Жесір дауы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

08:37, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Жесір дауы– дәстүрлі қазақ қоғамындағы құда түсіп, қалың малы төленген қалыңдықтың, не күйеуі өлген жесір әйелдің әмеңгерлік жолмен баратын жеріне разы болмай, түрлі себеппен басқа жаққа күйеуге тиіп кетуі салдарынан туатын дау. Қазақ халқының әдет құқығында құда болу, қыз беріп, қыз алысу, қалыңмал төлеу, әмеңгерлік, мұрагерлік, ажырасу, т.б. институттарға ерекше мән беріп, шаңырақ шайқалмауына, босаға босамауына баса назар аударылған. Жесір дауының түп-төркіні осы “айттыру”, “қалыңмал”, “әмеңгерлік”, “қыз алып қашу” тәрізді салттардан туындайды. Құдалық — қыз бен жігіттің қосылуы ғана емес, екі отбасының, екі рудың өзара туыстасып, жақындасуы деген ұғымды білдіреді. Құда болудың алғашқы белгісі ретінде жігіт жағы қызға үкі мен сырға тағады. Мұнан соң екі жақтың бірі уәдені бұзған жағдайда ат-тон айып төлеп, әлі бәтуаласпағандықтан, жеңіл түрде құтылады. Нағыз заңды құдалық екі жақ “құйрық бауыр жесіп” өзара бәтуаға келгеннен кейін барып басталады. Жесір дауын қарау осы бәтуаны анықтағаннан соң ғана жүргізіледі. Онсыз құдалық заңды болып саналмай, дау қаралмаған. Құда болып “құйрық бауыр жескеннен” кейін күйеу мен қалыңдықтың бірі өлген жағдайда да құдалық бұзылмау жағы қарастырылып, “әмеңгерлік” салтымен әрі қарай жалғастыру көзделінді. Қазақ әдет-ғұрып қағидаларындағы келінді сол рудың не жақын ағайынның біріне әмеңгерлік, я мұрагерлік жолмен қалдыруды жақтайтын салтында баланы жетім, әйелді жесір қалдырмау мақсаты да жатыр. Қалыптасқан әдет-ғұрып заңдары бойынша, жесір ерінің артын бір жыл күткен соң әмеңгер таңдауы тиіс. Егер де әмеңгерлік қағидасы бойынша тұрмысқа шығудан бас тартып, басқа руға тұрмысқа шыққан жағдайда, екі рудың арасында жесір дауы пайда болады. Дау, негізінен, бұрын төленген қалыңмал төңірегінде өрбиді. Қандай жағдайда қанша қалыңмал қайтарылуы тиіс деген мәселе жүйелі заң нормаларымен белгіленген. Мысалы, әмеңгерлік заңы оң жақта отырған жесірге де (атастырылған күйеуі өлген ата-ананың үйіндегі қыз) тиісті болғандықтан бұрын күйеуі ұрын келген болса, онда қалыңмалдың жартысы қайтарылады, келмеген болса және қыздың әмеңгерлікпен тұрмысқа шыққысы келмесе, онда берілген қалыңмал түгел қайтарылып, үстіне айып төленеді. Сондай-ақ, жігіттің атастырылған қызы өлсе, әмеңгерлік жолмен балдызын әйелдікке алуына болады, бірақ одан бас тартатын болса, онда қыз әкесі алған қалыңмалдың үштен бірін алып қалуға құқығы бар деп саналады. Қазақ әдет-ғұрып заңдары бойынша, қыз алып қашу — ауыр қылмыстардың бірі. Егер айттырылмаған қызды алып қашып, бірақ қыздың келісімі болмаса, алып қашушы қыз әкесіне толық қалыңмал төлейді және қызды үйіне қайтарады. Айттырылған, басы бос емес қызды алып қашушы қыздың ата-анасына беретін қалыңмалға қоса, бұрын айттырған жақтың қалыңмалын қайтарып, оған қоса қалыңсыз қыз беруге тиіс. Соның ішінде некесі қиылған біреудің келіншегін зорлап алып кету өте ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылып, алып қашушы қалыңмалды қайтарып, қалыңсыз қызды қоса береді және үстіне үлкен айып төлейді, кейде өлім жазасына дейін кесіледі. Бұл айтылған қағидаларға дауласушы жақтардың өзара келісіміне орай, түрлі өзгерістер енгізіледі. Жесір дауының ұзақ уақытқа созылуы салдарынан рулар арасында түрлі қақтығыстар пайда болып, соңы ірі жанжалдарға ұласуы мүмкін. Сол себептен дәстүрлі қазақ қоғамында Жесір дауын ушықтырмай, дауласушы екі жақты да қанағаттандыратын шешімге уақыт создырмай қол жеткізуге тырысқан.<ref>Қазақ ұлттық энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер:

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Жесір дауы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}