Бердімұратов Темерхан Байбосынұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Бердімұратов Темерхан Байбосынұлы.jpg
Сурет:Бердімұратов Темерхан Байбосынұлы.jpg

Бердімұратов Темерхан Байбосынұлы, Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің президенті (Қазақстан, Ақтөбе), психология докторы, адами ресурстарды басқару саласындағы іскерлік әкімшілік докторы, профессор, Қазақстаннның Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі.

Өмірбаяны

1951 жылы 17 қарашада Ақтөбе қаласында туған. Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетін сәтті аяқтаған (1974). Көптеген жылдар бойы Ақтөбе облысының білім беру жүйесінде жемісті еңбек етті (1975-1989). КСРО ПҒА Жалпыодақтық кәсіби-техникалық білім беру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірді, сол уақытта КСРО-ның білім беру жөніндегі Мемкомитетінің және КСРО психологтар Қоғамының «Қазақ гуманистік тәрбие орталығы» ғылыми-енгізу кәсіпорнын басқарды (1991-1994). 1994 жылы бизнесті басқару және құқық Халықаралық институтында психологиядан кандидаттық диссертациясын және Сан-Марино Республикасының Халықаралық Ғылым Академиясы өкілдігінде магистрлік (Master of Psichology) диссертациясын сәтті қорғады. 1998 ж. Кеннеди-Вестерн Университетінде (АҚШ, Вайоминг штаты, Шейн қ.) оған «Тілді суггестивті әдістер арқылы оқытуды ұйымдастыру» - «Organization of Language Training by Suggestive Methods» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуі негізінде психология мамандығы бойынша философия докторы дәрежесі берілді.

1994-1996 жылдары Менеджмент, бизнес және құқық Халықаралық институтының Ақтөбе бөлімінде директор қызметін атқарды. Мәскеудегі Халықаралық университеттің Ақтөбе бөлімінің директоры болды (1996-1998). «НҰР» менеджмент, бизнес және құқық Ақтөбе институтының Президент-ректоры болып қызмет етті (1998-2001). Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің президент-ректоры болып еңбек етті (2001-2010). 2010 жылы желтоқсанда Ақтөбе облысына ресми сапары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ-Орыс Халықаралық университеті атауын өзі қойған болатын.

1998 жылы Темірхан Байбосынұлына Мәскеудегі Халықаралық университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен профессор атағы берілді (Ресей, Мәскеу). Халықаралық акмеологиялық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі (қызметтің жоғары кәсібилігі туралы ғылым, Санкт-Петербург, 1997) болып тағайындалды; 1998 жылы жоғары білім беру жүйесіндегі менеджмент жөніндегі Жаһандық Форум қатысушысы болды (Чикаго, АҚШ). 2002 жылы психотерапевтердің Бүкіләлемдік кеңесінің мүшелігіне қабылданды (Австрия. Вена); Еуропа университетінің іскерлік әкімшілік докторы болды (gonoris cauza) (Швейцария, Монтре, 2008), Еуропалық университеттің магистрлері мен PhD докторларының ғылыми жетекшісі; 2006 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі болды.

Атқарған істері

Т.Б. Бердімұратов – аймақтың алдыңғы қатарлы профессорларының бірі. Ол, негізінен, психология-педагогика, жеке тұлғаға бағдарланған білім беру технологиялары, қолданбалы психологияның өзекті бағыттары бойынша теориялық-әдіснамалық, ғылыми-практикалық, эксперименталды зерттеулермен айналысады.

Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің «Психология» мамандығының жетекші маманы, лекторы болып табылады. «Білім алуды үйрен», «Өзін-өзі тану негіздері», «НЛП бойынша арнайы курс», «Нейролингвистикалық бағдарламалау әдістері негізінде білім алушылардың тиімді ойлауын және мінез-құлқын тәрбиелеудің жеке тұлғаға бағдарланған жүйесі педагогикалық технологиясының пәнаралық моделі», «Білім беру жүйесін дамыту: инновациялар және технологиялар» сияқты іргелі зерттеу еңбектері бар.

Т.Б. Бердімұратовтың көп жылдық педагогикалық еңбектері мен ғылыми ізденістерінің нәтижесі ретінде ҚОХУ жанынан оқытудың нейролингвистикалық технологиялары ғылыми-зерттеу институтының құрылуы, GRS-навигатор – авторлық педагогикалық тренажерді даярлауы және іске қосуы, жаңа технология – оқытудың жеке тұлғаға бағдарланған жүйесінің пәнаралық моделі: нейролингвистикалық бағдарламалау әдістері негізінде студенттердің тиімді ойлауын және мінез-құлқын тәрбиелеу процесінің жолға қойылуы, оқыту, тәрбиелеу, жеке тұлғаны дамыту, білікті педагог және маман қалыптастыру әдіснамасына қатысты өзекті мәселелерге арналған бірқатар оқу құралдары мен ғылыми еңбектерін атап өтуге болады. Соңғы бес жылда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан еңбектері ерекше назар аударлық, өйткені оларды Еуропа жоғары оқу орындарының, Қазақстан және Ресейдің көрнекті ғалымдары мойындап, оң баға берді. Инновациялық білім беру технологияларын дамытуға қосқан мол үлесі үшін «ХХІ ғасыр қоғамын интеллектуалды дамытуға қосқан жеке-дара үлесі үшін» деген Сократ атындағы Медаль иегері болды (Ұлыбритания, Оксфорд, 2007); Халықаралық сыйлық Лауреаты атанды, ғылыми зерттеулері аясында «Халықаралық ғылымға қосқан үлесі үшін» белгісінің иегері болды және «Ғылымдағы есім» атты 21 ғасырдың көрнекті ғалымдарының Бүкіләлемдік реестріне аты енгізілді.

Профессор Т.Б. Бердімұратов шығармашылық идеяларын шынайы педагогикалық жүйеде жүзеге асыра білді: жастарды оқыту және тәрбиелеуде өзіндік ерекшеліктері бар, яғни оқытудың қолайлы жағдайлары құрылған, студенттердің тұлғалық дамуына баса назар аударатын, олардың шығармашылық және эстетикалық дүниетанымдарын дамытуды басшылыққа алатын жоғары оқу орнын құра білді. Өзінің ғылыми идеяларын педагогикалық практикада іске асырып, заманауи білім беру жағдайында оқытудың тиімді модельдерін жобалау үшін, арнайы зерттеулер жүргізу үшін ғылыми лабораториялар жабдықтады.

Марапаттамалары

Т.Б. Бердімұратов белгілі қоғам қайраткері болып табылады. Бірнеше мәрте Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің қабырғасында Қазақстан, Ресей, Еуропаның көрнекті қайраткерлерін қабылдады. Атап айтсақ: ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев (тамыз, 1998ж.), «Бөбек» қорының Президенті С.А. Назарбаева, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше Өкілетті Елшісі В.Н. Николаенко (1998), Біріккен Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландияның Елшісі Дуглас Мак Адам (1999), ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаев (1999), ҚР Бас прокуроры Ю.А. Хитрин (1999), РФ-ның Қазақстандағы Төтенше Өкілетті Елшісі М.Н. Бочарников (2008), ҚР-дағы АҚШ Елшісі Джон Ордвей және басқа да көптеген саясат, өнер, білім, ғылым салаларының белгілі өкілдерін қабылдаған болатын.

1999-2003 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болды. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы Қазақстан Халықтар Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің Төрағасы болып табылады.

Білім, ғылым, бизнес салаларындағы жетіктіктері және қосқан үлесі үшін профессор Т.Б. Бердімұратов халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі көптеген Ордендер, Медальдар, алғыс хаттар, дипломдар, Құрмет белгісі, сертификаттармен марапатталған.

Дереккөздер

<references/>

1. Қазақстан ғалымдары кітабы, 2011ж.

2. ↑http://ardaktylar.kz/