Зүкенұлы Мәуітқазы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Тұлға


Зүкенұлы Мәуітқазы – журналист, айтыскер ақын.(1938)

Мәуітқазы Зүкенұлы Омартегі бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы «Қызылағаш» ауылдық округіне қарасты Құсмұрын тауының бөктеріндегі «Ақбұлақ» атты бұлақ бойында 1933 жылы 10 тамызда туған. (құжат бойынша 1938 жыл деп көрсетілген.) Анасы - Нұршағи Нұрпейісқызы сауатты, ақынжанды адам болған. 1955 жылы Көкпекті ауданындағы Биғаш ауылының «Маяковский» атындағы орта мектепті өте жақсы бітіріп, Алматыдағы №1байланыс училищесіне оқуға түсіп, 1958 жылы радиотехник мамандығын алып шығады. Мамандығыбойынша біраз жыл жұмыс істеген соң, 1960 жылы мұғалімдік қызметке ауысады. 1965 жылы Алматы қаласындағы ҚазПИ- дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай оқып бітіреді. 1958 жылдардан бастап аудандық, облыстық газеттерге әртүрлі тақырыптағы ауыл өмірінен сыр шертетін мақалалары, әңгіме-очерктері шыға бастайды. 1964 жылы тұңғыш рет аудандық ақындар айтысына қатысып, аягөздік Қабыш Исмаиловпен айтысады. Бірнеше дүркін аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері атанған. Жармалық Сәдуақас Берденов, шарлық Кеңесбек Қалиев, аягөздік Ғаббас Шөкімұлы сияқты ақындармен сөз таластырған. Жарма ауданында драма үйірмесін құрып, 1972 жылы «Халық театры» атағын қорғаған. Жеті-сегіз жылдай осы театрдың қоғамдық негіздегі режиссері қызметін атқарған.

25 жыл орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, 1980 жылдан Жарма аудандық «Рауан» газетінің редакторының орынбасары болып істеген. Аудандық, облыстық газеттердің тұрақты штаттан тыс тілшісі болып, аудан, облыс өмірінің тыныс-тіршілігі туралы жазып тұрған. Мәуітқазы Зүкенұлының «Бел- белес» (1998), «Дала қырандары» (2000), «Қасен қажы әулеті» (2002), «Темір жол тарланы» (2004), «Айналайын ауылым» (2005), «Өмір өрнектері» (2006), «Сұрапыл соғыс тарландары» (2010) т.б. жинақтары жарық көрген. Бірнеше дүркін облыстық, республикалық мақтау қағаздарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.Бүгінгі күні Өскемен қаласында тұрады, әлі де шығармашылықтан қол үзген жоқ.

Дереккөздер

<references/>

1. Шығыс Қазақстан облысы мәдениеті кітабы, АТАМҰРА