Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:12, 2017 ж. сәуірдің 19 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1937 – 91) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемлекеттік биліктің бір палаталы ең жоғары органы.


Қазақстан КСРО құрамындағы одақтас республика болып құрылғанға дейінгі алғашқы кезеңде (1920 ж. қазан – 1936 ж. желтоқсан) республикада мемлекеттік биліктің заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы міндетін Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының (Қазақ АКСР-і) Орталық Атқару Комитеті (ОАК) (1925 ж. cәуір айына дейін Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-і) атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес республиканың қарауына жатқызылған барлық мәселелерді шешуге құқылы болды, әрі оған республика аумағында жоғары заң шығарушы орган ретінде заң шығарудың бүкіл өкілдік билігі жүктелді. Оның құзырына Қазақ КСР Конституциясын, шаруашылық құрылыстағы, экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірдегі алуан түрлі мәселелер бойынша заң қабылдау және өзгерту, сондай-ақ құқықтық-нормативтік сипаты бар заңи құжаттарды, үкімет құрамына және Конституцияға өзгерістер енгізетін барлық жарлықтарды ресми түрде бекіту өкілеттігі берілді. Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-нің экономикалық және әлеуметтік дамуы жөніндегі мемлекеттік жоспарларын, мемлекеттік бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітті.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, оның бірінші орынбасары, орынбасарлары, министрлер және Қазақ КСР мемлекеттік комитеттерінің төрағалары құрамында Қазақ КСР Үкіметін құрды. Кезектен тыс сессиялар Жоғарғы Кеңес Төралқасының бастамасымен немесе депутаттардың кем дегенде үштен бір бөлігінің ұсынысымен шақырылды. Жоғарғы Кеңес сессиясы оның мәжілістері, ал олардың аралығында Жоғарғы Кеңес тұрақты комиссиялары мен өзге де комиссияларының мәжілістері түрінде өткізіліп тұрды. Әрбір жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңес өзінің бірінші сессиясында тұрақты жұмыс істейтін, өзінің бүкіл қызметінде Жоғарғы Кеңеске есеп беріп тұратын және оның сессиялары аралығындағы кезеңде Қазақ КСР жоғары мемлекеттік билік құзырын жүзеге асыратын органы – Жоғарғы Кеңес тің Төралқасын сайлап отырды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік билік түрлерінің бірі саналатын сот жұмысы саласында да толық билікке ие болды. Ол сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін, сот органдары жүйесін, оларды сайлау тәртібін, өкілеттігін, қылмыстық және тәртіптік жауапкершілігін белгіледі, сот ісін жүргізу қызметіне бақылау жасады.

Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасын, орынбасарын, хатшысын, мүшелерін және үкімет мүшелерін, Жоғарғы сот мүшелері мен халық заседательдерін өз міндеттерін орындаудан мерзімінен бұрын босатуға өкілетті болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1-сайлауы 1938 жылы 24 маусымда, ең соңғы 12-сайлауы 1990 жылы өткізілді.

Қазақ КСР-інің осы соңғы сайланған Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен аса маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда:

1990 жылы сәуірде “Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы” Заңын қабылдап, Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізді, бұл мәртебелі қызметке Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды;
1990 жылы 25 қазанда “Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияны,
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп қайта атау туралы Заңды,
1991 жылы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады;
1992 жылдың 4 маусымда егеменді тәуелсіз республиканың жаңа мемлекеттік рәміздерін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі мен Мемлекеттік Туын, желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранын бекітті;
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын (Негізгі заңын) қабылдады.

Бұл Конституция өтпелі кезеңдегі жағдайды сипаттайтын құжат қызметін атқарып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен әлеуметтік-экономикалық, саяси міндеттерді шешуге бағытталды және екі жыл бойы Негізгі заң ретіндегі тарихи қызметін орындап шықты. Алайда, КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттілікті жүзеге асыра бастаған кезде қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайда Қазақстандағы бұрынғы халық депутаттарының кеңестері түріндегі өкілетті органдар жүйесі республиканы дағдарыстан алып шығуға дәрменсіз болды. Ескі өкілетті билік жүйесімен және олардың заң шығарушылық әдістерімен нарықтық экономикаға бет алған жаңа қоғам орнату мүмкін емес еді.

Кеңестік дәуірде сайланған соңғы Жоғарғы Кеңес елде қалыптасқан осындай жағдайда өз отырыстарын өткізуге қажетті депутаттар санын жинай алмайтыны айқын болғандықтан өзін-өзі таратуға мәжбүр болды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі

1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің Төрағасы оның таратылғанын ресми түрде жария етті. Республиканың жаңа Жоғарғы Кеңесі сайланғанға дейін биліктің барлық тұтқасы Президенттің қолына уақытша көшті.

Президент 1993 ж. 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекс туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа кодекс бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 117 депутаттан тұрды. Оның 42-сі Президент ұсынған тізім бойынша сайланады. Қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа өз кандитаттарын ұсынуына мүмкіндік беретін баптар енгізілді, сондай-ақ азаматтың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік туды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін және жергілікті заң шығарушы органдар – мәслихаттарды жаңа кодекс бойынша сайлау 1994 ж. 7 наурызда өтті. Республикада алғаш рет көп партиялылық негізде заңдар қабылдауға қабілетті Жоғарғы Кеңес сайланды.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 жылдың 30 тамызында өткен республикалық референдумда елдің жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституция бойынша 1996 жылы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жоғары заң шығарушылық өкілеттігін жүзеге асыратын қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) жоғары өкілетті билік органы – Қазақстан Республикасының Парламенті жұмыс істей бастады.

Қазақ АКСР ОАК Төрағалары

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағалары

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағалары

Дереккөздер

<references/>