Андромаха

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

07:58, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

"Андромаха" (фр. Andromaque) - француз драматургі Жан Расиннің 5 актілі трагедиясы. Александрия өлеңімен жазылған. "Андромаханың" премьерасы 1667 жылдың 17 қарашасында Лувр сарайында Людовиктің қатысуымен ашылған.

Негізгі кейіпкерлер

Сюжеті

Оқиға Троя соғысынан кейін Эпир елінің астанасында өтеді. Орест Пирр билеушіге елші ретінде арнайы сәлемдемемен келеді: Ахиллдың ұлы тұтқындағы Гектордың жесірі мен оның кішкентай ұлы Астианаксты өлтірмей, панасына алып отырған көрінеді.Бұған гректер жағы наразы екен. Бірақ Орестті Пирр сарайына жетелеген елші ретіндегі парызы ғана емес, билеушінің қалыңдығы болған сұлу Гермионаға деген ессіз ғашықтығы болатын. Ал, Орест күйеу жігіттің Геримонаға не тәж кигізбегенін, не тұрмысқа шығуға ұсыныс жасамағанын біледі. Пирр қалыңдығын ұмытып, әлі күнге дейін Гекторды сағынумен және жалғызы үшін өмір сүріп жүрген Андромаханың махаббатына қолы жетпей дағдарып жүрген болатын. Пирр Андромахаға өзіне деген жеккөрушілігін қалайда сүйіспеншілікке алмастырмаса, Астианаксты гректердің қолына тапсыратынын айтып кіжінеді. Орест Гермионамен кездеседі де оның осыншалықты азап шеккеніне қарамастан Пиррді қалтқысыз сүйетіндігін көреді. Дегенмен Гермиона өзінің жүрегі жеккөрушілікке толы екенін, Орестпен кетуге дайын екенін, бірақ мұны билеушінің рұқсатынсыз жасай алмайтындығын айтып сендіреді. Орест Пиррге қалыңдығының соншалықты қымбат еместігін әрі оның оңай келісім беретінін біліп батыл кіріп барады. Ал, Пирр өзінен тыс Андромахамен болған әңгімеден кейін баланы гректерге беріп, Гермионаға үйленуге шешім қабылдағанын жариялайды. Бұл Орестке төбеден жай түскендей әсер етеді. Ол Гермионаны сарайдың қуыс-қуысын жақсы білетін досы Пиладтың көмегімен алып қашпақшы болады. Ал, Гермиона Орестті есінен тарс шығарып, Пиррдің өзіне оралғанына сеніп, бақыттан басы айналады. Андромаха билеушінің Астинаксты шынымен өлімге жіберуден тайынбайтынын түсінеді. Ол тәкаппарлығын шетке ысырып қойып Гермионадан көмек сұрауға арланбайды, сосын Пиррдің аяғына жығылады. Ал билеуші егер Андромаха үйлену туралы ұсынысты бүгін қабыл алмаса, баланы гректерге жіберетінін айтады: "Сізге жар, оған тамаша әке бола алатыныма сенемін. Егер қабылдамасаңыз, балаңызды еш шүбәсіз ана дүниеге аттандырамын". Андромаха ұсынысты қабылдауға мәжбүр болады, бірақ сонда да астыртын жоспар құрады:

Билеуші сертін храм естісін,
Шіркеу ішінде ұлымды беремін.
Мен үшін мәнсіз мына өмірге,
Қанжармен мәңгі нүкте қояйын.

Масаттанған Пирр тойға әзірлікті бастап жібереді, ал оның өзінен қайта теріс айналуы Гермионаның ашуын оятып, кегін қоздатады. Ол Орестті Пиррді өлтіруге үгіттейді, егер билеушіден құтылса онымен бірге қол ұстасып қайда болса да кетуге даяр екендігін айтады. Аз тыныстан соң Орест қайтып келіп, билеушіні өлтіргенін хабарлайды. Кенеттен ақылға келген Гермиона істеген ісінің байыбына енді барып, оны "кешірілмес қылығы" үшін қарғап-сілеп, тілдей бастайды: "Бәріне сен кінәлісің, оңбаған зұлым!... Қайғы әкелуші қандықол неме. Көзіңді жоғалт мұнан!" Тұла бойын әп-сәтте ашу баурап, ақыл-есін жоғалтқан Гермиона өзін қанжармен жарып жіберіп Пиррдің жансыз денесіне құлап түседі. Осы арада Оресттің досы Пилад келіп, сарайға Андромаханың астыртын жетекшілік етуімен ұйымдасқан, "жаңа күйеу үшін бойларын кек кернеген" ашулы топ келе жатқанын жеткізеді. Орест қашудан бас тартады, бірақ Гермионаның көз алдындағы өлімін көріп есінен танып қалады. Оны Пилад көтеріп алып кетеді.

Сыртқы сілтемелер