Жоғарғы сот

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жоғарғы сот – мемлекеттің сот жүйесін басқарушы ең жоғары сот органы.

Айрықша сот істерін, атап айтқанда, жоғары лауазымды адамдардың қылмыстары туралы және аса ауыр мемлекеттік қылмыстар туралы істерді қарайды. Сонымен бірге ол елдің барлық төменгі соттарының шешімдері жөнінде шағым жасалатын ең жоғары орган болып табылады. Кейбір мемлекеттерде (Мысалы, АҚШ-та, Үндістанда, Шри-Ланкада, Жапонияда) Жоғарғы Сот конституцияны түсіндіру және конгресс, штаттар мен федеральдік үкімет органдары қабылдаған актілердің конституцияға сай келуі туралы мәселелерді шешу, конституциялық бақылау міндеттерін де жүзеге асырады. Кейбір мемлекеттерде (Мысалы, Германияда, Ресейде) аталмыш міндеттер Жоғарғы Сотпен қатар арнаулы конституциялық соттарға да жүктелген.

Қазақстан Республикасында бұл міндетті Конституциялық кеңес атқарады (Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі). Конституциялық соты не кеңесі жоқ федеративтік мемлекеттерде Жоғарғы Соттың құзырына федерация мен оның субъектілері арасындағы, сондай-ақ федерация субъектілерінің өз арасындағы дауларды шешу жатады. Жоғарғы Сот түрлі мемлекеттерде түрліше ресми аталуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда, Австрияда, Ирландияда, Исландияда, Канадада – Жоғарғы Сот; Германияда – Жоғары федеральдік сот, ИталиядаЖоғары кассациялық сот; ГрекиядаАреопаг; ЭстониядаМемлекеттік сот; ШвейцариядаФедералдық сот, т.б.

Жоғарғы Сот, әдетте, істердің кейбір санаттары (азаматтық, қылмыстық, конституциялық) бойынша сенаттарды (палаталарды, алқаларды) қамтитын күрделі құрылым болып келеді. Мысалы, Ұлыбританияның (және Уэльстің) Жоғарғы Сотын төраға ретінде лорд-канцлер басқарады, ол дербес үш сот мекемесінен – Шағымдық соттан, Мәртебелі соттан және Тәж сотынан тұрады. Әдетте, Жоғарғы Соттың құрылу тәртібі, сондай-ақ, негізгі міндеттері (өкілеттіктері) елдің конституциясымен айқындалады. Жоғарғы Соттың судьясын мемлекет басшысы дербес немесе парламенттің (оның жеке палатасының) бекітуімен тағайындайды. Мысалы, АҚШ-тың Жоғарғы Сотның судьясын АҚШ Президенті Сенаттың кеңесімен және келісімімен тағайындайды.

Парламенттік елдерде Жоғарғы Сот судьяларын тағайындау кезінде үкімет шешуші рөл атқарады. Көптеген мемлекеттерде Жоғарғы Сот судьялары лауазымына үміткерлер ұсынуды сот қоғамдастығы органдары немесе сот қызметінің істері жөніндегі арнаулы комиссиялар жүзеге асырады. Көптеген елдерде судьялардың Жоғарғы Сот құрамында болу мерзімі заңда белгіленген жасқа толуымен шектеледі (әдетте 65 – 70 жас). Жоғарғы Сотқа біліктілігіне қойылатын талаптарды (әдетте төменгі соттармен салыстырғанда) қанағаттандыратын кәсіпқой судьялар мүше болып тағайындалады. Бұл талаптардың ең бастылары – заңгер мамандығы бойынша бай жұмыс тәжірибесінің және кіршіксіз беделінің болуы. Дәстүрлі қазақ қоғамында пайда болған дау-жанжалдарды билер соты реттеп отырғаны белгілі. Қазақ хандығы нығайып, біртұтас мемлекетке айналған кезеңде жыл сайын шақырылып отырған билер кеңесі әрі қазіргі ұғымдағы парламенттің, әрі Жоғарғы Соттың қызметін атқарған.

Қазақстанда кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында Жоғарғы Сот билігін Қырғыз (Қазақ) АКСР революциялық трибуналы (1921 – 23), РКФСР Жоғарғы Сотның Қазақ бөлімі (1923 – 29), Қазақ АКСР Жоғарғы соты (1929 – 36) жүргізді. 1937 ж. 3 ақпанда қабылданған Қазақ КСР Конституциясының арнаулы тарауында сот ұйымдары мен прокуратура қызметін ұйымдастыру, құру тәртібі белгіленді. 1970 ж. 31 тамызда КСРО Әділет министрлігінің “Одақтас республикаларда Әділет министрлігін құру туралы қаулысына” сәйкес одақтас республикаларда әділет министрліктері құрылды. 1990 ж. 23 қарашада “Қазақ КСР-нің сот құрылымы” жөніндегі Конституциялық Заңға өзгерістер енгізу туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы қабылданып, Жоғарғы Соттың бұрынғы алқаларына қосымша төраға және 4 судья құрамында әскери сот алқасы құрылды. 1992 ж. 22 желтоқсанда бұл Заң “Әскери соттар” деген арнайы тараумен толықтырылды. 1993 ж. 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында 16-тарау сот билігіне арналды. Оның 95-бабында Қазақстандағы сот билігі Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және Жоғары төрелік соттың, сондай-ақ, заң бойынша құрылатын төменгі соттардың құзырында екені атап көрсетілді. Конституциялық сот (қазіргі Конституциялық кеңес) Қазақстан Республикасы Конституциясын қорғау жөніндегі ең жоғары орган болып танылды. 1994 ж. 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы” Жарлығы шықты. Мұнда сот жүйесін реформалаудың бағыттары белгіленді. Сот жүйесін жалпы соттар мен төрелік соттарға жіктеудің қажетсіздігі атап көрсетілді. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында (1995, 30 тамыз) осы принциптер бекітілді. Жоғарғы Сот арнайы сот алқаларына бөлініп құрылды, судьялар құрамы да соған қарай іріктелді. 1995 ж. 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық Заң күші бар Жарлығы жарияланды. Осыған орай бұған дейін дербес өкілеттік жүргізіп келген Қазақстан Республикасының Төрелік соты Жоғарғы Соттың құрамына қосылды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты – мемлекеттің ең жоғары сот билігі органы, яки елдегі азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, т.б. істер бойынша ең жоғары сот органы болып табылады. Ол төменгі соттардың қызметіне сот қадағалауын жүзеге асырады және соттың іс-тәжірибесіне қатысты әр алуан мәселелер жөнінде түсінік береді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотн төраға, оның орынбасарлары, мүшелері құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті 5 жыл мерзімге сайлайды. Оның құрылымы, мәртебесі, қызмет тәртібі 2000 ж. 25 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық Заңмен белгіленген. Бұл Конституциялық Заң Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық Заң күші бар Жарлығында белгіленген реформаларды одан әрі дамытты. Жоғарғы Сот құрамындағы әскери алқа таратылып, оның жаңа құрылымы белгіленді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот қадағалауын ең алдымен төменгі соттардың нақты істерді шешуде заңдылық пен негізділікті сақтауын тексеру, олар жіберген қателерді түзету жолымен жүзеге асырады. Сонымен бірге Жоғарғы Сот республикадағы сот жүйесінің іс-тәжірибесін зерделеп, қорытындылайды, сот статистикасына талдау жасайды, осы негізде сот істерін қарау кезінде заңнаманың қолданылуы барысында туындайтын мәселелер бойынша түсініктер береді, заңи бастамашылық құқығын пайдаланады. Жоғары сот билігін жүргізуші орган ретінде Жоғарғы Сот істерді өзінің өкілеттік құзыры шегінде, бірінші сатыдағы сот дәрежесінде апелляциялық және қадағалау тәртібімен, сондай-ақ жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарайды. Бұл орайда, Жоғарғы Сот қарайтын істер бойынша заңи хұкім жүргізу құзыры Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі мен Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес айқындалады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының құрамы төрағадан, алқа төрағаларынан және судьялардан тұрады. Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді. Жоғарғы Соттың органдары: қадағалау алқасы, азаматтық істер жөніндегі алқа, қылмыстық істер жөніндегі алқа, соттың жалпы отырысы. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы мен қылмыстық істер жөніндегі алқасын – алқа төрағалары, ал қадағалау алқасын Жоғарғы Соттың төрағасы басқарады. Әр алқадағы судьялар саны Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысымен соттың жалпы отырысында белгіленеді. Қадағалау алқасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру жолымен жыл сайын сайланатын судьялардан құралады. Азаматтық істер жөніндегі алқа мен қылмыстық істер жөніндегі алқа соттың жалпы отырысында талқыланғаннан кейін дербес құрамын Жоғарғы Сот төрағасы белгілейтін судьялардан құралады. Жоғарғы Сот төрағасы азаматтық істер жөніндегі және қылмыстық істер жөніндегі алқаларда мамандандырылған құрам құруы мүмкін.

Жоғарғы Соттың төрағасы судья міндетін де атқарумен қатар: судьялардың сот істерін қарауын ұйымдастырады, қадағалау алқасын басқарады, алқада сот ісін қараған кезде төрағалық етуге құқылы; Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етеді; жалпы отырыстың қарауына сот практикасында заңдарды қолдану мәселелері бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қабылдау үшін материалдар енгізеді; Жоғарғы Соттың жалпы отырысының бекітуіне жалпы отырыс хатшысының және ғылыми-консультациялық кеңес мүшелерінің кандидатураларын енгізеді; қажет болған жағдайда бір алқаның (қадағалау алқасынан басқа) судьяларын басқа алқаның құрамында іс қарау үшін тартады; Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарын бекітеді, алқалардың жұмысын үйлестіреді; Жоғарғы Сот кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның құрылымы мен штатын бекітеді, жеке азаматтарды қабылдайды, өкімдер шығарады. Жоғарғы Соттың төрағасы сондай-ақ, елдегі өзге де мемлекеттік билік тармақтары органдарымен және халықар. ұйымдармен өзара қарым-қатынасы кезінде отандық сот жүйесінің мүддесін қорғайды. Жоғарғы Сот төрағасының кез келген сот судьяларына қатысты тәртіптік іс қозғауға құқығы бар.<ref>Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6</ref>

Жоғарғы Сот алқасының төрағасы судья міндеттерін де атқарумен қатар: алқаның отырысында төрағалық етеді; сот статистикасын жүргізу, заңдарды қолданудағы сот практикасын зерделеу мен жинақтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады; Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшін судьялардың тиісті құжаттарды дайындауын қамтамасыз етеді; жалпы отырыста алқа қызметі туралы ақпарат береді; заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Жоғарғы Соттың жалпы отырысы алқа құрамының санын белгілейді және қадағалау алқасының құрамына судьялар сайлайды; сот практикасын зерделейді және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша елдегі соттардың сот төрелігін іске асыруы кезіндегі заңдылықтың сақталуы мәселелерін қарайды; сот практикасында заңдардың қолданылуы мәселелері бойынша түсіндірмелер беретін нормативтік қаулылар қабылдайды; алқалар төрағаларының және өкілетті орган басшысының хабарламасын тыңдайды; облысы сот төрағасы мен облысы сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметінің бос орнына кандидатураларды талқылайды және тиісінше қорытындылар береді; Жоғарғы Сот төрағасының ұсынуымен жалпы отырыс хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестің құрамын бекітеді; заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. Жалпы отырыс Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екісі қатысқан жағдайда ғана заңды болып табылады. Жалпы отырыс мәжілістеріне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен әділет министрі қатысады. Оған Жоғарғы Сот төрағасының шақыруымен төменгі соттардың судьялары, министрліктердің, агенттіктер мен к-ттердің, ғылыми мекемелердің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуы мүмкін. Жоғарғы Сот шешімдері түпкілікті шешімдер болып табылады және апеляциялық тәртіппен шағым жасауға, яки наразылық білдіруге жатпайды. Әр жылдары

  • Қырғыз (Қазақ) АКСР революциялық трибуналының төрағасы болып Н.Нұрмақов (1921 ж. қазан – 1923 ж. сәуір);
  • РКФСР Жоғарғы Сот Қазақ бөлімінің төрағалары болып Т.Мұқашев (1924 ж. наурыз – 1925 ж. маусым)
  • М.Атаниязов (1925 ж. мамыр – 1927 ж. наурыз), С.Бекбатыров (1927 ж. наурыз – 1929 ж. сәуір)
  • Қазақ АКСР Жоғарғы Сотының төрағалары болып Н.Сырғабеков (1929 ж. мамыр – қараша)
  • Н.Арықова (1929 – 30)
  • Н.Жүнісов (1931 ж. шілде – 1932 ж. шілде)
  • Қ.Күлетов (1932 ж. шілде – 1934 ж. қаңтар)
  • Ш.Бектұрғанов (1934 ж. мамыр – 1937 ж. желтоқсан)
  • Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағалары болып Ә.Құскелдиев (1937 ж. желтоқсан – 1938 ж. тамыз)
  • П.Громов (1938 ж. тамыз – 1939 ж. сәуір)
  • Т.Қожабергенов (1939 ж. сәуір – 1941 ж. мамыр)
  • М.Нұрбаев (1941 – 42), Т.Әділбаев (1943 ж. сәуір – 1945 ж. қазан)
  • О.Адамбаев (1946)
  • Ә.Биекенов (1946 ж. мамыр – тамыз)
  • Ә.Досанов (1946 ж. тамыз – 1958 ж. тамыз)
  • Ә.Нұрышев (1958 – 59)
  • К.Сүлейменов (1958 – 62)
  • Б.Жүсіпов (1962 ж. маусым – 1970 ж. қыркүйек)
  • Қ.Мыңбаев (1970 ж. қараша – 1981 ж. мамыр)
  • Ғ.Елемісов (1981 ж. маусым – 1984 ж. қаңтар)
  • Т.Айтмұқамбетов (1984 ж. наурыз – 1993 ж. желтоқсан)
  • Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағалары болып М.Малахов (1993 ж. желтоқсан – 1996 ж. маусым)
  • М.Нәрікбаев (1996 ж. маусым – 2000 ж.), Қ.Мәми (2000 жылдан) жұмыс істеді.<ref>Қазақ ұлттық энциклопедиясы</ref>

Дереккөздер:

<references/> Үлгі:Stub:Заң {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}da:Højesteret