Қожақан Шәкенов

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қожақан Шәкенов (25.11. 1929, қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданы Сарыбел ауылы — 27.4. 1971, Алматы) — ғалым-анатом, нейроморфолог, медицина ғылымдарының кандидаты (1960).

Алматы мемлекеттік медициналық институтын (1953) және оның аспирантурасын (1956) бітірген. 1956 — 1960 жылы сол институттың қалыпты анатомия кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент болды. 1960 — 1971 жылдары стоматология факультетінің деканы қызметін атқарды.

Негізгі ғылыми еңбектері адам морфологиясы мен мектеп гигиенасына арналған. Шәкенов “Мектеп гигиенасы” (А., 1965) атты оқулық жазды. Бала организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері, мектептегі оқыту, күн тәртібін белгілеу, сондай-ақ зертханалар мен арнаулы кабинеттерді жабдықтаудың гигиеналық талаптарын мазмұндаған бұл кітап әлі күнге дейін ғылыми-әдістемелік құндылығын жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар Шәкенов анатомия пәні бойынша латынша-қазақша-орысша сөздікке (акадик А.Рақышев) редактор болды.

1967 жылы стоматология факультетінің деканы ретінде қазақ студенттерін ана тілінде оқытатын топтар ұйымдастырғаны үшін оған “ұлтшыл” деген кінә тағылып, қудаланды. Бұл қадам — сол кездегі саяси жағдаймен салыстырғанда нағыз ерлік болып табылады.

Шәкенов “Қуық жүйке аппаратының вегетативтік және орталық жүйке жүйесінің өзара байланысын экспериментті-морфологиялық және салыстырмалы-анатомиялық зерттеу” деген тақырыпта докторлық қорғау қарсаңында қайғылы қазаға ұшырады. Өмірі ерте үзілген жас ғалымның еңбегін бағалап, қазіргі Қазақ Ұлттық медициналық университеті ректоратының 1993 жылы 8 желтоқсандағы шешімімен стоматология факультетінің үздік студентіне Шәкенов. атындағы арнаулы стипендия тағайындалған.<ref>Жетісу энциклопедия. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004 жыл. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}