Халықаралық жария құқық

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

09:26, 2017 ж. сәуірдің 22 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Халықаралық жария құқық — бұл құқық субъектілерінің еріктерін үйлестіру жолымен жасалатын, әрі заңдық тұрғыдан міндетті деп танылатын және қажетті жағдайларда мәжбүрлеу жолымен қамтамасыз етілетін заң нормаларының жүйесі және мемлекеттер арасындағы әр түрлі саяси, экономикалық және өзге де қатынастарды, сондай-ақ халықаралық қатынастарға қатысушы басқа да құрылымдарды реттейтін құқықтың бір бөлімі. Халықаралық жария құқық негізінен мемлекетаралық қатынастарды реттейді. Осы замаңғы халықаралық құқық халықаралық жария және халықаралық жеке құқық болып екіге бөлінеді.

Халықаралық жария құқықтың қызмет етуі үшін мынадай мәселелер өзекті болып табылады:

  • Халықаралық құқық мемлекеттің көпшілік таныған нормалары мен қағидаларын сақтауын міндеттей келе, олардың сыртқы саясаты мен дипломатиясын шектеп отырады;
  • Халықаралық құқық сонымен бірге сыртқы саясат пен дипломатияның дамуы үшін негіз бола алады;
  • Халықаралық құқық сыртқы саясат пен дипломатиялық қатынастарға қатысушы органдардың қызметін реттейді;

Мәселен, халықаралық жария құқық өзінің жүйесінде дипломатиялық және елшілік құқық салаларын зеттейді. Оған халықаралық болсын, сондай-ақ ішкі мемлекеттік сипатта болсын, жетерліктей нормативтік база бар, мәселен 1961 жылғы дипломатиялық қатынас туралы Вена конвенциясы, 1963 жылғы елшілік қатынас туралы Вена конвенциясы, 2002 жылғы Дипломатиялық қызмет туралы Қазақстан Республикасының Заңы.

Халықаралық жария құқықтың қызмет етуінің оңды жақтарымен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың, халықаралық бірлестік субъектілерінің уақыт өткізбей назарын аударатын шараларды да айта кету керек. Олар:

  • Қарусыздандыру мәселелері, оның ішінде, ядролық қарусыздандыру;
  • Экоцид проблемалары – қоршаған ортаны қорғау;
  • Халықаралық қылмыстық құқық мәселелері;
  • Жауапкершілік институтының жүйеленуі;
  • Есірткі саудасымен күрес проблемалары;
  • Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық-құқықтық мәселелері.

Халықаралық құқық дамуының аталған бағыттары мұнымен шектелмейді.

Халықаралық жария құқығының субъектілері

Халықаралық жария құқық субъетілері екі топқа бөлінеді: алғашқы және туынды.

Алғашқы топқа тәуелсіздігі бар мемлекеттер, өз тәуелсіздіктері үшін күресуші халықтар мен ұлттар кіреді. Соңғылары өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығын жүзеге асырады. Субъектінің бұл екі тобы алғашқы топқа жалпы белгілері – тәуелсіздігі арқылы біріккен. Мемлекетте ол белгі – мемлекеттік болса, өз тәуелсіздігі үшін күресуші ұлттар мен халықтарда – ұлттық белгі болады.

Екінші топқа халықаралық ұйымдар мен мемлекет тәріздес құрылымдар кіреді. Жеке тұлғалар халықаралық құқық субъектілерінің ерекше тобын құрайды.

Халықаралық құқық субъектіліктің ерекшеліктері

Мемлекеттер – халықаралық құқықтың негізгі субъектілері. Мемлекет өз туелсіздігінің күші бойынша құқық субъектілікке ipso-facto-ға ие, яғни өзінің өмір сүру фактісінің нәтижесінде ие болады. Халықаралық құқық субъектілік кез-келген тәуелсіз мемлекетке тән және өзінің шығу тегі мен сипатына қарай алғашқы және негізгі болып табылады. Құқық субъектілік халықаралық құқықтық қатынастарға қатысудың алғышарты болады, ал мемлекеттер құқықтық мәретебені өзара айқындайды, құқықтар мен міндеттерді нақтылайды.

Өз тәуелсіздіктері үшін күресуші халықтар мен ұлттардың халықаралық құқық субъектілігі. Бұл бастапқы субъектінің болуы халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – халықтардың теңдігі мен өз тағдырын өзі шешу қағидаларының мазмұнына байланысты. Азат етілген мемлекеттегі тәуелсіздік алған халықтың өзінің саяси мәртебесін өзгертуге құқығы бар.

Халықаралық ұйымдардың құқық субъектілігі. 1986 ж. Вена конвенциясының 3-бабына сәйкес, халықаралық ұйымдар халықаралық құқықтың субъектілері болып табылады. Халықаралық ұйымдарда құқық субъектілік XX ғасырдың 20-жылдарында пайда болды. Мемлекет көлемінің құзыреті қандай да бір халықаралық ұйым құрамындағы мемлекеттің құзыретінен әлдеқайда кең болатын атап өткен жөн.

Мемлекет тәрізді құрылымдардың халықаралық құқық субъектілігі. Ерекше саяси-аумақтық құрылымдарға «Еркін қалалар», Батыс Берлин мен қазіргі кезде Ватикан жатқызылып жүр. Халықаралық құқықтың аталмыш субъектілері көптеген халықаралық конференцияларға қатысады, көптарапты конвенциялардың қатысушысы болып табылады.

Жеке тұлғалардың халықаралық құқық субъектілігі. Көпке дейін халықаралық-құқықтық әдебиеттерде индивидтің құқық субъектілігі жоққа шығарылып келді. XX ғ. 80-жылдарының аяғында индивидтің халықаралық құқық субъектілігінің жеке элементтерін мойындайтын еңбектер алғаш рет жариялана бастады. Жеке тұлға құқықтарының орындалуын бақылау мақсатында БҰҰ шеңберінде қосымша институттар құрылды. Сөйтіп, жеке тұлғаның халықаралық құқық субъектілігін үзілді-кесілді жоққа шығару қазіргі кезде ескірді деуге болады. Бүгінгі таңдағы халықаралық қатынастарда жеке тұлғалардың халықаралық құқық субъектілерінің көлемі кеңеюде.af:Internasionalereg en:Public international law fr:Droit international public he:משפט בינלאומי la:Ius gentium ru:Международное публичное право sv:Folkrätt sv:Folkrätten