Геологиялық барлау саласын реформалау сатысы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:58, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Саланы реформалау сатысы. Саланы түбегейлі түрде реформалау сатысы 1985 жылы басталды, ол бүгін де жалғасуда. Орталықтан басқарылатын басы артық құрылымдарды қысқарту мақсатында 1986 жылы Қазақ КРС-ның Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі таратылды. Оның орнына Орал қаласында «Прикаспийгеология» аймақтық бас басқарма (Т.Ақышев, Г.Семенычев, Э.Воцалевский) және Алматы қаласында «Қазгеология» Бас Үйлестіруші геологиялық басқарма (Е.Селифонов, Е.Овчинников, Х.Өзбекқалиев) құрылды, бұлар КСРО Геология министрлігіне тікелей бағынды. «Прикаспийгеология» басқармасының құрамына «Оралмұнайгазгеология», «Ақтөбемұнайгазгеология», «Гурьевмұнайгазгеология», «Қазгеофизика» сияқты қазақстандық геологиялық барлау және геофизикалық бірлестіктермен қатар «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы, сол сияқты Каспий маңы ойысының Қазақстанға жапсарлас өңірлерінде және Қалмақ автономиялық республикасының, Астрахань, Волгоград, Саратов және Пенза облыстарының көршілес аудандарында мұнай мен газға деген іздеу-барлау және геофизикалық жұмыстарымен айналысатын Ресей Федарациясының геологиялық барлау және геофизикалық мекемелері де кірді.

Жоғарыда көрсетілген екі басқарма 1991 жылдың орта шенінде республикамызда қайтадан Геология және жер қойнауын қорғау Комитеті құрылғанша жұмыс істеді, ал бұл Комитет кейінірек қайтадан Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігіне айналды. Бұл геологиялық құрылым кейін де бірнеше рет құрылымдық өзгерістерге ұшырады, оның ізі қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жанындағы Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті түрінде сақталған.

Саланы реформалау сатысында бүкіл өндірістік бірлестіктер әуелі холдингтерге, сосын акционерлік қоғамдарға, бірлескен кәсіпорындарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналды.

Геологиялық барлау жұмыстарын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды, ал жер қойнауын пайдалану Қазақстан Республикасының жаңа заңдарына сәйкес келісім-шарттар негізінде жүргізілетін болды. Мұнай мен газға деген геологиялық барлау бағытындағы ең ірі жобалар халықаралық консорциумдар мен интеграцияланған мекемелер тарапынан жүзеге асырылуда.

Қазақстанда 15 шөгінді алап дараланады, олар: Каспий маңы, Солтүстік Үстірт-Бозащы, Оңтүстік Маңғыстау-Үстірт, Арал, Солтүстік Торғай, Оңтүстік Торғай, Теңіз, Солтүстік Қазақстан, Сырдария, Шу-Сарысу, Балқаш маңы, Зайсан, Алакөл, Батыс Іле және Шығыс Іле алаптары. Аталған шөгінді алаптар ішінде 5 алапта, атап айтқанда, Каспий маңы, Солтүстік Үстірт-Бозащы, Оңтүстік Маңғыстау, Оңтүстік Торғай және Шу-Сарысу алаптарында ғана өнеркәсіптік мұнайгаздылық анықталған. Қалған алаптарда мұнай мен газға деген пәрменді зерттеулер жүргізілмеген, немесе мұндай зерттеулер бір сәттік сипатты иеленген және аз мөлшерде жүргізілген.

Қазақстанның шөгінді алаптары өздерінің геологиялық параметрі және мұнайгаздылығы тұрғысынан өте анық жекеленген. Олардың ішіндегі шөгінді қатқабаттардың көлемі мен мұнайгаздылыққа деген потенциалы тұрғысынан ең ірілері Батыс Қазақстанда орналасқан, бұл өңірде республикадағы көмірсутек шикізатының барланған қорларының және мұнай мен газдың болжамдық ресурстарының шамамен 95 %-ы шоғырланған.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005.

ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}