генетикасы зерттеліп, науқас адамның ДНҚ-ндағы мутациялар мен басқа өзгерістерді тоқтату бойынша біршама оң нәтижелер алынды. Институт ғалымдарының жоғары біліктілігі арқасында палеогеномиканың – археологиялық қазба материалдарының негізінде ДНҚ-ны зерттеудің негізі қаланды. Бұл қазіргі Қазақстан аумағын қоныстанған халықтардың этногенезі мен этн. тарихы мәселелерін зерттеуге мүмкіндік берді. Қазіргі заманғы биология ғылымының жаңа бағыты – компьютерлік генетика мен биоинформатика дамыды, соның нәтижесінде фитопатогенез бен тұқым қуалайтын ауруларға төзімділікті туғызатын ДНҚ тізбектері мен гендер іздестірілді. Қатерлі ісікке қарсы табиғи иммунитеттің реттелуі туралы жаңа түсініктер теория жүзінде және эксперименттік негізде дәлелденді; микробтық және жануартекті ақуызды антигендерге гибридомды технология әдісін қолдану арқылы алынған моноклоналды антиденелер негізінде медицина мен эксперименттік биология қажеттіліктеріне арналған диагностикалық тест жүйелері құрылды. Институтта жасалған биоинженерлік зерттеулерді жүргізу моделі – аса маңызды ауыл шаруашылығы дақылдарының клеткалы түрлерін алу технологиясы бірқатар академиялық институттар мен мекемелерде биотехнология әдістерін қолдануға түрткі болды. Дақыл клеткаларын патогендерге төзімді бидайды сұрыптауға қолдану мүмкіндігі негізделіп, бидай мен жүгерінің генетикалық өзгеруін ұдайы өсірудің тиімді жүйесі құрылған. Алғаш рет бидай мен картоптың іn vіtro клеткалары негізінде құрылған космостық биология мен биотехнология жөнінен бірегей бағдарлама жасалып, оны «Мир» ғарыш кемесінде 1991–2000 жылы ғарышкерлер Т.О.Әубәкіров пен Т.А.Мұсабаев, бірқатар ресейлік экипаждар орындады, ал 2001 жылы жаңа халықаралық ғарыш станциясында Мұсабаев өзінің үшінші сапарында алынған нәтижелерді тағы да тексерді. Институтта өткізілген ірі халықаралық конференциялар мен симпозиумдар, халықаралық алдыңғы қатарлы басылымдарда жарияланған еңбектер, шетелдік патенттер – бұл ғылым ордасы ғылыми жетістіктерінің әлемге танылғандығының куәсі. Институтқа академик М.Ә.Айтхожин есімі берілген.

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}