Ғұмыр

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

19:29, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Ғұмыр - діни ұғым бойынша адамның пәни дүниедегі тіршілігінің уақыты. Халық пайымы бойынша Алла Тағала адамға өмір сүруді нәсіп еткен және оның ғұмырының ұзақ не қысқа болуы оның әуелде пешенесіне (маңдайына) жазылған. Алайда дәстүрлі ортада ғұмыр жасың ұзақ болсын, ақ сақалды сары тісті бол, жағың түспей жамандық көрме деп, үлкен кісілер ризалықпен айтатын тілектер пешенеге жазылған адамның ғұмырын ұзартады, ал қарғыс қысқартады деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан «Ғұмыр берсін! Ғұмырлы бол!» деген тілектер айтылады. Қоғамдық санада адамның жалған өмірдегі ғұмыр жасын жақсы істер, жақсы амалдар ұзартады, ал теріс, зиянды, жаман әрекеттер адамның ғұмыр жасын қысқартады деген ұғым орныққан. Адамның ғұмыры туралы қазақы ұғымның мәні Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1912 жылы «Айқап» журналында жарық көрген «Адам һәм оның ғұмыры» атты әйгілі аңыз-әңгімесінде жақсы ашылады:

«Дүниені тамам қылып жаратып болған соң, көкті уа жерді жаратушы адамды һәм ғайри мақұлықтарды өз дарқанына шақырыпты: әрқайсысына біртүрлі мінез беру, дүниеде тұрған мезгілде һәм әрқайсысына белгілі ғұмыр беруге. Әуелі барған адам болыпты, һәм оған айтыпты:

Сен, адам, жаратылмышлардың тәжісің, сенің суретің мағыналы артық болды, саған сөйлер сөз һәм ақыл берілді, саған барша мақлұқаттар төмен болып хакіміңде болар, сен олардың баршасына хүкім қылып тұрарсың, қырдағы шөп һәм ағаштардың жұмысы саған қарайды, өзің жер үстінде 30 жыл ғұмыр сүрерсің, - деп.

Сонда адам разы болмай, бір жағына бұрылып кетіп, өзіне-өзі айтыпты: «Егәр мен дүниенің патшасы болсам, Һәм маған барша дүниедегі жоқ сапалар тиісті болса бір 30 жыл ғұмыр сүргеннің не пайдасы бар?» - деп, адам бағзы бір көбірек ғұмыр сүруге бұйырылған жануарларға ғажап қылып, көре алмай қарап тұрыпты.

Содан соң бір уақытта есекке келіпті, есекке айтқаны мынау:

Сен, жаза көріп, мехнат, машақат көріп жүрерсің, таяқтан өлгенше шаршап, болдырып жүрерсің, тыныштығың аз болып, жейтін тамағың дәмсіз шөп болар, һәм ғұмырың елу жыл болсын, — дейді.

Есек тізесінен жығылып, басын жерге ұрып сұрапты:

- Әгәрмен дүниеде сондай азатпенен жүретін болғанда, менің ғұмырымды 20 жылдай азайтса, тәyip болар еді. дейді.

Сол уақытта адам жақындап келіп арыз қылып сұрапты:

- Есектің тастап тұрған 20 жасы менің ғұмырыма қосылса екен, - деп, һәм разылық алыпты.

Онан соң иттің кезегі келіп, оған айтыпты:

- Сенің міндетті жұмысың - үй күзету болар, һәм нәрселерге қарауыл болу, шынжырлаулы тұрып, һәм сол уақытта айға да үруге міндеттісің, өзің сүйек кемірерсің, ғұмырың дүниеде қырық жыл болар, - деп.

Ит бас ұрып, арыз қылыпты:

- Әгәр мен дүниеде сондай қорлықпенен тұруға бұйырылған болғанда, адамның үйін, һәм уа нәрселерін күзетіп қарауыл болып, һәм сүйек кеміріп күнелтетін болғанда менің жасымды 20 жылдай азайтқанда жақсы болар еді, - деп.

Сол уақытта адам қайтадан келіп, иттің алмай тұрған 20 жасын сұрай бастапты, һәм адам арызына тағы да разылық алыпты.

Ең соңында кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау:

- Сенің адамға бір-ақ сыртқы сипатың ұқсар, бірақ сол уақытта бала рәуішті ақымақ боларсың, жүргенде беліңді бүкірейтіп жүрерсін, балаларға ермек боларсың, һәм үлкен кісілерге ойын болыл дүниеде 60 жыл жүрерсің.

Маймыл сорлы тізесінен тұра қалып арыз қылыпты:

- Әгәр мен адамға бір-ақ сыртым ұқсайтын болса, һәм ақымақ болып, балаларға, кім болса соған, ермек болатын болсам, менің ғұмырымды 30 жылдай қысқартса тәуір болар еді, — деп арызын айтып бара жатқанда, бір жағынан тағы адам келіп, сол маймылдың тастап жатқан 30 жасын тағы сұрапты. Бұ жолы да ерінбей жүрген адамның арызы қабыл болыпты.

Сонан соң барша мақұлықтар өз жұмыстарын біліп, бет-бетіменен тарапты. Сонда адам да барып, өзіне әуел берген 30 жылдың ішінде бақытты дәурен сүріп, еш уайымсыз жас жігіт болып тұрыпты. Онан соң отыздан асып елуге шейін қатты жұмыстар қылып, мехнаттарменен жүріпті, түрлі шаруа қылып, көп қиналып. Бұл 20 жастың есебі баяғы есектен алған 20 жыл болады. Содан адам елуден асқан соң өзінің 70 жасына шейін оны-мұныларын жатып аңдиды, һәм өзінің үйін, нәрселерін сол уақытта һеш не болса оған күдіктенгіш келеді. Сол мезгілде кім болса соған айғайлап, һәм сүйек жұтудан да таймайды. Адамның сол жастары иттен алған жылдары болады. Сонан 70-тен асқан соң ажардан, ақылынан айрылады, бала рәуішті болады, ол уақытта бүкірейіп, иіліп те кетеді, балаларға һәм әркімге ермек ойын болады. Сол жастар өз еркіменен маймылдан алған жылдары болады».<ref> Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2 </ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Ғұмыр|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}