Шоған Сүйерқұлұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

17:56, 2017 ж. сәуірдің 14 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Шоған Сүйерқұлұлы 1584-1642 жылдары өмір сүрген қазақтың атақты сәуегей абызы, биі. Ол Ташкент-Шымкент аралығындағы елдер арасында туып, ержеткен. Шыққан тегі Ұлы жүздің Албан атасынан. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің "Түп-тұқианнан өзіме шейін" дейтін 1993 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген шежіре-кітабында Шоған абызға тоқтала келіп, оның ата-тегін былай талдайды:

"Шоған абыз - Бәйдібектің тоғызыншы ұрпағы. Албаннан - Жауғаш, одан - Шеру, одан - Текті, одан - Жақ, одан - Борай, одан - Елғұлы, одан - Шора, одан - Мұсақ, одан - Толлы, одан - Керде, одан - Қасқал, одан - Бұғы, одан - Жандар, одан - Алтый, одан - Сақи, одан - Қайлыбек, одан - Торымтай, одан - Абдол, одан - Ақсары, одан - Атанқұл, одан - Меркі, одан - Тоқымбек, одан - Тарап, одан - Кенжек, одан - Омарқұл, одан - Жарты, одан - Ерімқұл, одан - Көпсадық, одан - Ақбота, одан - Дархан, одан - Сүнші, одан - Ержен, одан - Көген; одан - Қарқуар (асқан шешен адам болғандықтан өз атын жұрт ұмытып, Қарқуар атап кеткен), Қарқуардан - Сары, Шыбыл екі ұл. Қазіргі біз білетін Албан - осы Сары мен Шыбылдың тұқымы. Сарыдан - Сүйерқұл, Сүйменді. Шыбылдан - Ботай, Өтей, Көкей. Ал, Сүйерқұлдан - Шоған абыз" (312-бет). Сүйерқұлдан туған төртеуге (Досалы, Шоған, Қожмамбет, Жарты) олардан өрбіген төрт ұрпақты (Сырымбет, Шағыр, Алман, Ханкелді) косып, бәрін "Сегіз сары әулеті" деп айтайды ел. Қазақ совет энциклопедиясында (12-т) Шоғаннан Тұрымжан, Дәулен, Алжан, Шажа руларын таратады. Кейде Алжанды - Мәмбет, Шажаны - Үмбет деп те атайды.

Бұл аталардан шыкқан Алман, Шағыр, Сырымбет, оның ұрпақтары Ханкелді, Түке ұлы Райымбек, Рыскелді, Төлес ұлы Байсейіт, Тәуке батырлар да, Жұман, Қожағұл тәрізді әділ билер де, бәрі де ішкі-сыртқы шапқыншы жауларға қарсы күресіп, өзінің ерлігімен даңқы жайылған ел қамқорлары еді.

Шоған он төрт жасынан ел басқару ісіне араласып, билік айта бастайды. Ол көбінесе өзінің туып-өскен ортасы Ташкенттің Шыршық жағы мен Шымкенттің бұрынғы Қаратас, Тұрбат, Қазығұрт баурайындағы ауыл-кыстақ, қалаларда тұратын халықтар арасында жиі болып билік айтқан. Ұлттар, рулар арасын достық ынтымағын сақтауға, елдің тыныштық, бірлігін нығайтуға көп күш жұмсайды.

Албанның Сары атасынан тарайтын Сүймендінің Айт, Бозым дейтін екі баласы керуен тартқандарға ілесіп, Бұхараға сапар шегеді. Олардың сапар шегу себебі: саудегерге ұзатылған Қарашаш деген өпкесін Бұхарға апарып салу еді. Бұхарға барады. Жезделері өте бай тұратын алты ағайынды өсіп-өнген жандар екен. Бәрі Айт пен Бозымның насаты тұлғасына, жұмысты жапырып істейтін еңбек сүйгіштігіне қызығып, екеуіне екі қыз косып үйлі-жайлы етіп, басын байлап қояды. Екеуі ел қатарлы әулі-жай тұрғызын, бау-бақша өсіреді, мал жинайды. Тіршіліктің қызығымен айлар, жылдар өтеді. Арттағы елі Айт пен Бозымның елге қайтуын қалайды. Екі адам жібереді. Оларға Айт пен Бозым ілеспей калады. Келесі жылы он адам жібереді, олар да босқа қайтып барады. Енді не істейміз деп тұрғанда, Шоған би "Мен барайын" деп бір өзі жолға шығады. Бұхарға жетеді. Ағайын-туыстарын көреді. Үш- төрт күннен кейін: - "Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған артық". Қане, елге көшіңдер! - дейді. Айт пен Бозым оған көнейін десе, келіншектері көнбейді. Жездесі, оның сабаудай-сабаудай алты туыс жігіттері бәрі жабылып Шоғанды ортаға алып азғырады. Сонда Шоған би оларға былай депті: - Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары. Ерден кетсе де елден кетпек жоқ, дүниеде туысқан кымбат, туысқан намысын қуысқан кымбат! Елдің тұтастық бірлігі - жаныңнан, сағыныш қызуы - қаныңнан, жанымды да, қанымды да өзгенің өлең жеріне тастағым жоқ. Ерлігімді елдігіме тапсырдым, кеңдігімді ұлан далама тапсырдым. Екеуің де туысымсың. Жұмсам уысымсың. Туысқандық - туым, қазақ жүрген жерім - нуым. Көрген күн — түс өтеді де кетеді, басқа түскен іс, түбіңе сол жетеді. Мал-дүние іздеп арымызды сатпайық, ата-баба аруағын сақтайық! Елдің тұзын ақтайық! Көне, ағайын, ел табайық!

Шоған би осылай термелей тебіренгенде Айт пен Бозым Шоған туысына жылап көрісіпті. Ертеңіне жеті нарға үй-мүлкін артып көшіпті. Шоған абыздың халыққа, адамға көрсеткен қамқорлығын ел жырдай кылып аңыз етеді. Бір жолы Шоған би шақырумен Әулие Ата жаққа барып, ел дауын шешіп тындырып, қасында екі жігіті бар, ауылға қайтып келе жатса, қара жолдың бойынан тоғыз-ондар шамасындағы тетелес екі балаға жолығады. - Кай ауылдансындар? - Сырымбет аулынан... - Кімнің балаларысыңдар? - Алжанның... - Аттарың кім болады? - Менің атым - Мәмбет, мынау інім - Үмбет. - Е, е онда өзіміздің балалар екенсіңдер ғой. Әке-шешелерің бар ма? - Жоқ, ата, екеуміз де жетімбіз. Мына ауылда бір байдың қозысын жайып жүр едік. Бай біздің ақымызды бермеді. Кисек киімге, ішсек ауқатқа жарымадық. Сонан соң бір түнде қашып шықтық. Ташкенттің бер жағында, Шыршық бойында жақын ағайындарымыз бар деп есітеміз. Соларға бара жатырмыз.

Шоған екі баланың жақын туыстарының балалары екенін танып, екеуін екі жігітіне мінгестіріп, ауылына алып келеді. Жуындырып-киіндіріп бала етіп асырап алады. Өзі қайда барса, қасынан тастамай ертіп жүреді. Ел көрсетеді, жұрт танытады. Ақыл-кеңесін айтып, халықтың қалаулы жақсы азаматы болу жағына көп көңіл бөледі. Үйлендіріп, отау тігіп, енші бөліп береді. Шоған бидің осындай аталық қамқорлығының арқасында Мәмбет пен Үмбет сол кездің айтулы азаматы, ел қамқоры болыпты деседі ел. Шоған бидің көрегендік, аталық, абыздық, көріпкел әулиелік қасиеті де болған деседі халық. Бидің осы абыздық қасиетін жазушы Төлен Қаупынбаев "Өркен" газетінде (қазан, 1991) жан-жақты баян ете келіп, оның ұрпақтары жөнінде былай жазады: "Шоған абыздың біліктілігін әспеттеген әңгімелерде "Оның киесі, қызыры бар еді" деген сөз де айтылады. Шаршы топқа есе жібермей, ұтқыр сөйлейтін адамға назар салатын абыздың қызыр ұрпақтары өніп-өсіп, жұрттың қамы үшін күресетін Мәмбет балаларына қонғанға ұқсайды. "Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді" дегендей, Шоған абыздың ықыласы, нұры түскен болар, 1855 жылы Алжанның (Мәмбет ұрпағы) саны бір мың екі жүз түтінге жеткен.

"Шоған абыздың ықыласы нұры түскен" деген тіркесті біз текке қолданып отырған жоқпыз. Өйткені, Абыз алып, жақсылардың жолымен тәрбиеленген Мәмбет бабаның ұрпақтары ел басына күн туғанда туған жерін корғап, жаудың қабырғасын қақырата сөкті, дұшпанға кезек бермей жер жастандырады. "Райымбек!" деп ұрандап ата жауға қарсы шапқан халық үнінде тегеуірінді күш, мол парасат болса, онда бүгінде елі-жұрты құрметпен айтатын Шоған абыздың да біліктілігі мен көргенділігі көрініс тауып, атойлағаны анық. Туған елінің ынтымақ-бірлігін сақтап, қалың қауымнын тыныштығын бұзбай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға үндеп, соның жүгін қайыспай, көтере алған азаматтарын мадақтап, жырға айналдыру да біздің қашаннан бері келе жатқан халықтық дәстүріміз. Ханкелді мен Райымбек батырлардың бабасы атанған Шоған абызға арнап Бөлтірік Атыхан ұлы, Әжібек, Қабан, Асан Барманбекұлы, Қойдым тәрізді ақындар өлеңдер шығарған. Ал әйгілі ақын Көдек Байшыған болса, Шоған абызды ұдайы игі жақсылардың көш бастаушысы деп біледі. Осы Көдек 1912 жылдары болыс сайлауында абызды дәріптеп былай деп жыр төгеді:


Қызыл, Қоңыр тұқымы,
Бұған да қызыр дарыған.
Сүйерқұлдың баласы,
Төртеу туған парымен:
Досалы, Шоған, Қожбанбет.
Жарты екен, - арғы баба Сарыдан.
Енді бері тартайын,
Досалы, Шоған жағынан.
Шоған абыз ағасы,
Ақылға терең қазына.
Біреуге малай жүргенде,
Мәмбетті барып таныған.
Айтыста жеңіп әкеткен.
Арқасының қолынан.
Үй тігіп, қатын әперген,
Енші беріп малынан.
Төрт шам, сегіз Сарының,
Бізге жақын табынан...

Міне, Көдек ақынның шаршы топтың алдында суырып салып айтқан екпінді жырында да Шоған абыздың ел тарихында айырықша орын алатындығы, қауым ыкылас білдірген қасиеттері тілге тиек болған. Халқымыздың елдік ғұмырнамасында елеулі орында түрған Ханкелді, Райымбек батырлардың арғы бабасы Мәмбетке қолдау көрсетіп, нұрын түсірген абыз өмірі орынды дөріптеледі...<ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Шоған Сүйерқұлұлы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}