Ерік

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

18:05, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Еріктік әрекеттер табиғатын түсіну үшін бұл жөніндегі ғылыми көзқарастар өрісіне зер салған жөн. Ерік<ref>Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6</ref> ұғым ретінде де, нақты болмыстық құбылыс ретінде де тарихи сипатқа ие. Ежелгі және орта ғасырлық дүние ерік құбылысын бүгінгі біздің түсінігіміздей танып білмеген. Мысалы, ежелгі қоғамда адам еркі жөнінде тіпті сөз болмаған, оның орнына «даналық мұраты» ұғымын қолданған. Адамның қылық әрекеттері табиғат пен өмірдің ақыл бастауларына және логика қағидаларына бағынады деп түсінген. Осыдан Аристотельдің пайымдауынша, әрқандай әрекет логикалық қортындылардан туындайды. Ал өзінің «Никомахов этикасы» еңбегінде «дәмдінің бәрін жеу керек» және «бұл алма дәмді» деген пікірлер санада «бұл алманы жеу керек» деген қорытынды ой пайда етпейді, адамды бірден сол алманы жеп қою әрекетіне келтіреді деп жазған. Ерік табиғатына болған мұндай көзқарас қазіргі күнде де жоқ емес.

Ш.Н Чхарташвили мақсат пен саналы тану интеллектуалды әрекеттер категориясынан туындаған деумен, еріктің өзіндік сипаты барлығына шек қояды, сондықтан ғылымға жаңа бір «ерік» терминін ендірудің қажеті жоқ екенін дәлелдеуге тырысады.

Жеке адам қасиеті сипатында ерік ортағасырлықтарға да таныс таныс болған. Мұны сол уақытта қоғамда орын алған экзорис – жын-шайтан қуу үрдісінен көруге болады. Бұл үрдісте адам ылғи да енжар астама күйінде танылып, сыртқы әсерлер жинайтын, «ұя» ретінде бағаланған. Ол заманда ерік дербес жасайтын, нақты қайырымды не жауыз құбыжық күштер түріне енген құбылыс деп есептелген. Бұл тылсым күштер қандай да мақсаттар белгілеуші ақылға ие деп түсінілген. Ол күштерді танудан адамның «шын» қылық-әрекетінің мәнін түсінуге болады.

Ерік табиғатын бұлай түсіндірудің себебі сол заманда қалыптасқан қоғамның адам әрекет-қылығының негізі оның өзінде екенін мойындамаудан. Әр адам бабалардан жеткен нәсілдіктің ізі ғана деп қабылдаған. Мұндай сипаттан қауымның кейбір мүшелерінің ғана ажыратылуға құқы болған, мысалы, бабалар аруағы және ол дүниемен тілдесетін бақсы-балгер, от пен металды бағындарған темірші, өзін қоғамға қарсы қойған қарақшы–қанішер т.б.

Мүмкін, ерік түсінігінің жаңа «Қайта тіктелу» заманында жеке адам проблемасымен бірге ғылым аренасына келуі осы адамның қалыпты жағдайдан ауытқуларын мойындаудан болар. Осыдан адам шығармашылыққа қабілетті, «тіпті қателер жіберуге де бейім» дегендей тұжырымдар жоққа шығарылмады. Қалыптан шығып, тек ортасымен бөлінуімен адам жеке адамдық кемелденуге жетіседі. Мұндай тұлға үшін ең мәнді нәрсе - ерік бостандығы.

Ерік бостандығын бір жақты асыра дәріптеу нәтижесінде экзистенциализм немесе «тіршілік философиясы» пайда болды. Экзистенцализм ерікті тәуелсіз, тысқы әлеуметтік әсерлерге қатысы жоқ құбылыс деп таниды. Мұндай пайымның негізі қоғамдық байланыстар мен қатынастардан, әлеуметтік мәдеи ортадан бөлек, дерексізденген адам. «Дүниеге қандай да бір күшпен келіп қалған» бұл адамның өмірі мағынасыз «қым қиғаш оқиғалар» жиынтығы да, адамның өзі – «пайдасыз құмарлық». Мұндай адамның қоғам алдында ешқандай инабаттылық міндеттері мен жауапкершілігі жоқ. Осыдан да ол адамгершіліктен жұрдай, намыссыз, өз бетімен кеткен, тартыну дегенді білмейді. Қандай да қалып тәртіп ол үшін жойылу, басыбайлыққа түсу көзі. Ж.П Сартр пікірінше, нағыз адамгершілік – бір ғана рет көрінетін, реттестірілмеген, қандай да қоғамдық мекемелер талаптарының шеңберімен оқшауланбаған, өздігінен туындайтын, себепсіз «әлеуметтенуге» қарсылық әрекеті. Ерік бостандығын асыра мақтаудан экзистенциалистер адам болмысының жалпы негіздері жөніндегі ойларына дәлел айта алмай, адамды өз өмірінің мәні, мақсаты және жауапкершілігінен айыратын, қоғам, тарих, мәдениетке қайшы келетін кездейсоқ, жауыздық, ақылдан аулақ бастаулар тұңғиғына бір-ақ түсіреді.

Қылық иесі – адам қалыптасқан тағылым-талаптарды жоққа шығара отырып, міндетті түрде қандай да басқа, өзіне ұнаған құндылықтарға ауысады. Егер адам бір мәдени қалыпты мойындағысы келмесе, онда оның бұл әректі екінші бір, қыр-сырлары танылып болмаған қажеттікті көздегені. Осыдан ежелден бүгінге дейін баршамыз қоғамға жат деп есептейтін парақорлық пен нашақорлықтың бір жағы мәдениеттіліктен шыққандығы ғажап нәрсе. Бұл қоғамға ерсі болып көрінген қылықтардың өздері де қандай да ұйымдасу негізіне ие, өздеріне сай талап, ережелері, мақтан тұтатын қырлары мен ғұрыптары баршылық.

Бұл тұрғыдан Е.Л.Тульчинскийдің пікірінше, жеке адамның психолгиялық болмысының барша деңгейлерінде көрінеді, бір қажеттіліктерді басып, екіншісіне ынталандырады, өз міндетін танытып, жеке адамдық қадірін қорғау мен өз мұратын үшін жан пидалыққа дейін апарады.

Абайдың қырық үшінші сөзі

Ғасырлар бойы ерік ұғымын әртүрлі түсіген. Абайдың қырық үшінші сөзінде былай айтылған екен. Адам ұғылы екі нәрсебірлән: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили (еріксіз болатын тілек) қайсысы кәсіби (еңбекпен табылған нәрсе) оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы – жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен деген тілек, бұлардың да басы – жибили. Ақыл, ғылым – бұлар – кәсіби. Көзбенен көріп құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили қуаты дүр, бірі ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер пайда болып, жаман нәрседен көңілге жаман нәрсе пайда болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелден кікене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-маз нәрсе болмаса, үлкен еш нәрсеге жарамайтын болады. Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харакетке түсінген адамды ақылды дейміз. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейін?» демек, «құдай тағала сені менен мені бірдей жаратып па?» демек – құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл – ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, естіме, естіген көргеніңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол деген жоқ. Кейбіреулер айтады: Ақыл жибили болмаса да, талап – жибили. Талап берген адам ақылды тапты. Талабы жоқ кісі таба алмады» - дейді. О да бекер. Талап балада да бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой, жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса зораяды деп. Жан қуатыменен адам пайда қылған өнерлерді де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнерінің жоғалатындығын және өзінің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер ал, мен жоғалдым деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді. Жан қуаты дейтұғын қуат – бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып ішке салынған, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онаң соң қайта кәсіп қылуға болмайды. Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болады, адамшылықтан шықты. Біреуі орысша «повижной элемент» - аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «Әй , әттеген-ай! Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның. Біреуін орысша «сила притягательная однородного» - дейді. Ол – бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, кәзір соған ұқсағандары тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды. Үшіншісі, орысша «впечатлительность сердца» - дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егер де бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды. Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі , кесапаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң – айырласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса – жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтерек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады. «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген бұрынғы ғалымдар. Баз махфи олмая ол, мен айтқан үш қуаттың ішінде екеуі, яғни «сила притягательная однородного» бірлән «подвижной элемент»- бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық,өтірікшілік, осыған ұқсаған маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни айтылмыш секілді адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек. Пайда, залалды айратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатбірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде болса, бағанағы екі қуат мұнан салсаң онан шығатын бір жорға атпен тең. Егерде бұл екі қуаттың екеуі де аз болса, бағанағы екі қуаттар – бр басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұрама, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма – құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше.

Материалистік және идеалистік көзқарастар

Ертеден-ақ ерік табиғаты жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі қөзқарас материалистік және идеалистік көзқарастар қалыптасты.

Идеалистер ерікті ми қызметімен де, қоршаған ортамен де байланысы жоқ рухани күш деп санайды. Олар ерікті біздің санамыздың нұқаушылық, қызмет атқаратын жоғары агенті деп санайды. Ерік ешкімге және ешнәрсеге де бағынбайды. Ол еркін. Олардың пікірінше, адам кез келген жағдайда ешкіммен есептеспей-ақ өзінің ойына келгенін істей алады. Ол еркін әрекет етеді. Басқаша айтқанда, адам не тілесе соны істейді, қалауына қарай қылық жасайды. Бәрі оның ерікті еркіне байланысты.

Ерік еркіндігінің идеалистік концепциясы философиялық және этикалық көзқарас тұрғысынан да жалған. Идеалистердің ойынша рух бостандығы әрекет бостандығына алып келеді. Бірақ қоғам мүшелерінің мүдделерімен санаспайтын жеке адам мінез-құлқы мораль және заң нормаларын менсінбеу, кейде оны бұзу болып табылады.

Материалистік ұғым – ерік табиғаты жөніндегі бірден-бір дұрыс түсінік. Онда психиканың басқа жақтарымен бірге еріктің де жүйкелік ми процестері түрідегі негізі болады. Ерікті материядан, мидан бөліп алу мүмкін емес. Материалистер адам қоршаған ортамен өте тығыз байланыста болады деп қарайды. Тиісті сыртқы жағдайлар болмаса, ол өмірін сақтай да, жалғастыра алмайды. Ерік сананың басқа да түрі тәрізді объективтік шындықты мидың бейнелендіруі.

Ерік табиғаты жөніндегі материалистік көзқарасты баяндай және оны идеалистік көзқарасқа қарсы қоя отырып, Ф. Энгельс: «Еркідік табиғат заңдарына ой жоруындағы тәуелсіздікте емес, еркіндік сол заңдарды білуде және сол білудің негізіде табиғат заңдарын жоспарлы түрде белгілі мақсаттар үшін қызмет етуге көндіру мүмкіндігенде» - деп жазды және онан соң: «Олай болса, ерік еркідігі – істі жете біліп, қортынды жасай алуда, одан басқа еш нәрсе де емес» - деді.

Ерік адамның практикалық және танымдық әрекетін ретке келтіруден көрініп, соларды жүзеге асырудан тұрады. Ерік табиғатын материалистік түсіну әрекеттер мен қылықтардың қозғаушы күштері адамның өзінде емес, сыртқы ортада жатады деген жайтты сөзсіз мойындаудан көрінеді. В.И.Ленин: «Адамның мақсаттарын объективтік дүние туғызады және оны өзінің шарты етеді, оны нақты, бар нәрсе ретінде табады. Бірақ адамға өзінің мақсаты дүниеден тыс алынған дүниеге байланысты емес тәрізді болып көрінеді еркіндік» - деп жазды.

Интелектуалдық немесе ассоциациялық теория

Бұл теорияны жақтаушылардың және дамытушылардың бірі Германияда өткен ғасырда өмір сүріп, негізін салған Э.Мейман. Бұлардың айтуынша, еріктік әрекеттердің барлығы ақыл-ой, интеллектпен байланысып, солардың нәтижесінен пайда болады, яғни ерік адамның мұқтаждығы мен қажеттілігі секілді рухани күшінен туындайды. Адам өз мұқтаждықтарын жүзеге асыру үшін мақсат, міндеттер қояды, сол мақсатқа жету үшін алда тұрған бөгеттердің барлығын бұзуға әрекет етеді.

Бұл үшін адам ең алдымен алға тұтқан мақсатын елестетуі керек, содан оны ортаға салып көпшілікпен талқылауы қажет. Сөйтіп адам қандай міндеттер, қандай әрекеттер жасайтынын ақылға салып, оған алдына ала дайындық жасап, содан соң еріктік әрекетті атқаруға кірісіп, оны жүзеге асыруы тиіс. Э.Мейманның айтуынша, адамның ерік-жігері үнемі екіге бөлініп отырады.

  • Бірі – ақыл-оймен байланысты елестеудің пайда болуы,
  • екіншісі – ақыл-ойды қатыстырмайтын жай әрекеттер.

Бұл пікір бойынша ерік өздігінен пайда болады, ол өзінен-өзі еріксіз жүзеге асып отырады. Адам ерікті әрекет ету үшін өзінің бұрынғы көрген-білгенін елестетуі керек, сол елестеудің нәтижесінде адамның ерікті әрекеттері пайда болады. Мұндай көзқарас адамның ерік- жігерін белсенді түрде өзінің әрекеті ретінде қарастырмайды, өздігінен ассоциация заңдары бойынша пайда болатын әрекеттер деп түсінеді.

Ерік туралы эмоциялық теорияны ұсынушы неміс психологы В.Вундт. Оның көзқарасы бойынша, ерік эмоциялық сезімдердің тек бір түрі ғана болып табылады. Ерік ең күшті сезімдердің, аффектердің ерекше варианты. Жағымды сезімдер ерікке негіз болып, оларды тудырып отырады. Әрине ерікті эмоцияның бір түрі деп айтуға болмайды. Өйткені ерік пайда болу үшін, оған адамның түрлі жағымды сезімдері түрткі болмайды, керісінше адамның мұқтаждықтары себеп болады.

Америка психологі Джемс ерік адамда пайда болған ойдың еріксіз қимылға айналуы дейді. Оның пікірінше, адамның қимыл-әрекеттері ой арқылы өздігінен қимылға айналып кетеді. Мысалы, адам көзін жұмып тұрып екі қолын екі жағына созып, бір қолын алдына, екінші қолын артына қарай қимылдатса, адамның қолы өздігінен біраз қимылдай бастайды. Немесе адам жіпке бір тасты байлап, қолын созып жіпке тізген тасты жай айналдырам деп ойласа, жібі қимылдап өздігінен айналғандай болады. Міне, осындайды Джемс ерік әрекеті деп ойлайды. П.К.Анохин әрекет акцепторы деген ұғымды ұсынды. Оның мәнісі – жүйке процестерінің сыртқы оқиғалар барысынан оза жүретіндей тәрізді көрінетіндігінде. Бұрынғы тәжірибе негізінде адам жүйке жүйесіне болақшақта берілетін әсерді алдын ала біледі. Сигнал негізінде мида көп рет қайталау арқылы қалыптасқан жүйкелік байланыстардың бүкіл комплекісі, ассоциациялардың барлық жүйесі қалпына келтіріледі.

П.К.Анохин ұсынған ережелер мінез-құлықтың еріктік реттелуінің механизмі жөніндегі біздің түсініктерімізді тереңдетіп, кеңйте түседі. Творчествалық мүмкіндігі бар болғандықтан, нақты әрекеттің алдын алу механизмі адамда жануарларға қарағанда әлде қайда жақсы жетілген. Адамдағы ассоциациялар жүйесі аз ғана және шалғай тітіркендіргіш негізінде-ақ қалпына келтіріледі.

Бихевиоризм

Психология тарихында бихевиоризм деп аталатын шетелдік механистік бағыт әрекеттің саналы сипатын теріске шығарып, адам әрекетін механикалық тұрғыдан шешті. Сөйтіп,оны жануарлар өмірімен салыстырады. Бұл ғылыми тұрғыдан қателесу еді. Бихевиоризм теориясы бойынша оқу әрекеті, жаттығу тәжірибесі саналы әрекет емес, көп пысықтап, жаттығу нәтижесінде туатын механикалық процесс деп саналады. Механистік психология еріктің материалдық дүниесімен байланысын да жоққа шығарды. Ерік табиғатын, ерікті әрекеттің себебін теріс түсіндірді. Олар ерікте өзін-өзі билейтін бостандық бар, ерікті әрекеттің себебі – «ерік бостандығы», сана адамға не тілесе, соны береді деп бұрмады. Бұл теорияның еріктің ғылыми негізі бола алмайтындығын оның шындыққа сай келмейтіндігінен.

Материалистік ілім тұрғысынан алып қарасақ, адамның ерік бостандығы – себепті байланыстылыққа, детерминизм принципіне бағынатын бостандық. Қиыншылықтарды жеңіп шығу да – ерік бостандығының бір көрінісі.

Ерік туралы спиритуалистік түсінік

Ерік туралы спиритуалистік түсінік мінез-құлықтың шын күмәнсіз формалары мен құбылыстары да лақтырылып тасталуы керек деп ойлау қате болар еді. Оны байрығы психолгия бұрыс талқылап, сипаттаған еді. Бұл мағынада Геффдинг ырықсыз іс-әрект ырықты іс-әрекеттің негізі мен мазмұнын құрайды деген. Ерік еш нәрсені жасамайды, ол құрамайды, әрқашан тек өзгертеді және таңдайды. Ол «ерік өзге психикалық процестердің ағымына процестердің өзіне тән заңмен араласады» деді. Сонымен, ескі психологияның ырықты және ырықсыз іс-әрекетпен қатар, ырықты және ырықсыз есті, түсініктердің ырықты және ырықсыз ағымын ажырытуына толық негізі бар. Геффдинг еріктің сәйкес елестер шақырылғанда алғашқы болып табылмайтынын бекітті. Ерік, - дейді ол, - алғашқы серпілісті тудырады және бұрғылайды, тесік бұрғыланып болған кезде судың ағысы өз күшімен жарып өтуі керек, сонда бізге бір рет жасалғанды ізделіп отырғанмен салыстыру ғана қалады.

Психоаналитикалық зерттеулер

З.Фрейд пен Э.Фроммның психоаналитикалық зерттеулерінің нәтижесінде «ерік адам қылықтарына дем беруші» ерекше қуат деген түсінік ғылымға енді. Бұл ғалымдардың болжамынша, адам қылықтарының көзі психикалық формаға келтірілген жанды ағзаның қандай да биологиялық қуаты. Ал бұл қуат, З.Фрейдше, санадан тыс, ақылдан алшақ, «либидо» (махаббат) жыныстық құмарлықтың психо-сексуальды энергиясы. Мұндай тұжырымдаумен З.Фрейд адам қылығын осы тіршілік жалғастырушы, яғни «либидоның» «мәдениеттестірілген» алғашқы көрінісі (эрос) деп, ал кейін бұл қылық адамның арғы дүниеге (өлімге) ұмтылысының белгісі (танатос) екнін түсіндіріп бақты.

З.Фрейд болжамдары оның шәкерттерінің еңбектерінде қызықты эволюциялық жалғасын тапты. Солардың бірі К.Лоренц ерік энергиясы адамның әу бастан жыртқыш болуынан дегенді алға тартты. Егер осы жыртқыштық қасиет қоғам рұқсат еткен белсенділіктер түрінде жүзеге асып тұрмаса, ол әлеуметтік қатерге айналып, ырыққа келмейтін қарақшалық әрекеттерімен ұштасуы мүмкін. А.Адлер, К.Г.Юнг, К.Хорни, Э.Фромм ерік көріністерін әлеуметтік жағдайлармен байланыстырады. К.Юнг үшін бұл - әр мәдени қауымда ежелден қалыптасқан әмбебап қылық және ойлау түрлері, А.Адлер әкімшілік пен әлеуметтік билікке талпыныс, ал К.Хорни мен Э.Фромм ерікті мәдени ортада өз мүмкіндіктерін іске асыра білудің шарты деп біледі.

Шынына келгенде, психоанализ бағыты өкілдерінің (З.Фрейд және шәкірттері) қай-қайсысы да қортынды пікірлерін – адам әрекеттерінің көзі – қажеттіліктердің мәнді, бірақ тұтастай емес, бір тарапын ғана дәріптеуге бағытталған. Пікір қарсылығын тудыратын тек бұл әсіре ғана емес, адамның өз «тіршілігін сақтау» мен «тұтастығын қолдауды» қамтамасыз ететін ықпалдарды түсіндіру де ғылымдық көзқарасқа сай емес. Адам өзнің биолгиялық болмысы, яғни тіршілігіне қарсы қатерге де баруы тұрмыстан белгілі: соғыстағы ерлік, қауіп-қатерде батылдық т.б. бірақ фрейдшілер бұл жағдайды ескермейді.

И.М.Сеченов пен И.П.Павлов

Еріксіз әрекеттердің физиологиялық негізі болып табылатын шартсыз байланыстар тізбегі –инстинкт әректі ырықсыз орындалады. Психологияның табиғи – ғылыми негіздерін қалаған И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың ілімі ерікті әрекеттердің негізі мұндағы материалдық процестер, сыртқы әсер мен мидың уақытша байланыстары шартты рефлекстер деп түсіндіреді. И.М.Сеченов ерікті әрекеттердің физиологиялық механизімін зерттей отырып, адамның ассоциациялық рефлекстердің жиі қайталану жолымен өзінің қимылдарын жіктеп ажыратуға бейімделетіндігін және сол рефлекстер арқылы қимылдарын тоқтатын қабілетерді игеретіндігін дәлелдейді. Ал И.П.Павлов ерікті әрекеттердің механизімін жоғары жүйке қызметінің барлық заңдарына бағынатын, шартты ассоциациялық процесс деп анықтайды.

И.М.Сеченов пен И.П.Павлов ерік қимылдарының белгілі бір себепке байланысты пайда болатындығын эксперименттік зерттеулермен дәлелдеді. И.М.Сеченов: «Кәдімгі ырықты деп аталатын барлық саналы қозғалыстарымызды бейнелеу мағынасында ұғыну керек». «Адамның кез келген қимылдарының алғашқы себебі одан тыс болады» деп еріктің сыртқы ортадан тәуелділігін және ол ми қызметінің нәтижесі екендігін көрсеткен болатын. И.М.Сеченов:«Ерікке тек жолақты бұлшық еттер бағынады, ал тегіс бұлшық еттер бағынбайды», себебі «жүректің құрлысы жолақты талшықтардан құралған және ерікке бағынбайды, және несеп қуықшасынан зәр айдайтын бұлшық ет тегіс талшықтарға жатады, содай-ақ оған бағынады. Мүмкін болатын басқа принципті қабыл алмаған И.М.Сеченов үшіншіне тоқтап, былай тұжырымдайды: «Ерікке тек санаға қандай да бір анық белгілер мен жіберілетін әрекет бағынуы мүмкін». Осы қағиданы түсіндіре және бекіте отырып, «Бұл көзқарас бойынша аяқ, қол, дене, бас, ауыз, көз және сол сияқтылар санаға анық түйсінулермен көрінетін түрлі жағдайлар айтылуы мүмкін: әрі қарай ерікке дауыс ырғағының бағыныштылығы, сол сияқты олардың жағдайы мен дауыс ырғағының түрлі сипатының сәйкес келуі, бір сөзбен айтқанда, сезім мүшесі арқылы жанама бақылауға жетпейтін, бірақ жанама айқын түйсіктермен ере жүретін барлық әректтер» деп жазды.

И.М.Сеченов ерікті әрекет қалай қалыптасады деген сұрақ қояды. Ол оған байланысты мынадай «күрделі фактіге» назар аударады, яғни адамның қолымен, аяғымен, басымен, денесімен жасалатын ерікті қозғалыс реті қаңқамен де оның бұлшық еттерінің анатомиялық құрылуын анықтайтын мүмкін болатын қозғалыс ретімен салыстырмалы түрде қарастырады. Бұл фактіге жауап беру үшін И.М.Сеченов, ерікті қимыл-қозғалыс ретінде өмір шарттарының күші болып табылатын жаттығулар бөлінеді дегенге саяды. Баладағы ерікті қимылдың бүкіл жасалу жолы осыны дәлелдейді. Ерікті қимыл-қозғалысты өзінің физиологиялық талдауында И.М.Сеченов былай көрсетеді: «Қол, аяқ, бас және дененің барлық қарапайым қозғалыс формалары балаық шақта жатыққан барлық үйлескен қозғалыс сияқты , жүру, жүгіру, сөз, қарағандағы көздің қимылы ерікке жатыққан соң бағынады». Қимыл соншалықты жатыққан сайын, олар ерікке оңай бағынады.

Еріктің физиологиялық механизімін де ми қабығының рефлекстік табиғатына жатады. Ерікті қозғалыс дегеніміз мақсатқа бағытталған қозғалыстар, яғни күрделі шартты рефлекстер. Еріксіз қозғалыстарда тумалық қасиет болса, ерікті қозғалыстар өмірде жүре бара қалыптасады. Ерікті қозғалыстардың рефлекстік табиғатын И.М.Сеченовтен кейін зерттеген И.П.Павлов болды.

Ми қыртысының қозғалыс учаскесінің мидың басқа учаскілерімен байланысы адамның саналы қимылдары мен әрекеттерінің алғы шарты болады. Бірақ мұндай байланыс мінез-құлықты еріктік реттеу механизімін толық қамти алмайды. Бұл жерде информацияның талдағыштан ми қыртысының қозғалыс учаскісіне өтуінің және информацияның қозғалысқа айналу мүмкіндігінің қарапайым жолы ғана көрсетіліп отыр. Ал адамға информацияны жинақтау және соның негізінде әрекет жасау тән. Оның үстіне ол сырттан алынған мағұлмат, білімдерді қорытып талдауға қабілетті. Ал мұның екінші сигналдық көмегімен жүзеге асатыны белгілі. Екінші сигналдық байланыстар ми қыртысының жалпы байланыстар жүйесіне қосылады да, оның қызметін әлдеқайда күрделендіріп жібереді. Мидың күрделі өрнегі тәріздес тұрақты және уақытша байланыстырады оңайлата қарастыратын болсақ, екінші сигналдық байланыстарды талдағыштардың ұштары менмидың қозғалыс учаскесі арасындағы дәнекер буын дер едік.

Екінші синалдық байланыстар негізінде адам мінез-құлқының барлық саналы және мақсатты реттелуі жүзеге асады, алынған информацияның орынын, мезгілін, сипатын, тәсілін, қарқынын т.б. анықтау атқарылады. Екінші сигнал жүйесінің тітіркендіргіштері адам мінез-құлқының қимыл-қозғалыстық бөлігінің ғана белсенділігін арттырып қоймай, ой, қиял, ес тәрізді көптеген психикалық процестердің басталуының сигналы болады, зейінді реттейді, сезімді туғызады. Екінші сигналдар (сөздер) көмегімен адамның бүкіл саналы әрекеті жүзеге асып реттелінеді. Екінші сигналдық байланыстар қимыл әрекеттерді бөгеу, ерікті тежеу қызметінде шешуші роль атқарады.

Сонымен, екінші сигналдық байланыстар информацияның талдағыштан қозғалыс учаскісіне жылжудың бағытын өзгертеді. Бұл информация өте күрделі жолдан өтеді. Қимыл-қозғалыстың ырықты болуы бүкіл ми қыртысының жалпы жұмысының нәтижесі деп И.П.Павлов терең пікір айтты.

И.П.Павлов және оның шәкірттері басқа анализатолар тәрізді қозғалыс анализаторлары да, яғни ерікті қозғалыстар да түрлі тітіркендіргіштерімен уақытша жүйке байланысына түсуге қабілетті екенін көрсетті. Адамның ерікті қозғалыстары ми қабығында бұрын пайда болған уақытша байланыстардың негізінде жасалады. Мұндай қозғалыстар үшін сөз ерекше тітіркендіргіш болып табылады, түрлі қозғалыстарды реттеп, басқарып, тежеп отыратын да осы сөздік сигналдар. Адамның көптеген қозғалыстары іштей сөйлеу арқылы да пайда болып отырады, мұндай сөздер түрлі қимыл-қозғалыстың басталу белгісі. Адам сөз арқылы нұсқау алады немесе бір тоқтамға келеді, алдына қойған мақсатына сәйкес қимыл-қозғалыстарды реттестіреді. Қозғалыс анализаторының жүйке клеткалары мидың орталық сайының алдыңғы жағына орналасқан. осы жерде пирамида формасындағы алып жүйке клекалары бар. Бұл жүйке талшықтары арқылы қаңқаның бұлшық еттерімен байланысып жатады.Қозғалыс анализаторларын құрайтын жүйке талшықтарын жол деп атайды. И.П.Павлов: «Еріктік қозғалыстың механизмі жоғары нерв қызметінің барлық заңына бағынатын шартты ассоциациятивтік процесс» деп ерікті мидың уақытша байланыстар принціпінің заңына орайлас түсіндіреді.

И.П.Павлов ерікті - адам белсенділігіне байлау болатын кедергілерді жеңуде көрінетін әрекетшендік – «еркіндік инстинкті» деп те қарастырады. «Еркіндік инстинкті ретінде ерік аштық қауіп-қатерден де мәнділеу. Егер осы қасиеті болмаса,- деп жазды. И.П.Павлов, - жануар алдынан шыққан елеусіз-ақ кедергіден өте алмай, өлімге душар болар еді». Ал адам үшін кедергілер қатарына әрекетке матау болатын сыртқы әсерлер ғана емес, өз қызығулары мен қажеттіліктерін бақылауға алатын өзіндік сана мазмұнын да болуы мүмкін.

Ерікті әрекеттер мен амалдар мәнісі мен құрылымы жағынан өте күрделі процесс. Немесе ерікті амал, бұл – мазмұны тұрғысынан өте күрделі психикалық әрекет. Бұл әрекет бірнеше кезеңдерден не сатылардан тұрады. Сол сатылардың ретін мынандай сызбамен көрсетуге болады.

Ерікті амал кезеңдері бұл мәселенің мәнін психологиялық тұрғыдан ашып көрсетеді. Әрбір ерікті әрекетте белгілі мақсат бар. Адам қандайда болмасын белгілі бір істі орындау өзінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін өз жағдайын соған бейімдейді. Бұл – алға мақсат қойып, соған ұмтылу, яғни мақсатты әрекет немесе не себептен адам осындай қажеттілікті орындауға тиіс, ол не үшін қажет деген тілек білдіру. Содан кейін осы тілекті орындаудың жолдарымен әдіс амалы іздестіріледі. Олардың ішінен аса қажетті және маңызды дегені таңдап алынады. Айталық мамандықты өзгерту керек, не экскурсияға бару керек болады. Бұл кезеңде адам алдына қойған мақсатын тек қалап қана қоймай, оның мәнін түсінеді, ақыл-ой талқысына салады. Сөйтіп оған қалайда жетуге әрекеттенеді. Бұл ерікті әректтің интелектуалдық кезеңі.

Шешімдердің бөліну теориясы

Нағыз ерікті әрекет адамның алға қойған мақсатына жету үшін белгілі тоқтамға келіп, шешім қабылдауынан көрінеді. Бұл да жауапты кезең. Шешімдердің бөліну теориясы. Ғылым бұл теорияның маңызын зерттеумен ғана шектеліп қалмай, оны математикалық электронды есептеу машиналарына ниеттеледі. Бұл теория көптеген проблемалық мәселелердің дәрежесін зерттеуге де пайдалануда. Кейбір зерттеулердің пайымдауынша, шешімдердің бөліну теорисы адамдар мен ұйымдардың күрделі мәселелерді тияанақты шешіп отыруға ұйытқы болатынын ерекше атайды. Сондықтан бұл теория өндіріс орындары мен шаруашылық мекемелерінде, ғылыми бірлестіктерде және мемлекеттік орындарда кеңінен қолданылады.

Әрине, адам белгілі шешім қабылдап, оны жүзеге асыру жолдарын жоспсрлап алғанымен, көптеген объективті, кездейсоқ қиыншылықтарға ұшырайды. Мұндай жағдайда қолайлы жағдай туғанша, адамның өзі қабылдаған шешімін қоя тұруына тура келеді. Дегенмен, осы шешімді жүзеге асыру оның көкейкесті мәселесі болып қала береді. Осы жағдайға орай адам енді барлық ерік-жігерін өзі көксеген ісін орындауға жұмылдырады. Осы кезеңде кездескен қиыншылықтарды жеңу үшін адам стрестік жағдайға ұшырауы мүмкін. Алайда, қажеттілігін қалайда орындау үшін ол оған барлық саналы еркін бағыттайды. Күш салуда адам:

  • а)мақсатына жете алмағанына қайғырады, бұл мінездегі ерікті әрекетінің көрінісі.
  • ә)іштей ойланып, бойын мақсатына жетуге деген борыштық сезім билейді, ал борыштық сезімнің көбеюі – азаматтық сана.

Дегенмен, адамның уайымы жекеменшіктік сезім мен қоғамдық мақсаттың арасында ауытқу тудырады. Сөйтіп бұл жердегі, ниет күресі адамның екі бағыттың қай жағына қарай ауытқитындығын анықтайды.

Ерік – қайратының күшеюі талпыну тек шешім қабылдау барысында ғана емес, оны орындау кезінде де әртүрлі ауытқу мен уайымға ұшыратуы мүмкін. Бұл ретте сыртқы кедергілерді жою қажет болады. Алға қойған мақсатқа жету үшін адам өз мінезіндегі бұрыннан қалыптасқан мүддесін сенімін, өзін-өзі бағалай білуін, ерік-қайрат қасиеттерін талдап, оларға бақылау жүргізе білу керек. Мұндай әрекет адамның еркін білдіретін психологиялық сапа болып табылады.

Адамның еркі сонымен мақсат қоюдан басталады. Мәселен, орта мектепті бітіретін оқушының арнаулы оқу орнына түсуге талабы бар дейік. Оқушының бұл мақсаты алдына қоюына оның мәдени қажеті, білім алуға тырысуы себеп болады. Кез келген адамнан «сен не үшін оқисың?» деп сұрасаң, оның нендей болса да бір дәлел айтатыны түсінікті.

Адам осылай өзінің келешекте белгілі бағытта істейтін ісінің мәнін, жоспарын белгілейді. Мұны еріктік амалдың бастамасы – тілек немесе ниет деп атайды. Тілек – келешекте істейтін ісіміздің ойға бекуі. Мәселен, «газетке мақала жазсам», «өзенге барып шомылсам», «домбыра тартып үйренсем», т.б. деген сөйлемдерде адамның түрлі тілегі бейнеленген. Бұларда белгілі бір қажетті өтеу көзделген, бірақ оны орындау жолдары әлі де болса көмескі, яғни оның жоспары сызылмаған. Дегемен осы секілді тілектерде еріктік амалға тән талғамалық сипат бар. Ал талғау ниетке ой әрекетінің араласуын қажет етеді. Ой тезіне салу арқылы адам өзіне қажетсіз тілектерді тежейді де, қажеттілерін орындау үшін тиісті жоспар сызып, амал-айла,әдіс қарастырады. Соңғы жағдай ғана адамның тілегін, нақтылы кесімді түрге келтіреді.

Адамның алдындағы мақсаты осылайша айқындалады да, әрекеттің орындалу жолын қарастырады, оны жоспарлайды. Егер адам өзіне мақсат қояр кезде өзіне «Не істеу керек?» деп сауал қоятын болса, әрекетті жоспарлау үстінде «Қалай істеу керек?», «Қандай жолдармен мақсатқа жетуге болады?» деген сұрақтар қояды. Осы арада адам мақсатқа жетудің ыңғайлы жолын іздестіреді, айналасына көз тастап, алда тұрған қиыншылықтардың сыр-сипатын, оны жеңудің жолдарын белгілейді. Мәселен, біреудің стол жасап алғысы келді дейік. Ол алдымен бұған қандай материалдың жарайтындығын, оны қайдан алуға болатындығын, қандай құрал-сайман керектігін, жұмыстың жұмысын т.б. топшалап алады. Қандай болмасын іс-әрекеттің жоспарын жасау – күрделі процесс. Ол – адамның белгілі білімін, өмір тәжірибесінің, ойының орамдылығын қажет етеді.

Мақсатқа жетудің жолдары белгіленіп, жоспар жасалғаннан кейін адамның тілегі оның нақтылы қалауына көшеді. Қалау – мақсаттың айқындығы, оған жеткізетін тиісті жоспардың жасалуы, ойдың бекемдігі. Дегенмен, тілек те, қалау да өздігінен адамның ерік-жігеріне үйлесе алмай, қайшы келіп отырады. Мәселен, орта мектепті бітірген оқушы бірде педагогтық институтқа түсіп, мұғалім болып шықысы келеді. Ол сондай-ақ өзінің ауыл шаруашылығы маманы болғанын да жақсы көреді. Бұл арада оған осы екі мамандықтың біреуін қалау қажет. Ал осы мамандықтар жөнінде толық түсінігі болмаса, ол өз ойынан тайқақтайды, бұлардың қайсысын қалауын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Міне, осындай жағдайда тілек пен қалаудың арасында үйлеспеушілік туады. Мұны психолгияда мотивтер күресі деп атайды. Мұндай түрлі мотивтердің ішінен ақылға қонымдысы – нақты жағдайға тура келетін біреуі жеңеді, тек содан кейін ғана адам белгілі бір тоқтамға келе алады.

Мотивтер күресін Н.В.Гоголь «Үйлену» комедиясында жақсы көріген. Некесі қиылайын деп тұрған надворный советник Подколесин аяқ астында үйленудің тиімді-тиімсіздігін ойлап басы қатады. «Үйленбей жүрген жұрттың шетінен есуас екеніне көзім тек енді ғана жетіп отыр. Қыруар жұрттың, көрер көзге, адасып жүрген-ай десейші. Алда-жолда бір елге патша бола қалдым ғой, қол астымда жалғыз бойдақ қоймай, жұрттың бәрі түп-түгел үйленсін деп әмір берер едім...». Олосы арада ойланып, ақылға салып үйленген жөн шығар, өмір бойы бойдақ болу ақылсыздық болар деген ойға келеді. Бұл оның үйлену жөніндегі бірінші мотиві.Еінші мотив – отбасы бақыты. «Шынында ойлап тұрсам мінеки әне-міне дегенше әйелді боп шыға келгелі отырмын. Сөйтіп, енді, тілмен айтып жекізе алмайтын, тіпті айтуға лайықты сөз де табылмайтын ертегідей бір шырын-шәрбат ләззаттың дәмін татқалы тұрмын». Кенеттен оның басында қарама-қарсы мотив туа бастады: ...Әйтсе де бажайлап, қабырғаммен кеңесе кетсем-ақ болды, тұла бойым түршігіп сала береді. Ары айт, бері айт, өмір бойы, мәңгі бақи қол-аяғыңа күрмеу түсіп, қайтып енді тырп ете аузыңды ашып, жазып ем, жаңылып ем деуге шамаң келмесе шаруаның біржола біткені ғой ...» Подколесин тұрағы жоқ, жағдайдың әуеніне қарай ағатын адам. Оның ойына ар-ұят, адамгершілік дегендер кіріп те шықпайды. Некесі қиылайын деп тұрғанда осылайша әуре-сарсаңға түсуі оның қандай адам екнін жақсы байқатады. «... Шынымен-ақ, тайып кетуге болмай ма екен? Әлбетте болмайды, есік алды, кез келген жерде сапырылсып жүрген жұрт, қайда барасың дейді ғой біреуі. Жоқ, болмайды». Осы жерде ол ашулы терезені көреді де осыдан қарғып кетсем қайтеді дейді.Жоқ болмайды, жерден алыс екен быт-шытым шығар, екіншіден, терезеден қарғу лайық емес, үшіншіден, қалпақсыз қалай қарғымақпын, лайық емес деп тұрып алады. Оның қалпағын досы Кочкарев тығып қойған. Ол ақырында терезе онша биік емес екен, қалпақсыз қарғуға болар деп көшеге қарай қарғып кетеді. Белгілі көзқарасы мен сенімі қалыптасқап адамда мотивтер күресі онша болмайды. Олар көбінесе жеке бастың мотивінен гөрі қоғамдық мәні бар мотивтерді басшылыққа алып отырады.

Сөйтіп, мақсат қою, тілек, қалау, мотивтер күресі, тоқтамға келу бәрі жиналып еріктік қимылдың «даярлық кезеңі» деп аталады.

Еріктік амалдың ең негізгі кезеңі қандай болмасын тоқтамды орындау стадиясы. Өзінің қандай болмасын тоқтамын іске асыратын, оны орындайтын кісіні ғана еркі нағыз жетілген адам деп айтуға болады. Талай жақсы тоқтамдардың жүзеге аспай, орындалмай қалатындары да кездесіп отырады. Бұлай болудың себебі орындалудан қиын мақсатты алға қоюдан, мақсаттың айқын болмауынан, әлі де болса өмірге дұрыс көзқарастың қалыптасунан, өзісіне сенімсіздіктен, мақсат еткен нәрсенді жан-тәніңмен сүймеуден т.б. себептерден болады. Сондықтан адам өзінің алдына шамасы келетін, орындай алатын мақсаттарды қойып, осы жолда түрлі қиыншылықтарды жеңіп отыруы тиіс. Белгілі мінез-құлықтың принципі бар, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен адам ғана нақтылы тоқтамға келе алып, оны қалай да орындаудың тиімді жолдарын таба алады, бұл жода орынсыз солқылдақтық, табансыздық көрсетпейді. Кейбір адамдар өзінің алдына көмескі, бұлдыр мақсат қояды да, ой таразына жақсылап салмайды, сөйтіп оны орындай алмай қалады. Ерекше ой жұмысын керек етпейтін жеңіл мақсатты алға қою да адамның еркін енжар, әлсіз етіп жіберуі мүмкін.Сондықтан белгілі ерік күшін талап ететін, тиісті жұмыстар істеу нәтижесінде қол жететін мақсаттарды ғана алға қоюмыз қажет.

Сонымен, ерік қимылын тікелей қоздырғыштардың қатарына адамның қажеті, оның мотивтері мен мақсаттары, қызығулары, тілектері жатады. Бір нәрсені керексінуі ретіндегі қажеттілік әрекет жасау түпкі ниет болып есептеледі. Қажеттілік негізінде мотив, яғни қимылға ойысу себебі туады. Ал адам не нәрсеге тырысса, сол оның қимыл мақсаты болады. Егер де адам ұмтылып отырған мақсат пен оны осыған ойыстырған мотивтер айтылу болса, онда мұндай ұмтылыс тілек делінеді. Танылып білінбеген ұмтылыс қызығу делінеді. Тілекке қарағанда, қызығу адамның ерік ұстамдылығын аз дәрежеде алады, сондықтан да қызығу мақсаты нақтылы жүзеге асуды сирегірек алады. Адамның еркі алға қойған мақсатқа жетуде бөгет болатын тілектерді жеңе білу қабілетінде, әрі оны қажымай-талмай жүзеге асыра білуінде болады.

Қосымша дерек:

Ерік, ерік-жігер — адамның өз мінез-құлқын саналы түрде меңгере алу қабілеті, оның белгілі бір мақсатқа жету, іс-әрекетті орындап шығу жолында қиыншылықтарды белсенділікпен жеңе білуінен байқалатын ішкі қуаты. Адам қимыл-әрекеттері екі үлкен топқа бөлінеді:

  • 1) Еріксіз әрекеттер (мыс., түшкіру, жөтелу, т.б.);
  • 2) Ерікті әрекеттер.

Ерікті әрекеттер қарапайым қозғалыстан (мысалы, жерге түскен затты көтеріп алу) бастап, ерекше ерлікке (мысалы, жау дзотын кеудесімен жабу) немесе күрделі тарихи қызметке (мысалы, мемлекет құру) дейін болуы мүмкін.

Адам өзінің ерікті әрекетінің алдымен мақсатын белгілейді, бұл тілек немесе ниет түрінде болады. Тілек — келешекте істейтін істің ойға бекуі. Алдындағы мақсаты айқындалған соң, ол әрекеттің орындалу жолын қарастырады, жоспарын сызады. Жоспар жасау — белгілі білімді, өмір тәжірибесін, ой орамдылығын қажет ететін күрделі процесс. Адамның тілегі кейіннен қалауға ауысады. Тілек пен қалау ерік-жігерді толық көрсете алмайды, өйткені бұлар бір-бірімен үйлеспеуі де мүмкін. Осындай жағдайда түрткілер күресі туындайды да, бұлардың нақты жағдайға сәйкес келетін біреуі жеңіп шығады. Содан кейін ғана адам белгілі бір тоқтамға (шешімге) келе алады. Сөйтіп, алға мақсат қою, тілек пен қалау, осы екі түрткінің өзара күресі, тоқтамға келу — бәрі-бәрі жиналып келіп, еріктік амалдың бірінші басқышы — “даярлық кезеңін” құрайды. Ерік әрекетінің негізгі кезеңі — қабылдаған шешімді орындау, жүзеге асыру. Өз шешімін қайткенде де іске асыратын, оны орындамай қоймайтын адамды ерікі жетілген адам деп айтуға болады. Кейбіреулер алдына бұлдыр, көмескі мақсаттар қояды да, оларды орындай алмайды. Ерік сапалары мен қасиеттері адамның іс-әрекетінде қалыптасады. Әрбір адамның өзіне тән ұнамды және ұнамсыз ерік сапалары бар. Еріктің ұнамды қасиеттері: дербестік, батылдық, табандылық, өзін-өзі меңгере алуы мен ұстамдылық. Мысалы, дербестік — адамның алға қойған мақсатын орындау жолында ешкімнің жетегінде кетпей, өз ойымен, сенім-қабілетімен әрекет етуі. Оның қарама-қарсы ұнамсыз түрі — өзгенің сөзіне еріп, иланғыштығы.

  • Батылдық — өз шешімін именбестен ашық білдіруден байқалады.
  • Қорқақтық — батылдыққа қарама-қарсы ұнамсыз сапа.
  • Табандылық — қабылдаған шешімді жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт бойы қажымай, талмай әрекет етуден көрінетін қасиет.

Жаңа дүниеге келген сәбиде ерік болмайды. Оның әрекеті алғашқыда ырықсыз, шартты рефлекстерден тұрады. Баланың ерік сапалары біртіндеп кемелденеді. Ерік тәрбиесінің мақсаты — адам бойында жағымсыз ерік сипаттары көрініс берсе, оларды тежеп, ұнамдыларын жетілдіріп отыру. Ерікті қалыптастыруда адамның өз еркін өзі тәрбиелеу аса маңызды болмақ. Ол үшін адам өзіне-өзі үнемі есеп беріп, тиісті жерінде өзіне бұйырып, ойға алған ісін “жеті рет өлшеп, бір рет пішіп” отыруы тиіс.

Қорытынды

Өмірде біз адамның қалай жұмыс істейтінін, оқитынын, тынығатынын, сүйікті ісімен шұғылданатынын байқаймыз. Біз оның белгіленген мақсатқа жету жолында, ұзақ уақыт талпынатынын, күш-жігер, ақыл-ойын жұмсайтынын, көптеген кедергілерден өтетінін, бойын кернеген сезімді тежеп отыратынын, шаттық пен қанағат әкелмейтін, бірақ қажетті іс үшін кейбір жағымды жайттардан бас тартатынын көреміз. Мұның бәрінде де адам еркі көрініс береді.

Сонымен ерік мінез-құлықтың реттегіші ретінде өмір мен іс-әрекет процесінде қалыптасады. Адам өз еркін коллектив ішінде бола отырып және еңбек, оқу, ойынмен шұғылдана жүріп тәрбиелейді. Іс-әрекеттің қай түрінде болсын, қызығу, көтеріңкі жағымды эмоциялық күй туғызатын элеметтер болады. Бірақ еңбек, оқу және тіпті ойынның өзінде бірсарынды, еш қызықсыз, эмоциялық тартымдылығы жоқ, алайда маңызды, қажетті болып саналатын жайттар да аз кездеспейді. Адам белгілі іс-әрекетпен шұғылдана отырып, субъективтік және объективтік қиындықтарды да жеңеді, бастаған істі әрі қарай жалғастырып, аяқтап шығуға өзін-өзі күштеп көндіреді. Нақ осындай жағдайда, мінез-құлықты саналы түрде реттеу қажет болатын қиын шақта адамның еркі нығайып, шынығып отырады. Осыған байланысты мынаны айта кету керек. Жеке адамның ерік-жігерінің жалпы және өзіндік көрсеткіштері болады. Еріктің дамуы мен адамның еріктік қасиеттерінің қалыптасуында ең маңызды орын алатын күнделікті тұрақты еңбек болып есептеледі. Еңбекте жеке адам коллективтің басқа мүшелерімен міндеттік байланыста болады: бұл міндеттерін орындау үшін ол өз мінез-құлқын коллектив алдында тұрған еңбектік міндетке бағындырып отыруға тиісті.

Сонымен қорыта келгенде ерік деп саналы түрде алға тұтқан мақсатқа жету үшін жұмсалстын жан қуатының белсенділігін және адамның өзін меңгере алу қабілетін айтамыз. Ерік іс-әрекеті туралы әр ғалымның теорияларын сараптай келе, қысқаша қорыта кетейін. Ерік ұғымы тарихи сипатқа ие. Ежелгі қоғамда ерік құбылысын бүгінгі біздің түсінігіміздей танып білмеген. Ол кезде ерік туралы сөз болмаған, олар «даналық мұраты» ұғымын қолданған. Ортағасырлық заманда ерік дербес жасайтын, нақты қайырымды не жауыз құбыжық күштер түріне енген құбылыс деп есептеген. Олардың бұлай түсінуі қоғамның адам әрекет қылығының негізі оның өзінде екенін мойындамаудан. Абай болса, ерікті қырық үшінші сөзінде жибили яғни еріксіз болатын тілек, кәсіби яғни еңбекпен табылған нәрсе деп түсіндірген. Ол ерікті еңбекпен, қайрат-жігермен, ақылмен байланыстыра айтады.

Сонымен қатар ерік табиғаты жөнінде бір-біріне қарама-қайшы екі көзқарас қалыптасты. Олар материалистік және идеалистік. Идеалистер ерікті ми қызметімен де, қоршаған ортамен де байланысы жоқ рухани күш деп айтады. Бұл бірақ қате пікір еді. Ал материалистік көзқарас керісінше оны мидан бөліп алуға болмайтындығын және де қоршаған ортамен тығыз байланыста болатынын айтады. Бұл бірден-бір дұрыс пікір. И.М Сеченов пен И.П. Павлов осы материалистік көзқарасқа қосылады. Олардың ілімі бойынша ерікті әрекеттердің негізі мұндағы материалдық процестер, сыртқы әсер мен мидың уақытша байланыстары шартты рефлекстер деп түсідіреді.

Германия ғалымы Э. Мейманның пікірінше, еріктік әрекеттердің барлығы ақыл-ой, интеллекпен байланысып, солардың нәтижесінен пайда болады, яғни ерік адамның мұқтаждығы мен қажеттілігі секілді рухани күшінен туындайды дейді. Ал З.Фрейдпен оның шәкірттерінің тұжырымдары бойынша ерік санадан тыс, ақылдан алшақ «либидо» жыныстық құмарлықтың энергиясы деп қарастырады. Мен бұл пікірді мүлдем қолдамаймын. Себебі ерік саналы әрекеттен туындайды, адам ақыл-ой арқылы ойлап, қандай да бір әрекетті мақсат қою арқылы жүзеге асырмай ма?

Біз жоғырыда айтып кеткендей ерік әрекеті сонымен қатар түрлі амал кезеңдерден тұратынын білдік. Ерік пайда болу үшін, ең алдымен, оны тудыратын себеп, түрткілер болу керек. Бұлар адмның мұқтаждықтарынан туындайды. Кісінің күн көруі, тіршілік ету үшін оған өзінің табиғи және рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру керек. Ол мақсат қоюдан басталады. Ал мақсат адам мұқтаждықтарын өтеу үшін пайда болып отырады. Қорыта айтқанда амал кезеңдері мынадай сатылардан өтіп отырады. Алдымен адам мақсат қойып соған жетуге ұмтылады. Мақсатқа жету барысында түрлі мүмкіншіліктерді түсіну қажет. Осыдан келіп түрлі ниет-тілектер пайда болады. Ниет-тілектер арасында өзара тартыс болып, қалау туындайды. Қалау мүмкіншіліктерін пайдалана отырып адам бір тоқтамға келіп, ақыр соңында шешім қабылдайды. Міне, сонда ғана адамның қалауы толығымен орындалып, мақсаты жүзеге асады.

Еріктік әрекет себептері сонымен адамның сыртқы ортамен белсенді қарым-қатынаста келуінен туындайды. Еріктің себепті болуы адамды қандай да қылыққа мәжбүрлеп, көндіруді білдірмейді. Адам табиғатынан қоршаған орта жағдайлары болмай, өз өмірін қолдай да, жалғастыра да алмайды. Ерік бостандығы – табиғат пен қоғамның жалпыланған заңдылықтарын терістеу емес, керісінше, адамның оларды жете танып, өз әрекетін соларға сай реттестіре білу.

Әдебиеттер

  • 1. Т. Тәжібаев «Жалпы психология» Алматы 1993.
  • 2. Сәбет Бап-Баба «Жалпы психология» Алматы 2005.
  • 3. Ә. Алдамұратов «Жалпы психология» Алматы 1996.
  • 4. Қ. Жарықбаев «Психология» Алматы 1970.
  • 5. «Психология адамзат ақыл-ойының қазынасы» Мәдени мұра 2005.
  • 6. В.В. Богословский, А.Г. Ковалев, А.А. Степанов,
  • С.Н. Шабалин «Жалпы психология»
  • 7. А.Ш. Намазбаева «Психология»
  • 8. Абай «Қырық үшінші қара сөзі» Алматы 1993.

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}