Қазақстандағы су айдындарының экологиялық жағдайлары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

10:16, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Қазақстандағы су айдындарының экологиялық жағдайлары

Арал теңізі, Балқаш көлі сияқты үлкен тұйық су айдындары антропогендік әсерге ұшырап жатыр. Нәтижесінде олар ластанып, деңгейлері төмендеп, ақыр соңында біртұтас табиғи кешен болудан қалады. Бұл балық шаруашылығына, климаттық өзгерістерге алып келеді. Бұған Арал теңізі мысал бола алады.

Арал теңізінің апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі - 1066 км², тереңдігі 30-60 метр, тұздылығы 10-12% болған. Сол кезде жылына 50-150 мың тонна балық ауланып, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген.

Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілген болатын. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген.

1960 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілген жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікстанда 1,5 есеғе, Түрікменстанда 2,4 есеге, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. 1971-75 жылдары суғарылатын жер көлемі Ферғана жазығында 1,1 млн гектарға дейін, Оңтүстік Қазақстан облысында - 427 мың, Қызылорда облысында - 228 мың гектарға үлкейді. Сырдария өзенінің су ағысы 1950-70 жылдары Қайраққұм (4,2 км³), Шардара бөгені (5,7 км³), Шарбақ (2,0 км³), Әндіжан (1,7 км³) су қоймаларымен реттеліп отырды. Ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-87 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Игерілетін жер көлемінің артуымен, халық санының өсуімен суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай 1970-80 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқындап дамыды. 1960-65 жылдары Арал теңізіне жылына 44 мың м³ су құйылса, 1990 жылдары бұл екі есеге азайды. Нәтижесінде теңіз деңгейі кей жерлерде тіпті 23 метрге дейін төмендеп, су айдыны 30-200 км-ге қысқарды. Судың тұздылығы 40%-ға артып, екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұрын болмаған дәрежеге жетті. Тыңайтқыштарды пайдалану 10-15 есеге өсті. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын қоршаған ортаға зияндылығы өте жоғары 2 млн тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарайды.

Арал теңізінің апатқа ұшырауына себеп болған факторларға:

  • жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
  • ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
  • суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
  • жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
  • табиғат ресурстарын пайдалануда жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі себептері жатады.

Арал өңіріндегі туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар әсерінен оның өсімдіктер және жануарлар әлемі жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Топырақтың тұздануы Өзбекстанда - 60%, Қазақстанда - 60-70%-ға артып отыр. Мұның өзі жалпы шаруашылыққа зиянын тигізуде. Арал теңізінде тоқталып қалған балық шаруашылығы тек соңғы жылдары ғана қайта қолға алынуда.

Арал өңіріндегі тұрғындардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы аурулар республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда жоғары болып отыр.

Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар:

  1. Сібір өзендерін Қазақстанға бұру.
  2. Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту.
  3. Арал теңізін жартылай сақтап қалу.
  4. Каспий теңізінің суын жасанда канал арқылы әкелу.
  5. Жер асты суларын пайдалану.
  6. Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуын күту.

Балқаш көлінің көлемі - 501 мың км², ұзындығы - 605 км, ені - 9-74 км аралығында. Балқашқа Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері құяды. Көл шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан, су айдынының булануы өте жоғары. Сондықтан судың деңгейі тез өзгеріп отырады. Соңғы жылдары Балқаш көлінің экологиялық жағдайы өзгере бастады. Оған себеп - Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінің мол суының көлге жетпей, суармалы егістіктерге жұмсалуында. Оның үстіне бұрын Аягөз, Биен, Сарқан, Басқан өзендері Балқашқа құйып, оның табиғи су деңгейін сақтап отырған. Ал қазір бұл өзендер Балқашқа құймайды.

Аталған себептермен қоса, Балқаш көлінің экожүйесіне Іле өзенінде салынған Қапшағай су қоймасы да әсер етеді. 1970 жылы Қапшағай су бөгетінің салынуына байланысты Іле өзенін қоректендіріп отырған Шелек өзені Бартоғай бекетімен бөгеліп, онда көлемі 300 000 м³ су жинақталды. Осылайша Үлкен Алматы каналы (БАК) салынды. Каналдың салынуына байланысты Шелек өзені Ілеге құюын тоқтатты.

Ауыл шаруашылығында Іле-Балқаш алабын барынша пайдалануымен 1965-90 жылдар аралығында Балқашқа құятын судың көлемі 25%-ға азайды. Іленің орта ағысы мен төменгі сағасында Шарын күріш, Шеңгелді көкөніс, Ақдала күріш алқаптары пайда болды. Осының бәрі Іле-Балқаш су алабының табиғи жүйесінде қалыптасқан тепе-теңдікті бұзды.

Іле-Балқаш экожүйесіндегі өзгерістер өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның жағасындағы қамыс-қоғаның жойылуына себепші болды. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтерілді. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді.

Балқаш көлі соңғы жылдары 20 метрге төмендеп отыр. Көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналуда.

Іле-Балқаш өңірінің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі де зардап шегуде. Балық аулау 50 есеге төмендеп, уылдырық шашу (Қапшағай су қоймасы) тіпті азайды. Сонымен қатар балықтарды Іленің бойындағы егістік, көкөніс алқаптарында пайдаланған пестинидтер, минералды тыңайтқыштар қалдықтары да улауда.

Бұрынгы кезде Іле-Балқаш алабы қалың тоғайлар, кішігірім көлдер, аралдар және әртүрлі аңдар мен құстар мекені болатын. 1960 жылдары жылына 1,5 млн-ға жуық бұлғын терісі дайындалатын болса, бұл шаруашылық қазір жойылған.

Іле бойында және Балқаш көлі жағасында тіршілік ететін құстардың түрлері де азайып кеткен. «Қызыл кітапқа» енген аққу, бірқазан, көкқұтан т.б. құстар қазірдің өзінде өте сирек кездеседі.

Іле-Балқаш алабы Қазақстандағы тарихи-табиғи ескерткіштерге бай өлке. Бұл өңірде Шарын тау өзені мен оның бойындағы Шарын тауларындағы тастағы таңбалар мен тас мүсіндер және көне қорғандар жүйесі, Әнші құм атты табиғат туындысы, Алтынемел ұлттық саябағы, Кербұлақ сияқты қорыққорлар бар.

Бұл өңірдегі экологиялық ірі мәселелер қатарына Балқаш көлі бойындағы Балқаш мыс комбинаты, Приозер, Ақсүйек кен рудаларын байыту кешендерін жатқызуға болады. Ал Сарышаған полигоны және Текелі қорғасын-мырыш комбинаттары осы аймақтар тұратын тұрғындардың денсаулығына өз зардабын тигізіп отыр.

1999 жылы «Балқаш көлін құтқару, оның бүгіні мен болашағы» атты халықаралық деңгейдегі экологиялық форум өтіп, онда көлді құтқару мәселелері қаралып, мынадай шешімдер қабылданды:

  1. Іле өзені бойындағы өндіріс орындарында суды тиімді пайдалануды реттеу.
  2. Қапшағай су қоймасынан Балқашқа жіберілетін судың үлесін тұрақтандыру.
  3. Ақдала және Шарын массивтеріндегі күріш алқаптарын азайту.
  4. Жер асты суларын пайдалануды жүзеге асыру.
  5. Суармалы жерлердің көлемін шектеу.

Каспий теңізі - жер шарындағы бірден-бір тұйық су айдыны. Оның көлемі - 380 мың км². Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке дейін 1030 км, батыстан шығысқа дейін 196-435 км аралықты қамтиды.

Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлар көптеп кездеседі. Тұйық су айдыны болғандықтан мұндағы организмдердің көпшілігі эндемиктер. Теңіздің құнды байлықтарының бірі - бекіре тұқымдас балықтар. Олардың 5 түрі тіршілік етеді. Бекіре тұқымдастардың дүниежүзілік қорының 70% осы теңіздің үлесіне тиеді. Каспий ойпаты өзінің табиғи ескерткіштерімен, өсімдіктер және жануарлар әлемінің көптүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 945, балдырлардың 64, фитопланктондардың 414, зоопланктондардың 100-ден астам түрі тіршілік етеді.

Каспий теңізі кәсіптік балықтарға да бай. Теңізде балықтың 76 түрі, жағалауларында 3-3,5 млн құстар қыстап қалса, ал жыл құстарының саны 10-12 млн-ға жетеді.

Соңғы жылдары Каспий теңізінің экологиялық жағдайы су деңгейінің көтерілуімен, мұнай өнімдерін көптеп өндіру арқылы теңіздің ластануымен байланысты.

Каспий теңізінің бірде көтеріліп, бірде төмендеуі жердің табиғи-тарихи эволюциясына байланысты. Оның себептерін ауа райының құбылысымен және антропогендік факторлармен түсіндіруге болады.

Еділ өзені теңізге құятын барлық судың 80%-ын құрайды. Сондықтан теңіз суының толысуы Еділ өзенімен тығыз байланысты. Соңғы жылдары теңізден Қарабұғазкөл шығанағын бірде бөліп, бірде қосу адам әрекеті арқылы Каспий экожүйесіне араласу болып отыр. Теңіз суының ырғақты өзгеруі табиғаттың заңдылығы екенін адам баласы кейін түсінді. 1978 жылдан бастап теңіз деңгейі өздігінен көтеріле бастады. XX ғасырдың аяғында оның деңгейі 3 метрге жуық көтерілді. Судың көтерілуінен жүзден аса мұнай ұңғылары, мұнай қоймалары, 6 мұнай-газ кешені, жүздеген елді мекендер, коммуникациялық желілер, өнеркәсіп орындары су астында қалды. Мұнай мен басқа да ластағыш заттар теңіз суына араласып, оның аумағы 300 000 гектарға жетті.

Каспий теңізінің көтерілуі оның маңындағы мемлекеттерге көптеген проблемалар туғызып отыр. Біріншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауындағы табиғи жайылымдардың көлемін тарылтып, құстар мен жануарлардың мекенін басып қалды. Суға тосқауыл үшін соғылған бөгеттер жағалаудың фаунасы мен флорасына зор шығын келтірді. Балықтардың уылдырық шашу аясы мен құстардың ұя салу тығыздығы кеміп, биологиялық алуантүрліліктің азайып кету проблемасын туғызып отыр.

Екіншіден, су деңгейінің көтерілуі ауа мен топырақтың ластануына апарады. Судың мұнай өнімдерімен ластануы 80-ші жылдан бастап күшейе түсті. Су құрамындағы пестицид және ауыр металдардың көбеюі бекіре тұқымдас бағалы балықтар, теңіз мысығы, құстардың жаппай ауруларға ұшырап, қырылып қалу фактілеріне алып келуі жиілеп кетті. Соңғы мәліметтер бойынша бекіре балықтарын аулау 40%-ға азайды.

Үшіншіден, судың көтерілуі теңіз жағалауларындағы мұнай ұңғылары, мұнай қоймаларын, мұнай өңдейтін өнеркәсіп орындарын, балық комбинаттарын, елді мекендерді су басып, орасан зор шығын келтіре бастады.

Төртіншіден, мұнай игеруге шетелдік инвесторларды тарту Каспий теңізінің экологиясын одан әрі шиеленістіре түсуде. Теңіз жағалауларының тозуы техногендік процестерді жылдамдатып, аймақтың шөлге айналуына себепші болып отыр. Ең бастысы Каспий теңізінің фаунасы мен флорасының алуантүрлілігін сақтап қалу. Каспий проблемасы БҰҰ деңгейінде көтерілуде. Ол проблема тек Қазақстан ғана емес Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран мемлекеттерінің де ортақ ісі.<ref>Экология (оқулық) - Алматы, 2008 - ISBN 9965-32-223-6</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}