Көкшетау мемлекеттік университеті

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:15, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Көкшетау мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы жоғары оқу орны. 1996 жылы 7 мамырда Қарағанды политехникалық институтының бөлімшесі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты және С.Сәдуақасов атындағы ауыл-шаруашылық институты негізінде ұйымдастырылды. Қарағанды политехникалық институтының бөлімшесі ҚҚарағанды политехникалық институтының құрамына 1972 жылы берілген Павлодар индустриалды институтының жалпы техникалық факультеті негізінде 1993 жылы құрылған. Институт Өндірістік және азаматтық құрылыс, Құрылысты басқару және экономика, Машина жасау технологиясы, т.б. салалар бойынша мамандар даярлады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты 1962 жылы құрылған. Оның құрамында физика-математика, филология, жаратылыстану, шет тілдер, химия және биология факультеттері болды. 1965 жылы институтқа Ш.Уәлиханов есімі берілді. С.Сәдуақасов атындағы ауыл-шаруашылық институты 1991 жылы Целиноград ауыл-шаруашылық институты негізінде құрылған. Құрамында агрономия, зооинженерия, ауыл-шаруашылығын механикаландыру және экономика факультеттері болды. 3 жоғары оқу орны біріктірілгеннен кейін, құрамындағы (күндізгі және сырттай бөлімдерде) филология, экономика, шет тілдер және тарих, инженер-педагог және ауыл-шаруашылығы факультеттерінде 32 мамандық бойынша 5000-нан астам студент білім алады. Университеттің материалдық және ғылыми-техникалық базасы қалыптасқан. Электрондық баспа техникасы, машина-трактор оқу паркі, дәнекерлеу және жөндеу шеберханалары, жастар орталығы, студенттердің жаздық спорттық-сауықтыру кешені, кітапхана, дәрігерлік орталық, “Арасан” сауықтыру кешені жұмыс істейді. Униветситет жанында гимназия және лицей, магистратура, аспирантура, кәсіптік мамандық бойынша оқытуға маманданған оқу орталығы жұмыс істейді. Университетте оқулықтар, ғылыми еңбектер, монографиялар, “Алау” газеті шығарылады, республикалық және халықаралық конференциялар, “Уәлиханов оқулары” өткізіледі. Ресей, Египет, Польша, АҚШ, Канада, Германия ғылыми орталықтарымен байланыстар орнатылған. Агро-техникалық және экономикалық мамандықтар бойынша Еуропалық Одақ ұйымының “Тасис” және “Темпусбағдарламаларына қатысады. Университетте спорттық үйірмелер, көркемөнерпаздар шығармашылық ұйымы жұмыс істейді. Университет спортшылары боксшы Р.Б. Мусинов 2-Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы; жеңіл атлет А.В. Князев – Қазақстан Республикасының чемпионы.<ref>Қазақстан Республикасының Ғылым Энциклопедиясы</ref><ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том</ref>

Дереккөздер

<references/>