Мыңжасар Маңғытаев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

18:34, 2017 ж. сәуірдің 18 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Үлгі:Infobox Biography Маңғытаев Мыңжасар - (23.12.1937, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Маяқұм - 07.12.2011, Алматы) - композитор, профессор, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі. 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын Қ.Қожамияровтың класы бойынша бітірді. Осы жылы еңбек жолын Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің өнер басқармасында аға инспектор болып бастады. 1967-1969 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының жауапты хатшысы, 1969-1976 жылдары «Жазушы» баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін істеді.

Композитор М.Маңғытаев бұдан кейін бірқатар жылдар шығармашылық жұмыста болды. Ал 1988-1991 жылдар аралығында Алматы облыстық музыка қоғамына төрағалық етті. 1991-1993 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының бас кеңесшісі, ал 1997 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шыққанға дейін екінші хатшы міндеттерін атқарды.

Шығармашылығына ұлттық саздың бояуын тиімді пайдалана білген Мыңжасар Маңғытаев сол үрдіспен «Отырар» операсын, «Қозы мен Баян» балетін, «Арман», «Құлагер» симфониялық поэмаларын, «Шексіз махаббат» ораториясын, «Ақсақ құлан», «Қаратау әуендері» атты хорға арналған поэмаларын, ұлы Абайдың өлеңдері бойынша бірнеше әуен жазды. Оның үш жүзден астам әндері, вокальдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған музыкалары заман тынысын, өмір келбетін, дүние сұлулығын жырға қосты.

М.Маңғытаев халқының ән өнеріне сіңірген осындай еңбектері үшін 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.<ref>Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ</ref>


Маңғытаевтың шығармашылығының жанры әрқилы, ашық әуезділігімен айрықшаланады, оның ұлттық - бояулы мәнеріне вокалдық және халықтық - аспаптық ерекшеліктерді біріктіру тән. Маңғытаевтың мәнері әсіресе, “Қозы мен Баян” балетінде, “Арман”, “Құлагер” симфониялық поэмаларында “Шексіз махаббат” ораториясында, “Ақсақ құлан”, “Жайлауда”, “Қаратау әуендері” сияқты хорға арналған поэмаларында , әндерінде анық із салған. Ұлы Абайдың өлеңіне жазылған “Не іздейсің көңілім”, “Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп”, “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...” өлеңдеріне ән-романстар жазды. Сазгер жалпы саны үш жүзге таяу ән шығарды. Оның вокалдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған шығармалары заман тынысын, өмір шындығын, дүние сұлулығын жырлайды. Ақан серінің “Қараторғай” әніне жазған вариациялары мен “Арман” атты симф. поэмасында, І.Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасының желісіне жазған симфониясы мен “До-мажор” симфониясында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ақтолғай” симфониялық сюиталарында халық әуендерін шебер пайдаланған. Ал халық оркестріне арнап жазған “Көктем” поэмасы мен “Концерттік күй”, “Ырғақты”, “Төгілмелі” атты күйлері, төрт бөлімді “Аққудың айрылуы” деген топтамасы оның композиторлық мүмкіндігінің жаңа қырын ашты. “Қаратау әуендері”, “Дала дауысы”, “Жайлауда” хор поэмалары мен хор сюиталары, “Ауыл тойы”, “Елім менің” вокалдық-хореографиялық композициясын тыңдаушы қауым жылы қабылдады. “Ақан сері — Ақтоқты”, “Сталинге хат”, “Неке қияр”, “Біздің үйдің жұлдыздары” спектакльдеріне, “Бәйшешек”, “Көкжиек” кинофильмдері мен Қ.Сәтбаев туралы деректі фильмге, “Қожанасыр сәулетші”, “Әулие есек”, “Үш түлек”, т.б. мультфильмдерге музыка жазды. <ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref> <ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том</ref><ref>Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2</ref><ref>Қазақстан Республикасында кімнің кім екені – 2011. 2 томдық анықтамалық. Алматы, 2011. ISBN 978-601-278-473-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Bio-stub