Амангелді (фильм)

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

18:47, 2017 ж. сәуірдің 18 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Үлгі:Кино "Амангелді" көркем фильмі қазақ киносының тарихынан үлкен орын алады. Кинотуынды төңірегінде көптеген пікірлер айтылды да, айтылып та келе жатыр. Алғаш қазақ кинотанушысы Қабыш Сиранов 1944 жылғы мақаласында былай деп жазған : "1937 жылы Ленин орденді "Ленфильм" киностудиясы толықметражды "Амангелді" дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды. Картина режиссері Моисей Левин болды. Бұл фильм ұлттық кинематографияның негізін қалаған ең алғашқы киносуретіміз болып табылады". ("Кино жылдар ойлар", Алматы "Өнер" 1983 ж. 10 бет).

Расында аталмыш фильм қазақ кино өнерінің тарихында өзіндік орынға ие. Ұзақ уақыт бойына "Амангелді" фильмі қазақ кино өнерінде алғашқы төл туынды деп есептелініп келді. Дегенмен бұл қате пікір! Себебі аталмыш фильм "Ленфильм" киностудиясының туындысы болып есептелінеді, және де фильм аталмыш киностудияның тапсырылысымен түсірілді. Сондықтан "Амангелді" - Қазақстан тақырыбындағы алғаш дыбысты көркем фильм деп санау керек. Осы мәселе бойынша қазақ кинотанушысы, кино тарихшысы Бауыржан Нөгербек өз пікірлерінде айтып кетеді. Қабыш Сирановтың келтірген мақаласында сценарий авторы: "Ғабит Мүсірепов пен Всеволод Иванов", - делінген. Ал ақиқаты екеуінен бөлек, сценарий жазуға Бейімбет Майлин де ат салысқан еді. Сол жылдардағы кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен бұл жазушымыздың есімі титрден алып тасталынды. Тіпті, Ғабит Мүсірепов есімі де алып тасталған кездер де болған.

"Амангелді" фильмі 1938 жылы экранға шықты. Сценарий авторлары: Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Всеволод Иванов, қоюшы режиссеры: Мойсей Левин, операторы: Хечо Назарьянц. Сонымаен қатар фильмге қазақтың ұлы актерлері түсті. Басты рөлді, яғни Амангелді бейнесін театр актеры Елубай Өмірзақов сомдады. Одан бөлек Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Рахметулла Салменов секілді әртістер фильмге қатысады. Тарихи революциялық, биографиялық фильм болғандықтан фильмнің көркем шығуы драматургиялық жұмыс, режисуралық жұмыс пен актерлық жұмысқа байланысты еді. Жобаның артықшылығы - фильм қазақтың батыры Амангелді жайында болғандығы. Ал фильм идеясы Кеңес үкіметін насихаттауға бағытталды. Өкінішке орай бұл туындыдан Амангелдінің, сарбаздарының бейнесінен қазақи мінезді байқау қиын.

Сюжет

Фильм Амангелді батыр мен сарбаздарының ерліктері жайлы баяндалады. Басты жетістік - Елубай Өмірзақов сомдаған Амангелді бейнесі еді. Себебі актер Амангелді бейнесін кезең сипатымен тұтастықта бере алды. Сонымен қатар Елубай Өмірзақов фильм заңдылығына сәйкес кейіпкер мінезін терең ашты.

"Амангелді" фильмінің ерекшеліктері

  1. Қазақ кино драматургиясының қалыптасуына әсерін тигізді. Осыдан кейін басқа жазушыларымыз осы салаға қызығушылықпен ат салыса бастады.
  2. Алғашқы қазақ актерлеріміздің шеберлігін шыңдады. Ұлттық кино актерлер мектебінің пайда болуына алып келді.
  3. Ұлттық режиссураның қалыптасуына да үлесін тигізді. Осы жобадан кейін қазақ режиссурасының қажеттілігі туындайды.
  4. Тарихи революциялық жанрдың дамуына әсерін тигізді

Қызықты мәліметтер

  • "Амангелді" фильмі қазақ елі көрген ең алғаш "дыбысты" көркем фильм
  • Аталмыш фильмге қазақтың тұңғыш режиссеры Шәкен Айманов та ойнаған (эпизод)
  • Бастапқыда, 1936 жылы Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин "Амангелді" деп аталатын пьесаға сценарий жазған. Кейіннен фильмге осы сценарий пайдаланылды.
  • Қазір бұл картина Қазақ киносының "Алтын қорына" кіреді.

Дереккөздер

http://kinostan.kz/story/view?id=5