Темірхан Медетбек

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:22, 2017 ж. сәуірдің 16 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Үлгі:Жазушы

Темірхан Медетбек (06.03.1945, Амангелді ауылы, Түркістан қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы) — ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Өмірбаяны

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты (қазіргі Ұлттық педагогика университеті) филология факультетінде оқыған. 1968-2002 жылдары Радио мен телевидениеде, әр түрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар Одағында екінші хатшы болды, 2003 жылдан “Ақиқат” журналының бас редакторы.

Алғашқы жыр жинағы “Жанымның жас құрағы” деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан астам өлең жинақтары жарияланып, оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды. “Абай әлемі” (1995) және “Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар” (2001) атты әдеби-сын еңбектерінде қаламгер Абай әлемінің поэтикалық тереңдігін, қазақ мәдениетінің даму сипатын саралап, ақындық психологияның ішкі болмысына баға берді. Қазақ поэзиясының түркілер кезеңінен қалыптасқан романтикалық-реалистік өршіл сарынын өзіндік көркемдік шешім аясында жаңашыл туындыларымен байытты. “Көк түріктер сарыны” атты жинағында (2002) замана зары мен бүгінгі күн мәселелері ежелгі түркі жырлары үлгісінде айтылған, ақын көне түрге жаңа мазмұн сыйдырған. Пішін ұтымдылығынан гөрі ой ұшқырлығына көбірек иек артатын ол өлеңдерінде ерекше еркіндікті аңсайды, көне түркілердің ірілігін сағынады, рухани тоғышарлықты, ұсақталуды мінейді. Ғасырлар қойнауында елеусіз қалған ерлік рухын жаниды. Жауға деген өктемдік “Қуат жырында”, “Асқанның орманын отындай өртедім. Тасқанның көлдерін астаудай төңкердім” деп беріліп, батырлар айбарын асқақтата түседі. Оның “Махамбет рухының монологы”, “Күлтегін”, “Тоныкөк” дастандары — ұлттық бояуы қанық, күрескер, қайсар әрі мұңшыл романтик. болмысты толықтай танытқан поэтикалық қуатты шығармалар. Ол украин, өзбек тілдерінен В.Гужва, Е.Вахидов өлеңдерін тәржімалады. Медетбекке “Тағдырлы жылдар жырлары” жинағы үшін ҚР-ның Мемлкеттік сыйлығы берілді (2000).<ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref>

Дереккөздер

<references/>