Қазақтың ұлттық қолөнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:30, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі - қолөнері, оның ішінде ою өрнек болып табылады. Ою өрнектер әсемдікпен, сәнділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге халықтың арман- ойының, тілек мүддесінің нышаны, осы тұрғыдан алып қарағанда ою өрнектің мазмұндылық ерекшеліктері сан алуан. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет. Өнер адамға жақсы әсер ететін және оны тәрбиелейтін нәзік дүние.Оның құндылығы орасан зор. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған ерте заманда адам өз ойын тасқа , сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырған. Қазіргі қолөнер саласындағы «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деген сөздер сол ерте заманда қалыптасқан ұғымдар. Қолөнердің сала-саласында кең қолданылып келген, өнердің өте көне әрі күрделі түрі- ою-өрнек өнері. Қазақтың қол тума сәндік өнерінің барлық түрлеріне де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады. Ою мен өрнек қолөнер бұйымдарының тұтынушылық және эстетикалық мәнін аша түседі. Сондықтан да қолөнер заттарының әр қайсысындағы оюлау мен өрнектеуге, әшекейлеуге жіті зер сала білу керек. Бір кезде тасқа, ағашқа , сүйекке түсірілген ою-таңбалар келе-келе киізге, алаша, кілем тағы басқа заттарға салынатын болған. Ол белгі таңбалар арқылы халық белгілі бір ұғым түсініктерді аңғартып, біліп отырған. Бұдан ою-өрнек белгі таңбалары өмір қажетінен туғанын байқауға болады. Мысалы, қазақ халқының ерте кезден бергі әдет-ғұрп салты бойынша, бөтен жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылған қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберуі тиіс екен. Сәлемдемеде жас келіншек өзінің күйеуге шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт болған. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен оның атаулары көп. Ою-өрнек тарихына ой жіберсек, көп мағлұмат аламыз, даму кезеңдерін байқаймыз, уақыт өткен сайын жетіле бергенін көреміз. Сонымен, ою-өрнек дегеніміз геометриялық және бейнелеу элементтерінің жүйелі ырғақпен қайталанып , үйлесімді құрылуы.

Ою - өрнек элементтері

Негізгі өрнек түрлерінен бөлек қазақ шеберлері көп қолданатын ою-өрнек элементтерінің мынадай атаулары бар:

  • аспан әлеміндегі құбылыстарға байланысты өрнектер «ай», «күн», «жұлдыз», «айшық», «аймүйіз», «құс жолы», «жұлдызша», «кемпірқосақ», т.б.
  • заттардың атауына байланысты өрнектер «балға», «балта», «тарақ», «балдақ», «күмбез», «табақ», «қармақ», т.б.
  • эпиграфиялық өрнектер, яғни жазуды өрнек тәріздендіріп, белгілі бір заттың бейнесіне келтіре әдемілеп, астарлап жазу.
  • ру таңбалары мен ел таңбаларға байланысты ою-өрнек элементтері:«тұмар», «айшық» « босаға», «тарақ», «көз», «шөміш», шылбыр», «көсеу», «ашамай», т.б.

Халқымыздың бізге жеткен ою – өрнек үлгілері бай мұра, салқылмас қазына.

Ою-өрнек - тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, өрнек. Заттың бетін өрнектеу үшін ісмерлер әртүрлі тәсілді қолданады. Олар: оймыштау, бедерлеу, шеку, қашау, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Әр өрнек белгілі бір бөлшектен ( элемент) құралады. Ғалымдар ою-өрнектердің 200-дей түрін анықтады. Біз халық арасында көп тараған мүйіз тектес ою өрнектерді сөз етпекпіз. Ою-өрнектердің бұл тобын қазақ халқының ою-өрнектерінің төркіні десекте болады. Өйткені, барлық жаңа буындар осының негізінде жасалып, тек атаулары өзгеріп отырған. Мысалы: қошқар мүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, қырық мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, төрт құлақ, түйе табан, сыңар өкше, қос алқа, құс қанаты, қаз табан, т.б. ою-өрнектердің негізгі арқауы. Осы элементтерден ою-өрнек композициясы жасалады. Қазақ оюларының мазмұны мал өсірумен аңшылықты, жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесін аңғартады және бәріндеде мүйіз оюы үнемі араласып отырады. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп , оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, ең көп түрі және әр түрлі мәндер жасауда жиі қолданылатын мүйіз тектес оюлар. Ғалымдардың анықтауынша, ол ежелгі өрнек, сондықтан онда көбінесе мал шаруашылығы мен көшпелі өмір салты бейнеленген. Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсақ зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады. Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, толықтырады да құлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. Мұндай мүйіз тектес ою-өрнектер тізбегін Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы үйінің ішкі тіреулерінің төбесімен жалғасқан жерінен көруге болады. Мүйіз тектес ою-өрнектерді бұрын-сонды зерттеуші ғалымдардың барлығы бұл өрнектердің негізі қойдың, арқардың , ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін бейнелеуден шыққан деп түйеді. Шеберлер жаңа ою-өрнектерін тұрмыс-тіршілігіне, өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап отырған. Мысалы, халқымыздың көне бұйымдарындағы ою-өрнектер сәнділігімен қатар сол бұйымдардың жеңіл, әрі берік болу жағын қарастырған. Оның үстіне әрбір жануар мен заттың өз бойында қасиеттеріне қарай тақырыптық мағынасы композициясы, симметриясымен асимметриясы, колоритімен ритмі, сондай-ақ оған арналған философиялық мәні де байқалады. Композиция дегеніміз латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру деген сөзі. Мысалы ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, асқан дәлдікпен жарасым табу керек. Жалпы қазақ халқының оюлары Орта өрнектерімен салыстырғанда композиция қарапайымдылығымен, бояу түсінің ұстамдылығымен, формаларымен ерекшеленеді. Ою-өрнек арқылы халық шеберлері өз ойларын, көңіл күйін жеткізіп отырған. Жаңа ғана атап өткен элементтер ою-өрнектің көркем тілін құрайды. Оның көркем тілі бейнелеу өнеріндегідей бояу түсіне, олардың үндестігіне, сызықтар ырғағына, жарық қатынасына байланысты. Сол секілді ою-өрнектер басты элементтерінің бірі-бояу түсінің де орналасу реті бар. Бояу түстері ырғақты үндестігімен әуенді үйлесіміне байланысты бейнелеу өнеріне жақындайды деп айтуымызға болады. Әр бояу түстерінің үйлесімді шешімдерінен көшпелілердің өмір туралы түсінігі әлеуметтік және ұлттық ерекшеліктері, олардың қуаныштары мен күйініштері көрінеді. Халық шеберлері ырғақты сызықтар үйлесімді бояу түсі айқын формалары арқылы ешқандай перспектива мен жарық қатынастарынсыз-ақ көз қуантарлықтай тамаша өнер шығармаларын тудырған. Осыған орай ою-өрнектердің көркем шешімі оны поэзияға жақындатады дейміз. Ою-өрнектердің бояу түсі шын дүниенің көшірмесі емес,оның шартты ұғымын ғана білдіреді. Қай жағдайда да ою-өрнектегі тұтастық сақталып отырған. Композициядағы тепе-теңдікті, тұтастықпен жинақылықты қайта өрлеу дәуіріндегі классикалық шығармалармен салыстыруға болады.