Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттер

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:47, 2014 ж. сәуірдің 18 кезіндегі ArystanbekBot (Талқылауы) істеген түзету

ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ТАЙПАЛЫҚ ОДАҚТАР МЕН АЛҒАШҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕР

Темір дәуіріне сипаттама

Ежелгі Қазақстан аумағындағы адамзаттың даму тарихында өзіндік орын алатын қола дәуірін алмастырып, үлкен де күрделі өзгерістер әкелген кезең б.з.б. І мыңжылдықтың басы мен біздің заманымыздың басы болып табылады. Бұл кезең Қазақстан аумағын мекендеген адамдардың өндірісте темірді пайдалануы және көшпелі мал шаруашылығының дамуымен ерекшеленеді. Б.з.б. VIII-VII ғасыр көптеген тайпалар үшін темірді ашу және кеңінен қолдану кезеңі болды. Бұған әр аймақ әр мезгілде қол жеткізді. Мыстың, қоланың бай кендері бар жерлерде темірді пайдалану көпке дейін кейінге ысырыла берді. Мұндай аудандар қатарына қола құю өнері жоғары дәрежеде дамыған, темір игеруге алғаш қадам жасаған Қазақстан мен Оңтүстік Сібірді жатқызуға болады. Темір дәуірі б.з.б. VIII ғ. мен б.з. VI ғ. аралығын қамтиды. Ол ерте (б.з.б. VІІІ - ІІІ ғ.ғ.) және кейінгі (б.з.б. ІІІ ғ. - б.з.VІ ғ.) темір дәуірі болып екі кезеңнен тұрады. Адамзат тарихында темір дәуірі ерекше маңызды орын алады. Темір құрал-саймандары пайда болғаннан бастап еңбек өнімділігі ерекше өсті [1]. Өйткені темір құралдар тас және қола құралдарға қарағанда әлдеқайда өткір, төзімді болып келді. Темір дәуірінде рулық қауымдық құрылыс одан әрі жетіле түсті. Адам санының өсуі, сыртқы жаудан қорғану ру-тайпалардың өзара көбірек араласуына себеп болды. Рулар үлкен тайпаларға бірікті, ал тайпалардың өзара қосылуынан тайпалық одақтар құрылды. Осындай тайпалық одақтарға сақтардың, ежелгі үйсіндер мен қаңлы, ғұн, сарматтардың тайпалық одақтары жатады. Темір дәуірінде алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы, ру-тайпалардың ішкі-сыртқы қарым-қатынастары Қазақстан жерінде алғашқы мемлекеттердің пайда болуына әкелді. Ондай мемлекеттердің негізін қалаған сақ, ғұн, үйсін, қаңлы және сармат тайпалық одақтары болды . Б.з.б. І мыңжылдықтың басында халық санының өсуі қола дәуіріндегі өндіргіш күштің даму қарқынын басып озды. Халық санының өсуі мен өндірістің даму деңгейі арасында теңсіздік пайда болды. Бұл жағдайдан шығудың екі түрлі жолы: 1) дәнді-дақылдар егілетін жерді бірнеше есе ұлғайтып, малға қыстық жемшөпті көп дайындау болса; 2) бұрын пайдаланылмаған ұшы-қиырсыз жайылымдарды игеру қажет болды. Бірінші жолды жүзеге асыру мүмкіндігі болмайтын еді. Себебі, жер өңдеу шаруашылығын кеңейту ісіне техниканың жоқтығы мен Қазақстан жеріндегі суландыру жүйесінің нашарлығы кедергі келтірді. Қиындықтан шығу үшін ежелгі тайпалар ішінара малды қыста жаюға, яғни тебінді жайылымға көшті . Кейінірек орталық, солтүстік және шығыс аймақтарды мекендеген тайпалар бұрынғыдан да сапалы жаңа шаруашылықтың негізі- көшпелі мал шаруашылығына көшті. Оның түпкілікті қалыптасуы ежелгі Қазақстан тайпаларының тарихи дамуының жаңа кезеңімен байланысты болды. Қазақстан даласындағы көшпелі мал шаруашылығының дамуы белгілі бір кезеңге дейін өндіргіш күштерді дамыта түскен, алға бастырушы құбылыс болды Б.з.б. І мыңжылдықтың басында Қазақстан даласының бейнесі өзгеріске ұшырады. Әр түрлі өсімдіктерге бай дала қатты тікенді жантақ пен изенді сорға, сусыз құмды жапан далаға айнала бастады . Адамдар бұл жерлерде енді атпен ғана жүре алатын болды. Олар жақсы жайылымдық жерлер табу үшін өздерінің бұрынғы қыстауларынан көшіп, алыстай бастады. Бұрын иесіз жатқан жерлерде ендігі жерде адамдар қоныстана бастады. Көшпелі мал шаруашылығы артық өнім алуға мүмкіндік берді. Ол адамның шаруашылық кәсібінің аумағын кеңейтіп қана қоймай, оның еңбегінің бағасын да арттырды. Ұшы-қиырсыз даланы меңгеруге байланысты мәдениеттегі және шаруашылықтағы тұйықтық дәстүрі бұзылып, тайпалар арасында кең көлемде экономикалық және мәдени қатынастар қалыптаса бастады. Көшпелілер мен егіншілер арасындағы ғасырларға созылған ынтымақтастық екі мәдениеттің де өркендеуіне себепкер болды. Осы өзгерістердің барлығы материалдық және рухани мәдениеттің өркен жаюының алғышарттарын жасады.

Ертедегі темір өндіру

Жалпы, табиғи темір жердің бетінде өте сирек кездеседі. Тек метеориттен пайда болған темір ғана балқыма күйінде ұшырасады. Ертеде темір қарапайым тесілмен, пеш-көрікпен өндірілетін . Ол үшін тастан не шикі саз балшықтан пеш салды. Пештің астыңғы жағының бірнеше жерінен тесік қалдырып, сол тесікке ауа үрлейтін көрік орнатты. Пештің ішіне бір қатар отын, оның үстіне бір қатар ұсатылған кен тасын қалап, кен тасының үстіне және бір қабат отын толтырып, отынның үстін тағы да кен тасымен жапқан. Содан соң төменгі қабаттағы отынды тұтатып, оның жан-жағындағы оттықтан көрікпен ауа үрлеген. Мұндай қарапайым көрікпен пештің ең жоғары температурасын көп дегенде 1200 градусқа жеткізуге болатын еді. Ал кен тасы ұнтақтарынан балқыған темір алу үшін кемінде 1530 градус температура қызу қажет. Сондықтан мұндай қарапайым пеш-көрік арқылы темірдің шала қорытылған шикі қиыршықтарын ғана бөліп алуға мүмкіндік болған. Содан соң осы шикі темір қиыршықтарын оттан алып, қып-қызыл шала балқыған күйінде төске салып, балғамен соғып, біріктіріп, шыңдап, сом темір алған.

Дереккөздер

Қазақстан тарихы 6-сынып