Қазақстан астанасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

18:24, 2017 ж. сәуірдің 14 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Үлгі:Уики

Сурет:Vl65-001.jpg
Орынбор қаласы
Қазақстан астанасы – Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК “Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы” Декрет қабылдады. РКФСР БРОАК-тің 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920 – 25 жылдары Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді, сөйтіп, ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. Қазатком сессиясы (қыркүйек, 1924) ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алды. Алайда, Мәскеудің араласуымен, республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілді. 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-і ОАК төралқасы О.Исаевтің баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. Сол жылғы 15 – 19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V-съезі халқымыздың орысша “киргиз” деп аталуын “қазақ”, “Киргиз АКСР-і” атауын “Қазақ АКСР-і” деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдады.
Сурет:Qyzylorda station.jpg
Қызылорда қаласы
1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қызылорда 1929 жылы мамыр айына дейін Қазақ АКСР-і астанасы болды (қ. Қызылорда).
Сурет:Modern Almaty.jpg
Алматы қаласы

Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді желеу еткен Ф.И. Голощекин басқарған БК(б)П Қазақ өлкелік комитетті ел астанасын Қызылордадан орысы басым Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты. 1927 жылы 3 наурызда Қазақстан астанасын Алматыға көшіру жөнінде Қазақ АКСР-і ОАК мен республика ХКК-нің қаулысы жарияланды. Бұл қаулы Қазақстан Кеңестерінің VІ-съезінде бекітілді (1927 жылы 3 сәуір). Қазақ АКСР-і орталығының Алматыға көшірілуі жөніндегі шешімді РКФСР ОАК мен ХКК мақұлдады (1927 ж. 30 мамыр). Ел астанасының Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір темір жолының іске қосылуы да әсер етті. Ауа райы оңтайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Бас қала болған жылдары Алматы миллионнан астам тұрғыны бар, жан-жақты дамыған әсем қалаға айналды. Алматы 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды (қ. Алматы).

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оңтүстік-шығысынан республиканың орталығы бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті. Бұл қаланың орналасқан орны сәулетшілік тұрғысынан кез келген жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне Қазақстанның географиялық орталығы ғана емес, қала елдің аса маңызды шаруашылық аймақтарына таяу, ірі көлік жолдарының торабында орналасқан. Мамандардың бағалауы бойынша Ақмолада тұрғын үйлер мен әкімш., іскерлік ғимараттарын салу бағасы Алматымен салыстырғанда едәуір арзанға түседі, бұл – шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Республиканың Жоғарғы Кеңесі ел Президентінің айқын дәлелдерімен келісіп, оның астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысын мақұлдады. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының астанасы туралы” Заң күші бар Жарлығы жарияланды. Осы уақыттан бастап Республиканың Президенті резиденциясының тұратын жері Ақмола және Алматы қалалары болып белгіленді. Жоғары мемлекеттік органдарды Ақмола қаласында орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекетік комиссиясы құрылып, оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұл мақсаттағы атқаратын қызметін үйлестіру құқығы берілді. Президент Жарлығы бойынша Республика үкіметі Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында “Жаңа астана” қорын ашты. 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды. 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өтті.<ref name="source1">«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, V том</ref>

Қазақстан астаналарының тарихы

Қазақстан астаналарының тарихы өте бай. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі 5 ғасырда қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы 6 – 7 ғасырлардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. 10 ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) 7 ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (10 ғасыр) өте көне астана деп атайды. 9 – 11 ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Рузбехан жазбаларында (16 ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болды.

Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасы болды. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие болды. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне жеткізді.

10 ғасырда әл-Фараби астананы «қайырымды қала» деп атады. Ол «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы – астанасы жетеді» деп санады. Әл-Фараби қайырымды қаланы мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала етіп суреттейді. Көрші елдерден Шыңғысхан империясының астанасы Қарақорымның, Шағатай әулетінің астанасы Алмалықтың (14 ғасырда Алмалық Моғолстанның астанасы болды), Темір мемлекеті мен Шайбани әулетінің астанасы Самарқанның (1924 – 30 ж. Өзбекстанның астанасы болды), Самани әулеті мен Бұхара хандығының астанасы Бұхараның (1920 – 24 ж. Бұхар Халықтық Кеңес Республикасының астанасы болды), Алтын Орда астаналары Батый салған Сарай, Берке хан салдырған Сарай-Беркенің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Сондай-ақ Сарайшық (Ноғай Ордасының астанасы, 14 – 17 ғасырлар), Қазан (Қазан хандығы, 15 – 16 ғасырлар), Бақшасарай (Қырым хандығы, 15 – 18 ғасырлар), Хиуа мен Үргеніш (Хорезм хандығы, 16 – 20 ғасырлар), Қоқан (Қоқан хандығы, 18 – 19 ғасырлар) қалалары қазақ шежіресінде терең із қалдырды.

Қазақ хандығы жойылғаннан кейін бар билік Ресейдің Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларына ауды. 20 ғасырдың басындағы қазақ зиялылары астананы «кіндік қала» деп атады. 1917 – 19 ж. Алашорда автономиясының астанасы Алаш (Семейдің іргесіндегі) қаласы болды. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан астаналары Орынбор (1920 – 25), Қызылорда (1925 – 29), Алматы (1929 – 97) болды. 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы дербес шешім қабылдады. 1997 ж. 20 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа тұрпатты бас қаласы болғанын жариялады.

Қазақстан елордалары

Қазақтар жиырмасыншы ғасырда астанасын төрт мәрте ауыстырды, дәлірек айтқанда, алдыңғы үш астананы Мәскеу ауыстыртты.

Қазақстанның астаналары

қала мемлекеті мезгілі
Суяб Батыс түрік қағанаты 603-659
Баласағұн Қарахан мемлекеті 942-1213
Қойлық Қарлұқ қағанаты 756-940
Янгикент Оғыз мемлекеті 756-955
Сығанақ Қыпшақ хандығы 955-1219
Ақорда мемлекеті 1227-1428
Әбілқайыр мемлекеті,
кейін Қазақ хандығы
1446 ж. бастап ХVІІ ғ. дейін
Түркістан Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы
Алаш-қала Алаш-Орда 1917-1920 жж.
Орынбор 1920-1925 жж.
Қызылорда 1926-1929 жж.
Алматы ҚазКСР,
кейін Қазақстан Респубикасы
1929-1997 жж.
Астана Қазақстан Республикасы 1997 ж. 10 желтоқсаннан бастап

Көне астаналар керуені

«Байтақ» – «пойтәхт» парсы тілінен аударғанда «астана», «тақ табалдырығы» деген мағынаны білдіреді екен. Қазақтың арғы-бергі тарихында байтақ болған қалалар легі өз алдына керуен секілді. Б.д.д. ІІІ ғасырдан бастап Қазақстан жеріндегі мемлекеттердің саяси орталығы болған қалаларды атап өтпеуге болмайды. Мәселен, үйсіндердің астанасы Чигу-чинь немесе Қызыл аңғар қаласы. Оның орны қазіргі Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Саты деген ауылдың маңында. Көне Қаңлы мемлекетінің астанасы Битянь қаласы, қазіргі Тараз қаласының орнында жатыр. Түрік қағанатының аты белгісіз астанасы Орхон-Керулен өзендерінің бойында екенін археологтар іздеп тауып, қазір зерттеулер жүргізіп жатыр. Батыс Түрік қағанатының және одан кейінгі Түргеш мемлекетінің орталығы Шу бойындағы Суяб қаласы болды. Қарлұқ мемлекеті – Қойлықты, Қарахан елі – Баласағұнды астана етті. Орта ғасырларда Отырар, Испиджаб (Сайрам) әкімшілік, сауда-саттықтың ірі орталықтары болды. ІХ-ХІ ғасырда Сырдың төменгі бойында Оғыз мемлекетінің астанасы Янгикент қаласы еді. Бір кездері гүлденген шаһар – Янгикенттің жылан ордасына айналып кетуіне байланысты аңыздар көп. ІХ ғасырда Қимақ мемлекетінің астанасы Ертіс бойындағы Имек қаласы болған. ХІ-ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ даласының гаваны аталған Сығанақ шаһары бірнеше мемлекетке астана болды. Тарихшы Берекет Кәрібаевтің айтуынша, аса ірі саяси-әкімшілік орталық саналған Сығанақ қаласы – Қыпшақ мемлекетінің, Ақ Орда ұлысының, Әбілқайыр мемлекеті (Көшпелі өзбектер мемлекеті) және Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған. Көшпелі өзбектер мемлекетін билеген Әбілқайыр хан осы Сығанақ түбіндегі Көк кесене деген жерге жерленген. Алтын Орда заманында Сарайшықтың дәурені өтті. Онда қазақтың әйгілі ханы – Қасым хан жерленген. Қазақ ордасының астанасы қазақтың 200-дей хан-сұлтаны, батыр-билері, жақсы-жайсаңдары жерленген қасиетті Түркістан ұзақ жылдар саяси-рухани байтақ қала болды. Әзірет сұлтан Қожа Ахмет Яссауи жатқан Түркістан кесенесі аман болса, қазақты жау алмайды. Ер түріктің бесігі болған қасиетті Түркістан – қазақтың мәңгілік рухани астанасы болып қала бермек. Ташкент бір заманда қазақ жұртына байтақ болған екен. Қазақтың ежелгі астаналары Ұлы Жібек жолының бойына және өзен-суы мол өңірлерге қоныс тепкен. Ресей империясының Қазақ жерін жаулап алуына байланысты біртұтас орталық болған жоқ. Қазақ даласы үш генерал-губернаторлыққа бөлініп, Сырдария және Жетісу облыстарының орталығы Ташкенттен, Орал мен Торғай облыстары Орынбордан, Ақмола мен Семей облыстары Омбыдан басқарылды. 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде «Алаш» қаласы аталған Семейді таңдаған. Алайда бұл қағаз жүзінде бекітілгенімен, аумалы-төкпелі заманда Алаш астанасы – Алаш арманы жүзеге аспады.

Кеңестік дәуірдегі ресми астаналар

1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылған соң Орынбор бас қала болып жарияланды. Орынбор өлкесі ол кезде қазақ жерінің құрамдас бір бөлігі саналатын. Орынборда А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Қаратаев, М.Дулатов, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, ағайынды Сейдалиндер қазақ халқына шамшырақ болды. Алғашқы «Қазақ» газеті және «Айқап» журналы Орынборда басылды. 1924 жылдан бастап астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Себебі, сол кезде Түркістан республикасы таратылып, Жетісу мен Сырдария облыстары ҚазАКСР-не қосылды. Соның нәтижесінде халық саны 35 пайызға артып, қазақ жері бұрынғы қалпына келтірілді. Сол кезде Ресей Орынборды өздеріне қосып алып, астаналарыңды өздерің таңдаңдар деген мәселе қояды. Қазақ зиялылары Ташкент немесе Түркістан қаласын таңдамақ болады. Алайда қазақ астанасының Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне көшуінен қауіптенген біреулер Түркістанды астана етуге кедергі жасап баққан екен. Сөйтіп, Орынбордан кейін астана ретінде сол кездегі уезд орталығы ғана болған Ақмешіт қаласына таңдау түседі. Астананы Орынбордан көшірудің басы-қасында жүрген Сұлтанбек Қожанов әлдебіреулердің өз туған жері Түркістанға бүйрегі бұрды деген әңгіме өрбімес үшін Ақмешіт қаласына тоқтаған деседі. Қазақстанның Астаналары» (Сен білесің бе?) деп аталатын кітапшаның авторы, тарихшы Ахмет Тоқтабаевтың айтуынша, қазақ интеллигенциясы Ташкентті астана қылмақ боп көшіп бара жатқанда Сталиннен «тоқтатылсын» деген бұйрық жетіп, жол бойындағы Ақмешіт қазақтың астанасы болып қалады. Ташкент үшін қазақ пен өзбек оқығандарының арасында үлкен айтыс жүрген. Сол Ташкентті өзбектерге алып беруге қып-қызыл коммунистер Фрунзе мен Куйбышев көп еңбек сіңірді дейді білетіндер. Сөйтіп, 1925 жылы наурыз айында Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылордаға көшті. Ол кезде Сыр бойының табиғаты өте бай еді, Сыр жағалаған ел ешуақытта қыстан жұтамай шығатын. Басқа елдер мен халықтарға Сыр десе, тоқшылық пен молшылық елестейтін. Қазаққа төрт жыл астана болған Қызылордада тұңғыш музыка театры ашылды. Онда Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова және тағы басқа өнер тарландары өзінің талантымен танылды. Атақты Түрксіб теміржолының салынуы астананы Алматыға көшіруге түрткі болды. Заң жүзінде 1927 жылы 3 сәуірде көшіру басталғанымен, 1929 жылы іске асырылды. Әуелгі кезде Алматыдан 120 шақырым жерде Іле өзенінің бойынан астана тұрғызылмақ болып, тіпті құрылысы басталған. Алайда инфрақұрылымнан жұрдай, жол торабынан алыс айдалаға астана салудың қисыны келмейтіні мәлім. Сөйтіп, 1929 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға көшіп келді. Басын қар басқан Алатаудың етегіне орналасқан табиғатының сұлулығы жағынан сирек кездесетін Алматы қаласы сейсмикалық қауіптілігіне қарамастан Қазақстанның орталығы болуға лайық еді. Кеңес жылдарында сәулет өнерінің тамаша ескерткіштері болып табылатын опера және балет театрының үйі, Қазақстан қонақ үйі, Республика Сарайы, Әуезов атындағы академиялық театр, Орталық мұражай, Ғылым Академиясының бас ғимараты сияқты алып құрылыстар салынды. Алматыны бүкіл дүниежүзіне белгілі Медеу мұз айдынынсыз елестету қиын.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер