Қазақ хандарының шежіресі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

20:40, 2011 ж. маусымның 22 кезіндегі Zhanik ast (Талқылауы) істеген түзету

ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ГЕНЕАЛОГИЯСЫ – қазақ мемлекетінде (14591847) билік жасаған әулет шежіресі. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан бастау алады. Қазақ хандарының атасы – Орыс (Өріс) хан. Оның аталары жөнінде тарихи әдебиетте екі жақты пікір қалыптасқан. Бірінде оны Жошы ханның 13-ұлы Тоқай Темір әулетінен таратады (“Нұсрат-Намэ”, “Муиза ал-ансаб”, “Түрік шежіресі” (Әбілғазы), “Шыңғыс-Намэ” (Өтеміс қажы), кейіннен Ш.Уәлиханов пен Ш.Құдайбердіұлы, т.б.). Осы жазба деректерге байланысты Қожа Ахмет Иасауи мазарында қойылған хандар тақтасында қазақ хандары “Тоқай Темір әулетінен” деп жазылған. Екіншісінде – Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды (Ф.Рашид-ад Дин, В.Вельяминов-Зернов, П.Савельев, Т.Сұлтанов, т.б.). Орда Ежен Жошы ұлысының сол қанатын басқарды, Жошының 5-ұлы Сыбан (Шайбани) мен Тоқай Темір сол қанаттың құрамындағы кіші отаулар болды. Батыс жорығы аяқталғаннан кейін Бату хан 1241 ж. Тоқай Темірге Солт. Кавказдан үлес берді. Кейіннен Тоқай Темір әулеті Қажы Тархан (Астрахан), Кавказ, Қырым аймақтарын басқарды. Махмуд ибн Уәлидің “Бұхар ар-асрар” еңбегінде бұл әулет “Ханеан-н Тукайтимурийандықтар” деп аталып 14 ғ-дың бас кезінде отырықшы халықтарды басқарғанын және Алтын Орда құлағаннан кейін “Хан-оғландары” атанғанын жазады. Мұның бәрі қазақ хандарының Тоқай Темір әулетінен емес екенін дәлелдейді. Рашид ад-Диннің, т.б. айтуынша Орда Ежен өлгеннен кейін орнына тұңғышы Сартақтай емес, 4-ұлы Қоқыран отырған. Оның орнына Сартақтайдың ұлы Қоныш келген. Қоныштан соң тұңғышы Баян, онан соң Баянның ұлы Сасыбұқа келеді. Оны моңғол шежірелерінің бірі – “Чингис хааны язгуур төрлийн-цадигууд” (“Шыңғысханның ата шежіресі”) растайды. Онда Ақ Орда хандары кестесін Шыңғыс ханЖошыОрданаКали (Кули)Буян (Баян)СасыбұқаАбисан (Эрзен) ШымтайОрыс хан деп таратып, олардан әрі қарай “Шығыс Қыпшақ хандары” деп атаған. Орыс ханнан кейін ]]Ақ Орда]] тағына оның сегізінші кенже ұлы Құйыршық, онан соң Құйыршықтың үлкен ұлы Барақ отырды. Ақ Орданың орнына құрылған қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібек Орыс ханның шөберелері еді. Жәнібек – Барақ ханның тұңғыш ұлы, Керей – Орыс ханның ұлы Тоқтақияның немересі. Керей мен Жәнібектен кейін ел билігі Бұрындыққа (Керейдің ұлы) (14801503/1511) ауысты. 1511 (1503) ж. таққа Жәнібектің ұлы Қасым (1503 (1511) – 1518 (1523) отырды. Оның тұсында қазақтар күшейіп, бүкіл Дешті Қыпшақты биледі. Қасым өлгеннен кейін таққа баласы Мамаш (1518 (1523) – 23), інілері Таһир (1523 – 33), Бұйдаш (1533 – 34), Қожахмет (1534 – 35), Тоғым (1535 – 37) кезек-кезек отырды. Бұл жылдар қазақ хандығы үшін аса ауыр кезең болды. Қасымның ұлы Ақназар (Хақназар) (1538 – 80) тұсында қазақ хандығы қайта күшейді. Ол “қазақ-ноғай”, “қазақ-қырғыз” патшасы атанды. Ақназар қазаға ұшырағаннан кейін билікке Жәнібек ханның немересі Жәдік сұлтанның ұлы Шығай (1580 – 86(82) келді. Осыдан соң таққа 1586 – 98 ж. Шығай ханның үлкен ұлы Тәуекел, 1598 – 1628 (45) ж. Тәуекел ханның інісі Есім (Еңсегей бойлы Ер Есім), 1628 (45) – 80 ж. Есім ханның баласы Жәңгір (Салқам Жәңгір), 1680 – 1718 ж. Жәңгір ханның үлкен ұлы Тәуке (Әз Тәуке) отырды. Әз Тәукенің тұсынан бастап қазақты жүзге бөліп басқаратын мирас пайда болды (қ. Жүз). Үш ұлысты да алғашқы қазақ хандарының бірі Жәнібектің ұрпақтары басқарды. Кіші жүзді Әбілқайыр, кейіннен оның ұрпақтары Нұралы, Есім, Қаратай, Бөкей, Шығай, Жәңгір, т.б. басқарды. Орта жүзді Әз-Тәукенің інісі Қайып, ұрпақтары Болат, Әбілмәмбет хандар басқарды. 1771 – 81 ж. Орта жүз тағына отырған Әз Тәукенің ағасы Бақының шөбересі Абылай хан Үш жүзді уақытша біріктірді. Кейіннен Орта жүзді Абылай ханның баласы Уәли мен немерелері Ғұбайдолла (Абайділдә) мен Кенесары, әйгілі Барақ сұлтанның немересі Бөкей биледі. Ұлы жүзді Әбілқайырдың ағасы Жолбарыс, Әбілпейіз (Әбілмәмбет ханның баласы), Әділ (Абылайдың ұлы), т.б. басқарды. Ресей үкіметі тарапынан Қазақ хандығы күшпен жойылғаннан кейін де бұл әулеттен көптеген саяси-әскери қайраткерлер, ғалым-ағартушылар (Ғ.Жәңгіров, Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, т.б.) шықты. <ref> Қазақ энциклопедиясы, 5 том </ref>

Пайдаланған әдебиеттер

<references/>

Сілтемелер

{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Қазақ хандарының шежіресі|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}