Арал ауданы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:16, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Үлгі:Әкімшілік бірлік-Қазақстан Арал ауданы Қызылорда облысындағы әкімшілік бөлінісі 1938 ж. ұйымдастырылған. Аудандағы 58 елді мекен, 1 қалалық, 2 кенттік, 14 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Арал қаласы Жер аумағы 68,4 мың км². Тұрғыны 77 мың астам адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,2 адамнан келеді (2006). Арал ауданы облыстың солтүстік-батыс бөлігінде, шөлейт белдемде орналасқан. Аудан жерінің ең биік жері – Шевченко шығанағынан солтүстік-батыста жатқан тау (324 м).

Ірі елді мекендері: Арал қаласы (30,5 мың), Абай (2,3), Сексеуіл (8,9), Жақсықылыш кенттері (5,0) және Шижаға (2,2), т.б.

Жалпы білім беретін 45 мектеп болды. Мәдениет саласында 6 мәдениет үйі, 16 клуб, 37 кітапхана, бір музей, бір кинотеатр тіркелген. Аудандық «Толқын» газеті шығып тұрады. Н. Кенжеғұл атында мәдениет үйінде Қазанғап атында халық аспаптар оркестрі, Сыдықовтар жанұясының ансамблі, «Көңілашар» үгіт-көркемдік бригадасы жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында ауданы аурухана, балалар босанатын үй, психоневрол. диспансер, кеңес беру диагностик. емхана, 2 аурухана, 31 фельдш.-акушерлік және фельдш. пункт, 12 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, тіс емдейтін «Жансая» және «Аралстоммед» ЖШС-тері, 4 дәріхана, ауданы санэпидстанса, лепропункт, т.б. медицина мекемелер халыққа қызмет көрсетеді. Спорт саласында ауданда 192 спорт ғимараттары тіркелген. Ауданда көптеген қоғамдық бірлестіктер («Қайрат», «Ана үміті», «Байқоңыр», «Арал теңізі», «Ұстаз ұлағаты», «Көкжиек», т.б.) жұмыс істейді. А. а. аумағымен Орынбор–Ташкент т. ж. (162 км) өтеді. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 502 км, оның ішінде респ. маңызы бар жолдың ұзындығы 211 км. Байланыс кәсіпорындары мен мекемелерінен 1 ауданы байланыс бөлімі, 18 пошта бөлімшесі, 1 телекоммуникация жүйесі елге қызмет көрсетеді. Ауданда ұзындығы 570,6 км су құбыры тартылған. Электр энергиясын «Дәу летэнерго» ЖШС-і береді. Аудан өңірінен көптеген археол. және мәдени ескерткіштер табылған.

Халқы

Ауданның халқы көпұлтты. Мұнда 20-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Халқының 99%-ын қазақтар құрайды. Одан басқа мұнда орыс, украин, корей, өзбек, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Халықтың басым бөлігі Сыр өзеннің атырауында және Орынбор – Ташкент т.ж. бойында қоныстанған. Тұрғындарының 1 км²-ге шаққандағы орташа тығызд. 6,2 адамнан келеді.

Кен байлықтар

Кен байлықтарынан темір кентасы, тұздар (миробилит, астраханит, ас тұзы), борат, мұнай, және кварц құмдары мен құрылыстық тастар бар.

Климаты

Арал ауданының климаты тым континенттік. Орташа ауа температурасы қаңтарда – 13 – 15°С, шілдеде 24 – 35°С. Жауын-шашынның мөлшері 100 мм-ге жуық. Аязсыз күндер саны 160 тәулік, қар жамылғысы жұқа (10 см), ол 80 күндей жатады. Вегетация кезеңінің жылдық температура жиынтығы солтүстігінде 3400 °C, оңтүстігінде 3800 °C. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлш. солтүстігінде 150 мм, оңтүстігінде 105 мм. Оның 80%-ға жуығы көктем мен күз айларына келеді. Атмосфера қуаңшылықтың орташа мөлшері 50 тәулік. Аудан өте құрғақ агроклиматтық ауданға жатады. Сондықтан гидротермиялық коэффицент 0,3-ті құрайды, яғни ылғалдылығы өте төмен аймаққа жатады. Аудан аумағында желдің басым бөлігі солтүстік-шығыс (22%) және оңтүстік-батыстан (18%) соғады. Қыста солт-тен соғатын жел 24%-ды құраса, жаздағы жел 26%-ды құрайды. Желдің жылдық орташа жылдамд. 4 – 4,5 м/с.

Жануарлар мен өсімдіктер

Аудан жерінде өсімдіктерден жусан, селеу, жыңғыл, сексеуіл, жиде, қамыс, т.б. өседі. Жануарлар дүниесінен құм қояны, сарышұнақ, қосаяқ, түлкі, қасқыр, қарақұйрық мекендейді. Жан-жануарлары зоогеография тұрғыдан Жерортатеңізі облысы, Иран-Тұран провинциясының Тұран округіне қарайды. Мұнда, негізінен, ақ бөкен, құм қояны, қарсақ, борсық, қамыс мысығы (мәлін) дала тышқандарының бірнеше түрлері мекендейді. Өзен-көлдерінде қаз, үйректердің бірнеше түрі мен туыстары, т.б. құстар ұя салады, кейбіреулері жыл бойы Сыр бойы мен теңіз жағалауында қалады. Ауданның өзен-көлдері балыққа бай.

Шаруашылығы

Аудан негізінен қаракөл қойын, ірі қара жылқы және түйе өсіруге маманданған. Қазір бұрынғы кеңшарлар негізінде ұжымдық шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Аудан арқылы Орынбор – Ташкент темір жолы, Қызылорда – Ақтөбе автомобиль жолдары өтеді. Арал ауданы елімізге балық аулау және өңдеумен танымал. Теңіз жағалауындағы елді мекендердің негізгі кәсіпшілігі – балық аулау болып саналады. Кейінгі 20 жыл ішінде Арал теңізінің тартылуына байланысты балық ш. да біршама азайды. Ауданда өнеркәсіп біршама дамыған. Бұрынғы кәсіпорындар мен мекемелер, өндіріс орындары нарық экономикасына өтуіне байланысты жекешелендірілді. Олардың негізінде аудан аумағында 300-ге жуық шаруашылық нысандары ұйымдастырылды (2001). Салалық қатыстығына қарай а. ш-нда, орман ш-нда және аңшылық бағытында 19 нысан, балық аулау ш-нда 37, кен өндіруде 1, өңдеу өнеркәсібінде 13, электр энергиясын өндіру және оны тарату, газ және су мекемелерінде 7, құрылыста 11, сауда, автомобиль жөндеу және үйге пайдаланылатын бұйымдар жасау мекемелері 31, көлік және байланыс мекемелері 11, қаржылық іспен айналысатын мекемелер 2, мемлекет басқару мекемелері 39, білім саласында 36, денсаулық сақтау және әлеум. қызмет көрсетуде 27, басқа да коммунальдық, әлеум. және қоғамдық ұйымдар саны 51 (2001). Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарына «Аралтұз», АҚ, Вагон жөндеу зауыты, Сексеуілді локомотив жөндеу зауыты, «Қамыстыбас» балық питомнигі т.б. жатады. Ауданда 1995 жылға дейін 25 ұжымшар, 16 балық зауыты, балық қабылдайтын 75 пункт, механикаландырылған 4 машина ст-сы болған. Жылына 500 т балық ауланып отырған. Еділ жағалауы өңіріне қуаңшылық пен аштық жылдарында (1930 – 40) Арал өңірінен 14 вагон балық жөнелтілген. Арал т. суының тартылуы және еліміздің нарық экономикасына өтуіне байланысты ауданның ауыл шаруашылық біршама өзгерістерге ұшырады. Қазір аудандағы а. ш-на пайдаланылатын жердің аумағы 12,93 мың км², оның ішінде ерекше қорғалатын жердің аумағы 167,9 км² (Барсакелмес қорығы), орман қорының аумағы 6,37 мың км², су қоры 22,3 мың км², мемлекет жер қоры 10,86 мың км². Ауданда 2001 жылдың басында а. ш-нда 101 агроқұрылым болды. Оның ішінде 4 ЖШС, 2 АҚ, 5 ӨК, 90 шаруа қожалығы болды. А. ш-на жарамды жердің аумағы 2,03 млн. га, оның ішінде жыртылған жері 619 га, тыңайған жер 2715 га, шабындық 9442 га, жайылымы 2,02 млн. га, бау-бақша 357 га. Аудан бойында 2000 ж. 930 т күріш жиналды. Ірі қара малдың саны 21,14 мың бас, қой мен ешкі 90,33 мың бас, жылқы 11,7 мың бас, түйе 13,3 мың бас болды. Шағын кәсіпкерлік саласында (жалпы саны 98) 2001 жылдың басында заңды тұлғалар бойынша өнеркәсіп саласында 5, балық ш-нда 31, а. ш-нда 13, құрылыста 2, көлік және байланыста 2, саудада 23, басқа шаруашылық нысандарының саны 22.

Аудан географиясы

Оңтүстік бөлігін түгелдей Арал теңізі алып жатыр. Аудан батысы мен солтігінде Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстік-шығысында Қызылорда облысының Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстанмен шектеседі. Тұран ойпатында орналасқан аудан батыста Үлкен және Кіші Борсық құмдары, солтүстік-шығысын Баршақұм, шығысын Арал Қарақұмы алып жатыр. Арал теңізі жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Қарашоқы (283 м), Алтыншоқы су (209 – 247 м аралығында), т.б. таулар кездеседі.

Жер бедері, негізінен қоңыржай белдеудің Солтүстік Арал провинциясын алып жатқан жазық ландшафттан тұрады. Солтүстік-батысында біршама көтеріңкі, аласа келген қыраттар мен таулар орналасқан. Аудан жерінің ең биік жері – Шевченко шығанағынан солтүстік-батыста жатқан тау (324 м). Солт-нде Алтыншоқысу (абсолютiк биіктігі 249 м), Тербенбес (208 м), Көлқарашоқы (240 м), Көкарал түбегінде Дәуіт (161 м), Көктырнақ түбегінде Үшшоқы (188 м) таулары орналасқан. Бірнеше ірі құмды алқаптар бар. Олар – солтүстік-батысындағы Кіші Борсық құмы, солт-нде Баршақұм, орталығы бөлігінде Арал Қарақұмы, Жіңішкеқұм, Дарбас құмы. Арал т. жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков, Сарышығанақ шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Түбектерде Изенарал, Ұзынарал, Қаратөбе, Домалақ, Айдарлы, т.б. мүйістер бар. Ауданның солтеңізінің құмды-төбелі өңірінде малға жайлы шұратты жерлер көп. Әсіресе қыстаулар (Бөбешік, Мейірман, Манасбай, Көкқабақ, Дөңгелексор, Науша, Шұрық, т.б.), жайлаулар (Қарабұлақ, Шағатай, т.б.) және құдықтар (Төртқұдық, Берді, Аймандай, Ұзақбай, Нұраөлген, Ақтан, Сабырбай, т.б.) орналасқан. Аудан аумағы геол. тұрғысынан Тұран плитасының мезозой-кайнозой шөгінділерінен түзілген. Оңтүстігінде Әмудария мегаантиклиналімен шектеседі. Шөгінділерінің қалыңд. 1000 – 1500 м-ден (шығысында) теңіз жағалауында 2000 м-ге жетеді. Ауданды екі бөліп Аралға құятын Сырдария өз. ағып жатыр. Оның атырауында аудандағы көлдердің басым бөлігі орналасқан. Ірілері: Қамыстыбас, Тұщыбас, Шөмішкөл, Ақшатау көлдері, т.б. Атырауынан біршама алыста жатқан көлдерге Жақсықылыш к. жатады. Жер асты суы солтүстігінде сәл кермек татиды (5 – 8 г/л), солтүстік-шығысында тұщы (1 г/л), орталығы бөлігі мен Сырдың атырауында сәл кермек және кермекті (3 – 5 г/л). Грунт сулары ауданның солтүстігінде 3 – 10 м, орталығы 2 – 3 м тереңдікте. Су қабаты негізінен құмдақты-сазды, кейде сазды-батпақты қабатта кездеседі. Аудан аумағында Арал – Сексеуіл артезиан алабы жайласқан. Артезиан суы альб-сеномен, және палеоген-неоген (негізінен, эоцен және палеоцен) қабатында. Солтүстік-шығысында артезиан суы 100 – 200 м, ортасында 200 – 300 м, теңіз жағалауында 20 – 150 м тереңдікте жатыр. Судың минералд. сәл кермектен (5-тен 50 г/л) тұщыға дейін (1 – 3 г/л) өзгереді. Аудан өте қуаң шөлді белдемде жатқандықтан оның топырағының басым бөлігі сұр, сортаңды сұр, құмды және тақыр тәрізді топырақтан тұрады. Сыр бойы (аңғары мен жайылмасында) шалғынды сұр, бозғылт сұр және батпақты-сазды топырақ қалыптасқан

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер Үлгі:Қызылорда облысы Үлгі:Арал ауданы елді мекендері {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}