Арабтар Орта Азияда

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:11, 2017 ж. сәуірдің 19 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Сурет:Map of expansion of Caliphate.svg
Араб халифаты Али мен Омейяд әулеттерінің билігі

Арабтар Орта Aзияда Араб түбегіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және этникалық үрдістердің барысында араб халқы қалыптасты және VII ғасырдың бас кезінде жаңа діни жүйе — исламның негізінде мемлекет құрылды. Мұнда феодалдық қатынастар қалыптасып, нығайды, алайда рулық-тайпалық ұйым, әсіресе көшпелілер арасында әлі күшті еді. Мұхаммед өлгеннен (632 ж.) кейін Араб түбегінің әр жерінде билік үшін күрес өріс алды, халық қозғалысы басталды. Араб шонжарлары ішкі қайшылықтарды әлсіретіп, дінбасылары билейтін мемлекетті нығайту мақсатында, соғыс олжасына кенелу үшін жаңа жерлерді жаулап алу жолына түсті.

633 жылы арабтардың «дін үшін соғыс» деген ұранмен жаулап алушылық жорықтары басталды. Аз уақыттың ішінде олар Иран, Сирия, Палестина, Египет, Ирак жерлерін басып алып, Орта Азияның оңтүстік облыстарына жақындады.

Арабтар Орта Азияда. Арабтардың жаулап алуы басталған қарсаңында Орта Азия мен Қазақстан аумағының көп белігі Батыс түрік қағанатынын билігінде болған еді. Орта Азияның көп иеліктерін түрік немесе аралас текті әулеттер басқарды. Иран тілдес халық пен түрік тілдес халық арасында тығыз жақындасушылық белен алды. Шаруашылық қарым-қатынастар ұлғайып, экономикалық байланыстар өсті. Бұл факторлар араб жаулап алушыларына бірлесіп тойтарыс беруді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды.

Арабтар 705 жылы шапқыншылықтар тактикасынан Әмударияның шығыс жағындағы аймақ — Мауараннахрды жаулап алуға көшті. Хорасан билеушісі Кутейба ибн Муслим Балхты басып алып, 706 жылы Пайкендке (Бұхараға таяу) қарай беттеді. Түргештер соғдылықтарға көмекке келді. Түріктер мен соғдылардың біріккен қолы араб әскерлеріне қатты соққы беріп, оларды қоршап алды. Хорасан билеушісі Кутейбаның алдап-арбауының арқасында ғана одақтастарды біріне-бірін айдап салып, қоршаудан шығып кетуге мүмкіндік туды. 708 жылы Кутейба Рамитанды (Бұхара облысындағы қала) ұрыссыз алды, бірақ жеңісті баянды ете алмады. 709 жылы Кутейба Мауараннахрға тағы да аттанып, Бұхараның маңына таяп келді. Түрік-соғды тобы араб әскеріне елеулі соққы берді. Кутейба тағы да алдап- арбау тактикасын қолданып, соғды патшасы Тархұнды түріктердің көмегінен бас тартуға мәжбүр етгі, ал араб әскері Бұхараны басып алды.

712 жылы Кутейба хорезмшах пен бұхархудат әскерлерімен бірге Самарқанға бет алды. Соғдылықтар Шаш патшасынан, түрік қағанынан және Ферана ихшидынан көмек сұрады. Одақтастарды түрік қағанының кіші баласы Инел-қаған басқарды. Соғды патшасы Гуракқа көмекке келе жатқан қолдың жолын жансыздар арқылы біліп алған арабтар торуыл жасап, ақсүйек жауынгерлерден құрылған таңдаулы түрік отрядың талқандады. Самарқан табандатқан бір ай бойы қорғанғанымен, ақырында Гурак Самарқан үшін өте ауыр шартқа қол қоюға мәжбур болды. Қалада кетеріліс болуынан қауіптеніп, Кутейба осында өзінің отрядын қалдырды.

712 жылы Орта Азияға түргештерді талқандаған Шығыс түріктерінің қағаны Мочжоның әскері келді. Мочжо әскері «соғды халқын жайғастыру» үшін Сырдариядан жүзіп өтті. Бұл кезде самарқандықтар араб билеушісіне қарсы көтерілген болатын, тап осы кезде оған түрік қағаны келіп шабуыл жасады. Бірақ бұған Кутейба келіп үлгеріп, араб гарнизонын толық талқандалудан сақтап қалды. 712—713 жылдары түріктердің, соғдылардың, шаштықтардың және ферғаналықтардың біріккен қолы арабтарға қарсы шықты. Бұған жауап ретінде Кутейба қалың қол жинап, отрядтарын Ферғана мен Шашқа жіберді. Шаш қоныстарының көпшілігі өртеп жіберілді.

Арабтар Оңтүстік Қазақстанда. 714 жылы Кутейба Шашты басып алып, Испиджабқа жорық жасады. Ол Мауараннахрдағы араб өктемдігіне Түргеш қағанаты мен Орта Азия мемлекеттері одағының қандай кауіп төндіретінің түсінген еді.

723 жылы Ферғана қарлұқтары түріктермен және шаштықтармен бірігіп, арабтарды мықтап женді де, оларды Ходженттен Самарқанға дейін қуды. Күресте екі жақ кезек жеңіп отырды. 724 жылы араб әскері Ферғанаға кіріп, оның астанасы Қасанды қоршап алды. Ферғаналықтарға Сұлу бастаған түргештер көмекке келді. Арабтар асығыс кейін шегіне бастады, бірақ Шаш пен Ферғана әскерлері оларды Сырдариядан күтіп алып, қирата соққы берді, бұл арабтарды ұзақ қорғанысқа көтуге мәжбүр етті.

Араб - тургеш қатынастары

Түргештер өздерінің дәуірлеп тұрған кезеңінде Мауараннахрға билік жүргізуде арабтармен таласатын құдіретті күшке айналды. Түргештер әскер күшімен қолдаған халық көтерілістері нәтижесінде арабтар Мауараннахрдан түгел дерлік қуылды. Түргештердің қағаны арабтарға қарсы батыл да пәрменді қимыл жасады, мұнысы үшін арабтар оған «Әбу Музахим» (Сүзеген) деген ат қойды. 737 жылы ол арабтарға қарсы аттанып, Тоқарстанға дейін жетті, мұнда қарлұқтардың жабғуымен бірікті. Жетісуга қайтып келген жерінде қаған кісі қолынан еліп, түргештер елінде өзара қырқыс басталды.

Түргеш қағанатының әлсіреуін пайдаланып, Хорасандағы араб билеушісі Насыр ибн Сейяр 737-748 жылдары Орта Азияның бірқатар аймақтары мен Қазақстанның оңтүстігіне бірнеше рет жаулап алушылық жорықтар жасады. Арабтарға қарсы күрес жалғастырыла берді, жер-жерде арабтарға қарсы бой көрсетулер болды, бірақ бұлар қарудың күшімен жаншылып басылды. 737—739 жылдары Насыр ибн Сейяр Самарқандағы, Шаштағы, Фарабтағы көтерілістерді тұншықтырды.

748 жылы қытайлар Суябты уақытша басып алып, қиратты, ал келесі жылы Шаштың билеушісі өлтірілді. Оның баласы арабтардан көмек сұрады. 751 жылы Таразға жақын жердегі Атлах қаласының түбінде араб қолбасшысы Зияд ибн Салих пен кытай қолбасшысы Гао Сянь-чжидің арасында орасан зор шайқас болды. Шайқас бес күнге созылды. Шешуші кезде қытай тылында қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шықты. Қытай әскері түгелдей талқандалады.

766 жылы Жетісуда билікті басып алғаннан кейін арабтарға қарсы күресті қарлұқ жабғуы басқарды. Ферғана қарлұқтарының күресі жандана түсті. VIII ғасырдың екінші жартысында арабтар халықты «тыю» үшін Ферғанаға бірнеше рет жорық жасады. Жетісу қарлұқтары өз тайпаластарын қолдады, осы себепті 792—793 жылдары Гитриф ибн Ата қарлұқ жабғуын ығыстырып шығару үшін Ферғанаға Әмір ибн Жамилді жіберді.

VIII ғасырдың екінші жартысы қауырт тарихи оқиғаларға, көтерілістер мен бүліктерге толы. Арабтарға қарсы және мұсылмандыққа қарсы сипаттағы ең күшті халық көтерілісі Орта Азиядағы Муканна қозғалысы болды, оны Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың түрік тайпалары қолдады. Халық көтерілістері IX ғасырдың бас кезінде де тоқталған жоқ. 806 жылы Соғдыда Рафи ибн Лейс бастаған бүлік шықты, оған «Шаштың билеушісі өзініңтүріктерімен», құрлұқтар, тоғыз-оғыздар және тибетгіктер қатысты. Арабтар бүлікті басып, 810 жылы қарлұқтардың қаласы Құланға189 (қазіргі Луговое қонысы) жорық ұйымдастырды. Хорасанның билеушісі Мамұн 811 жылы халиф Әминмен соғыс басталар алдында өзінің уәзірі Фадл ибн Сахлге маған соғысты ең бір қолайсыз жағдайда, қарлұқ жабғуы бағынудан қалып тұрған кезде бастауға тура келіп тұр деп шағынады. Отырар патшасы бұрын төлеп жүрген алымын төлеуден бас тартады. Фадл Мамүнға жабғуға хат жазып, оның қазір иеленіп отырған аймақтарын сыйлыққа беріңіз, ал Отырар патшасынан рақымдылық ретінде бір жыл алым алмайтын болыңыз деп ақыл берді. Бірақ, бітімге келудің сәті түспеді.

Қарлұқтар ұйғырлардан ойсырай жеңілген жылы (812 ж.) Фадл ибн Сахл Отырар аймағына басып кірді, онда шекаралық қамалдың бастығын өлтіріп, қарлұқтар жабғуының екі баласы мен әйелін тұтқынға алды, ал жабғудың өзін қимақтар еліне барып бас сауғалауға мәжбүр етті. Бірақ бұдан кейін де жағдай тынышталмады. Араб тарихшылары Фарабтың, Испиджабтың және Шаштың арабтар үшін ең бір тынышсыз иеліктер болғанын атап өтеді.

IX ғасырдың бас кезіңде араб халифатының бұрынғы саяси бірлігі бұзыла бастады. Мауараннахр халықтарының арабтарға қарсы толассыз күресі мұнда жергілікті феодал ақсүйектердің билікті басып алуына қолайлы жағдай туғызды. Солай болып шықты да. IX ғасырдың 20-жылдарынан бастап Хорасан мен Мауараннахрды жергілікті Тахирилер мен Саманилердің әулеті биледі, олар Бағдатқа салық төлеп тұрды, ал басқа жағынан шың мәнінде тәуелсіз болды.<ref>«Қазақстан тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. — Алматы: Атамұра, 2010.—59 ISBN 978-601-282-026-3 </ref>

Дереккөздер

<references/>