Геологиялық ғылымдар институты

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ИНСТИТУТЫ(ГИН), ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты, КСРО ғылым академиясының Қазақ филиалы негізінде 1940 ж. ұйымдастырылған республикадағы тұңғыш академиялық ғыл.-зерт. ин-ты. Ин-ттың негізін қалаған әрі бірінші директоры — академик Қ.И.Сәтбаев болды.

Тарихы

1940 жылы КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің геологиялық секторы негізінде Геологиялық ғылымдар институты ұйымдастырылған. Институт 2-дүниежүзілік соғыс жылдары қалыптасты. Соғыс уақытындағы зерттеулер елдің қорғаныс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталды. Институтта іске асырылған Орталық Қазақстан, Алтай, Қаратаудың марганец, мыс, полиметал және сирек металдар кен орындарын игеру жұмыстары Орал, Сібір,Қазақстан мен Орта Азияның қорғаныс зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Соғыстан кейінгі жылдары институтта геологиялық ғылымының басым бағыттары дамытылды. Олар: аймақтық геология, тектоника, минералогия және Жер қыртысының геологиясы, металлогения, кенді аудандарды кешенді зерттеу, мұнай мен газ кен орындарының геологиясы.

Ғылыми бағыттары

Қазақстанның аймақтық геологиясын зерттеу, оның ішінде геология түсірілім мен аймақтық картография, стратиграфия, палеонтология, тектоника, литология, геморфология, петрология – институт қызметінің негізгі бағыттары болып келеді. Соңғы онжылдықтағы ғыл. жұмыстарды жеделдету тұжырымдамасы және Жер қыртысы мен мантияның терең құрылысы жөніндегі жаңа деректердің нәтижесінде зерттеулер қарқыны жаңа екпін алды.

Ин-ттың басты ғылыми бағыттары: Қазақстанның кенді аудандарындағы Жер қыртысы мен литосферасының геол.-геофиз. ерекшеліктері; металлогения; кен түзілу процестері және респ-ның кенді аудандарын кешенді зерттеу; энергетикалық шикізат (мұнай, газ, көмір, жанғыш сланец) кен орындарының геологиясы; бейметалл кендер геологиясы; геоэкология. Ғыл.-зерт. жұмыстары ин-ттың аймақтық геол., стратиграфия және палеонтол., петрол., геоморфол. және атмосфераны қорғау, литология және жанғыш шикізаттар, геофиз., минерал. және геохим., кенді аймақтар бөлімдері мен лабораторияларында, сондай-ақ ин-ттың Өскемендегі, Ақтаудағы және Щучинскідегі бөлімшелерінде орындалады. Барлық ғыл.-зерт. бағыттары бойынша Қазақстан геологиясы мен минерагениясын құрайтын іргелі және қолданбалы нәтижелер алынды. Ин-тта жүргізілген стратиграф. және палеонтол. зерттеулердің (Р.А.Борукаев, Е.Д.Шлыгин, В.Ф.Беспалов, С.М.Бандалетов т.б.) нәтижесінде респ. аумағындағы геол. қабаттардың стратиграфиясы нақтыланды, ал кейбір қабаттардың стратотиптері (мыс., төм. кембрий) әлемдік эталон ретінде халықар. деңгейде қолданылады. Қазақстан аумағындағы магматизмді жете зерттеу әр түрлі типті құрылымдарда магмалық процестердің дамуын анықтауға мүмкіндік берді (Н.Г.Сергиев, В.К.Монич, Т.Шолпанқұлов, А.Нұрлыбаев, Г.Ф. Ляпичев, Қ. Әбдірахманов, т.б). Қазақстан тектоникасын зерттеу нәтижесінде иілімдік құрылымдар мен терең жарылымдардың даму модельдері жасалды, респ. аумағы құрылымдық-фациялық негіз бойынша аудандастырылды (Н.Г.Кассин, Г.Ц.Медоев, А.Қайыпов, Г.Н.Щерба, Е.И.Паталаха, т.б.). Әр түрлі геофиз. зерттеу әдістерін ұштастыру, оларды геол. әдістермен бірге қолдану нәтижесінде Жер қыртысының терең қабаттарының құрылымы анықталды, кен орындарын іздестірудің жаңа критерийлері жасалды (Д.Н.Казанли, Б.М.Оразаев, Д.Әлмұханбетов, А.Н.Антоненко, Н.И. Көшербаев, Ш.Б.Бермұханов, М.Ш. Өмірсеріков, т.б.). Негізін Қ.И.Сәтбаев салған металлогениялық зерттеулер нәтижесінде металл топтары бойынша (қара, түсті металдар, полиметалдар) болжамдық-металлогендік карталар тұрғызылды. Бұл карталардың жаңа кен орындарын іздеу-барлау үшін маңызы зор болды. “Қазақстан металлогениясы және маңызды кенді аймақтарды кешенді зерттеу” тақырыбы бойынша жүргізілген жұмыстарға КСРО Мемл. сыйл. (1985) берілді (А.А.Абдулин, А.Қайыпов, В.Г.Ли, Г.Ф.Ляпичев, Л.А.Мирошниченко, Е.И.Паталаха және Г.Н.Щерба). Құрамында күмісі бар кен орындарының негізгі типтері, ең басты алтын кенді аудандар анықталды (Қазақстан Мемл. сыйл., 1995; Х.А.Беспаев, Т.М. Жәутіков, В.Н.Матвиенко). Минералдардың типоморфтығы, табиғи парагенезисі, белдемділігі, қоспалары туралы алынған жаңа мәліметтер кендердің түзілуі бойынша іргелі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді (Т.А.Сәтбаева, Б.И.Вейц, Е.А.Анкинович, Н.М.Митряева, М.К. Янулова, М.М.Қайыпова, М.Қ.Сәтбаева, т.б.). Кентастарды геохим. әдістермен іздеудің теориялық негіздері жасалды (Х.А.Беспаев, А.Н. Литвинович, К.М. Мұқанов, Н.Г.Сыромятников, т.б.). Г. ғ. и-нда қалыптасқан сейсмостратиграфия саласының іргелі маңызы бар, ал мұнда құрастырылған стратиграфиялық сұлбалар респ-да мұнай-газ кендерін іздестірудің сенімді негізі болды. Оңт. Торғай мұнай-газ алабын, оның ішінде Құмкөл мұнай кенін ашқаны үшін ин-ттың 7 қызметкері “Кен орнын тұңғыш ашушы” белгісімен марапатталды. Мұнай геологиясы саласында жүргізілген зерттеулер әлемдік деңгейге шықты (П.Я.Авров, Э.К.Азнабаев, А.Б.Ли, П.Т.Тажибаева, М.М.Маташев,Э.С.Воцалевский, С.М.Оздоев, Х.Х.Парагульгов, т.б.). Көмір геологиясы саласы бойынша Қарағанды мен Екібастұз көмір алаптарының дәл карталары құрыстырылды, қорлары болжанды (Г.Л.Кушев, Т.М. Азизов, И.Н.Рощин, т.б.). Басқа ғыл.-зерт. ин-ттарының мамандарымен бірлесе отырып, Арал, Каспий, Жетісу өңірлерінің экол. апатқа ұшыраған аудандарының табиғи қорлары мен экол. жағдайлары туралы тақырыптық карталар (инж.-геол., гидрогеол., жаңа тектоник. құрылымдар, топырақ пен өсімдік жамылғысы, антропогендік процестер, т.б.) құрастырылды (1992-97). Қазақстанда кездесетін кен түрлері бойынша (мұнай-газ, алтын, қара металдар, т.б.) барлық кен орындарының сипаттамалары берілген 10 анықтамалық басылымдар шығарылды (1994—96, А.А.Абдулин, Х.А.Беспаев, С.Ж.Дәукеев, Л.А.Мирошниченко, т.б.). Ин-тта респ-дағы ең ірі геол. музей жұмыс істейді. Ин-т Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, 1964 ж. акад. Қ.И.Сәтбаевтың есімі берілген.

Марапаттар

Институт ғалымдарының өндірістік және басқа ғылыми ұйымдардың геологтарымен бірлесіп, «Қазақстан металлогениясы және басты кенді аудандарды кешенді зерттеу» мәселесі бойынша көп жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстары 1985 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Геология мен металлогения саласындағы елеулі еңбектері үшін институт қызметкерлері мәртебелі сыйлықтармен марапатталған. Атап айтқанда:

  1. Лениндік сыйлық – 8,
  2. КСРО Мемлекеттік сыйлығы – 13,
  3. Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы – 15,
  4. Қазақ КСР-і Министр Кеңесінің сыйлығы – 9,
  5. Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлық – 5,
  6. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық – 3,

КСРО Ленин комсомолы сыйлығы – 1 адамға берілген. Институт Еңбек Қызыл Ту орденімен (1967) марапатталған.

Халықаралық қатынастары

Институттың халықаралық шығармаларына байланыстары дамып келеді. Оның ғалымдары ЮНЕСКО арқылы, «Литосфера», «ЭЛАС жобалары» бойынша көптеген елдермен бірлесіп, ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жасап, геология зерттеулер жүргізіп келеді. ҚХР, АҚШ-пен тікелей екіжақты ынтымақтастық орнатылған. Институт ғалымдары халықаралық геологиялық форумдарға (1964, 1968, 1976, 1980, 1984, 1988, 1992, 1996, 2000), тас көмір стратографиясы мен геологиясы (1975), палеонтология (1971), геохимия (1971) комиссияларына белсене қатысуда, саз бен сазды минералдарды зерттеу, кембрийге дейінгі тектоника бойынша өткізілген халықар. конференцияларға, ордовик пен силур жөнінен өткізілген симпозиумдарға, халықаралық геофизика одағының ассамблеяларына, т.б. қатысты. Негізгі кен байлықтары бойынша дүниежүз. іс-тәжірибеде тұңғыш рет іргелі зерттеулер негізінде құрастырылған монографиялар, анықтамалықтар (35), Қазақстанның минерагендік картасы, Қазақстанның мұнай-газ қорын болжау картасы, Қазақстанның терең тектоник. құрылымының картасы, Қазақстанның геологиялық картасы, Оңтүстік-Батыс Алтай мен Семей полигонының геология және металлогендік карталары Бразилияда өткен 31-халықаралық геологиялық конгресте көрсетіліп, әлем мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болды.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}