Шорман Би Күшікұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

00:21, 2017 ж. сәуірдің 21 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Сурет:Shorman bi.jpg
Шорман би

Шорман Күшікұлы, Шорман би (1799, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 1837, сонда) – төбе би, аға сұлтан. Орта жүз арғынның ішіндегі қаржас руынан шыққан, өз еліне танымал Сәтиұлы Күшік шешеннің ұлы. Шын есімі – Жұмабай. Қуандық руының Қожы төре бастаған жігіттері қаржастардың жылқысын барымталауға келгенде екі жақ сойылдасып, барымташылардан үш адам (ішінде төренің өзі де бар) қаза тапқан. Мұны естіген Уәли хан қаржастарға қыруар жылқы құн кеседі. Осы даулы, шешімі қиын мәселені өз руының пайдасына шешіп шыққан 15 жасар Жұмабай “Бала би” атанып кеткен. Бұл жөнінде өз еңбектерінде Ш.Уәлиханов та жазған. Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы Шоңмен байланысты баяндалады. Жұмабай ханнан жеңіспен оралған соң Шоң оған Шорман атағын беріп, қаржас руының төбе биі етіп тағайындаған. Ол төрелерге билік бермеу мақсатымен сүйіндік арасынан хан тұқымын аластау жөніндегі Шоң бидің саясатын қолдап, оны іске асыруға көмектескен. Жер дауын шешу, жалпы қазақтарды жерге орналастыру мәселелері бойынша 1822 жылдан бастап Шоңмен бірге Батыс Сібірдегі отарлық әкімшілікке бірнеше рет хат жолдайды. Шоңның тапсыруымен Тобыл, Омбы, Кереку, Қызылжар қалалары мен Ірбіт, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барады. Архивте Шорманның 1830 ж. Омбыға, 1832 ж. Тобылға барып, губернаторға жолыққаны жөнінде дерек сақталған. Баянауыл округі ашылғанда Шорман би аға сұлтанның орынбасары болып тағайындалды да, Шоң қайтыс болғаннан кейін оның орнын басты. Алайда Шорман би аға сұлтан міндетін бір жылдай ғана атқарып, келесі жазда дүние салды. Мәшїүр Жүсіп Көпейұлының жазуы бойынша Шорман би Ақмырза өзені Сілетіге құяр тұсына жерленген. Шорманның тұңғыш қызы Зейнеп – Ш.Уәлихановтың анасы. Үлкен ұлы Шорманов Мұса белгілі адам болған.<ref>Исабай І., Шоң би, Аст., 2005.</ref><ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том</ref>

Бала би

Әкесінен төрт жасында жетім қалып, әжесінің, ағайын-туыстарының қолында жүреді. Бір күні Күшіктің үйіне сол өңірге танымал би барады. Шорман баланын әжесі мен шешесі ол қонақка не берерін білмей сасып қалады. Сонда төрт жасар Шорман сол үйдің еркегіне ұқсап бидің алдына дастарқан жаяды да, алдына бір табақ ыстық сүтті қоя салады:

- Қаптың түбі қағылды, бетке күйе жағылды, алдыңызда ыстық сүт, асықпай отырып жұт, - деп, аға бидің бетіне қарайды. Би жас баланың тақпақтай айтқан тапқыр сөзіне қайран қалады. Бала тағы да:
- Би ата, биыл қыс қатты болып, мал жұтап жатыр. Ауылдың да сәні кетті. Астық таусылды. Елдің жағдайы қиындап барады, - деп өз үйі емес, бүкіл ауыл, ел тағдырына қамқор бола сөз козғайды. Талайды көрген би жас баланың бұл сөзіне тәнті болады да, әжесіне былай деп қолқа салады:
- Немереңіз болайын деп тұр екен. "Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады" дегендей, маған беріңіз, мен ертіп жүріп ел аралатайын, тәрбиелеп көрейін. Түбі осы балаңыздан бірдеңе шығар, - дейді.

Баланың шешесі:

- Шорман әлі жас қой, бұғанасы қатсын, - дейді.

Әжесі:

- Мақұл ғой би-еке, жасы жетіге толғасын сізді өзім іздеп тауып аламын, - дейді.

Осы уәде келісім бойынша Шорман жеті жасқа келгенде әлгі би атасына шәкірт боп соңына ереді. Ел аралайды, жұрт таниды. Талай ел басы игі жақсылармен кездесіп, олардың сөзін тындайды. Ел билігіне араласып, өзі шағын дау-жанжалдардың түйінін шешіп "Бала би" аталады. Шорман он бір жасында нағашысының аулына барады. Нағашысы:

- Осында қал, отау тігіп, алдыңа мал салып берейін. Бір үй болып отыр.

Жиені:

- Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген. Елімді тапқаным жөн болар. Шорман осыны айтады да нағашысына:
- Көршіңіздің қызына көзім түсті. Менде, ол да бір-бірімізді ұнаттық. Осыған құда түсіп беріңіз,- деп сұранады. Нағашысы жиенінің бұл өтінішін орындайын деп, көршісіне барса, ол айтыпты:
- Өзі жоқ-жұқаналы, жетім бала екен. Қызымды бере алмаймын.

Енді қыздың үйіне Шорман баланың өзі барады, ары-бері сөйлесіп көреді.

- "Жас өспей ме, жарлы байымай ма", отағасы, бізді де бір сынап көріңіз. Түбі ұятқа қалмассыз.

Тапқыр баланың сөзін байқаған қыздың әкесі көнеді.

- Ауылыңа барып, бір айналып соғарсың. Оған дейін қыздың жасау-жабдығын дайындайық.

Шорман аулына қайтқан соң қыздың шешесі:

- Отағасы, талай от ауызды, орақ тілді шешендерге, талай бай, бектерге дес бермеуші едіңіз. Бір жетім балаға уәж айта алмай қалғаныңыз қалай? Бәйбішесінің бұл сөзіне бай:
- Бала - болатын бала тәрізді. Түбі осы баладан айтулы кісі шығады, көрерсіз бәйбіше, қызымыз оған барса қор болмайды. Аузынан түйдек-түйдек шыққан ақылды, шешен сөзін көрмейсіз бе? Көп сөзді қой, қызыңның жасауын әзірле!

Сонымен бай той жасап қызын ұзатады. Шорманнын нағашысы да беташар той жасап, жиеніне ақ отау тігіп енші береді.

Шорман би

Шорманнын жасы он үшке толған жылы Баянауыл округінің биі Едігеұлы Шоң би қартайып, орнына кімді билікке ұсыну керек деген сөз көтеріледі. Әр ауыл өз кісілерін ұсынып жатады. Сонда Шоң би:

- Менің орныма би болуға Шорман лайық. Ол - бала, бала болса да - дана, ақылды. Ел жағдайын жетік біледі. Ешкімге бұра тартпайды. Әділ сөйлейді. Адамгершілігі, халыққа деген қамқорлығы мол.

Сонымен бүкіл округ болып Шоң атаның ұсынысын мақұл көріп, он үш жасар Шорман би болып сайланады. Содан былай қарай Шорман әр кезі "Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы" деп отыратын. Еліне шын жаны ашитын би надандықты, жатып ішер жалқаулықты, ел ішін індеттей жайлаған жаман әдет, салт-санаға қарсы күреседі, мектептер салғызып, мұғалімдікке сауатты адамдар іздестіреді. Түркі тілдерімен қатар орыс, араб, парсы тілдерін оқытатын адамдарды да осы іске тартады.

Шорманның "қара қылды қақ жаратын" әділдігі ел аузында аңыз болып кетті. Енді оның төрелігіне жүгінуге тек Баянауыл ғана емес, Кереку өңірінің әр түкпірінен келетін болды. Оның абырой-атағын, халық арасындағы беделін көре алмайтын іші тарлар да аз болған жоқ. Қызғаныштан өртенген олар Шорман атына кір келтіретін сан-қилы өтірік-өсек таратып, жала-жабудан жалықпады. Мұны да місе тұтпай, Шорманның жаулары оны өлтіруді мақсат етіп, талай рет қастандық та ұйымдастырды. Бірде ел аралап жүрген диуанаға көп ақы беріп, Шорманды өлтіртпек болады. Бір дауға төрелік айтуға бөтен ауылға келіп жатқан Шорманды көрсетпек болып, олар диуананы сонда ертіп келеді. Ымырт жабылған кез болса керек. Ашық есіктен үй ішінде жанып тұрған от жарығымен төрде отырған Шорман анық көрінеді. Диуана Шорманға көзі түсе салысымен селк етіп, қолымен көзін көлегейлей қояды. Біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп: "Оның екі иығында екі періште отыр, бас жағында бір сәуле жарық шашып тұр. Қасиетті адам болса керек. Басымнан төмен қарай алтын құйсаңдар да, оған қиянат жасай алмаймын", - деп ат-тонын ала қашыпты ("Қазақ әдебиеті", 4 казан, 1991).

Ел арасындағы сөздер

1

Шалғай ауылдың бірінде Шорман би жесір дауын шешіп, бір үйде дем алып жатса, сырттан абыр-дабыр, айқай-шу шығады. Жатқан орнынан енді тұрып киіне бергенде, есіктен бір жігіт жүгіріп келіп, оның артын тасалай қояды. Жігіттің артынан қуып барған адам, қолындағы шоқпарын сілтеп қалғанда, жігіт бұғып қалып, шоқпар Шорманның бір қолын сындырып жібереді. Шорман би қолын ұстап отырып қалады. "Байтал түгіл бас қайғы" дегендей, енді жұрт қашқан жігітті былай қоя салып, биді қоршалай береді. Біреулер қолын таңып, енді бірі сынықшы іздеп, көрші ауылға шабады. Көп кешікпей сынықшы да келеді. Ол бидің салбырап қалған қолын сипалап отырып, сынған сүйектерін теріп орын-орындарына салады. Бәрі жиналып жұмсақ арбаға мінгізіп Шорманды үйіне жеткізеді. Ауыл адамдары әлгі шоқпар сілтеп бидің қолын сындырған адамды ұстап алып, дарға аспақшы болады. Сонда Шорман би оларға барып:

- Ағайын, дарға аспаңдар. Қоя беріңдер. Оны өлтіргенде, менің сынған қолым бүтінделер дейсің бе? Тірі жүре берсін. Тек осы жұрттың алдында бұдан-былай зорлық зомбылық жасамаймын, қайырымды боламын, - деп уәде берсін, - депті.

Жиналған көпшілік: "Япырым-ай, мына Шорман би не деген адамгершілігі зор, кешірімді еді",- деп оған тәнті болысыпты.

2

Күздің ызғарлы күнінде бір байдың бордақылап семіртіп, енді соямын деп отырған көк биесі ұшты-күйлі жоғалады. Бай балалары ізге түсіп ары қарайды, бері қарайды, ауыл-ауылға сұрау салады, дерегі шықпайды. "Пәленше жылқы сойыпты", "түленшенің үйі жылқы сойып, кісі күтті" деген сөзбен әлгі бай Қарқаралы аулының екі жігітінен сезіктеніп, Шорман биге айтып шағынады. Би ол екі жігітті алдырады. Екеуінен сұраса:

- Биеке-ау, кім жылқы соймайды дейсіз? Сойсақ, өз жылқымызды сойдық, - деп, тән алмайды. Бай екілене түсіп:
- Осы екеуінің біреуі, қайсысы екеніне көзім жетпейді, - дейді.

Шорман екі жігіттің көзіне тіке қарап тұрыпты да, қара мұртты қоңқақ мұрын жігітке:

- Сен өз атыңды сойыпсың, дұрыс па? - дейді. Әлгі жігіт қуанып кетеді:
- Иә биеке дәл айтып тұрсыз. Өзімнің күрең атымды екі айдай байлап сойғаным рас. Сенбесеңіз терісі, малханада әлі жаюлы тұр. Ой, қасиетіңнен айналайын биеке, дәл таптыңыз.

Шорман шегір көз ұзын тұраға қарап:

- Сен өз жылқыңды соймағансың, сойғаның мына кісінің бордақылап отырған көк биесі, дұрыс па? - дейді. Ұзын тұра сәл бөгелеіп тұрады да:
- Ой, биеке-ай, онда бар көк бие, менде жоқ дейсіз бе, сойғаным өз бием, - деп ерегісе түседі.
- Сен менімен ерегісе берме, - дейді Шорман би, - сенің мына кісінің көк биесін бір түнде ұрлап сойғаныңды көзің де, сөзің де айтып тұр. Шындықты мойындағанның айыбы жоқ. Ал мойындамасаң күнәсі көп. Күнәкар болмаймын десең, менің тілімді ал?! Енді сөзді соза берсең, артыңнан тағы бір ұрлығың "мен мұндалап" тұр. Жігітім, түсінесің бе, жоқ па?

Би "көзің де, сөзің де айтып тұр", "тағы бір ұрлығың мен мұндалап тұр" дегенде барып әлгі ұзын тұра: "бұл бидің көріпкел әулиелігі бар" деуші еді, рас екен ғой. Қой болмас, шынымды айтып, кешірім сұрайын" дейді.

- Би-аға, айып етпеңіз. Бұл кісінің биесін көршім Николай екеуміз сойып алғанымыз рас еді. Еті терісіне оралған күйі Николайдың үйінде сақтаулы тұр. Осы қазір апарып бер десеңіз, апарып береміз, - деп жалыныпты.

Шорман бидің шыншыл, әділ билік айтатын және адамды бір көргеннен танитын, бұрын-соңды не істеп жүргенін айтпай табатын көріпкел әулиелік қасиеті, тапқырлық шешен сөздері жөнінде ел арасында аңыздар көп. Оның бірқатары өзінің баласы Шорманұлы Мұсаның (1819-1885) архивынан, фольклоршы Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларынан табылады.<ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Шорман Би Күшікұлы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}