Дәстүр жалғастығы және заман талабы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

12:27, 2017 ж. сәуірдің 20 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)

Алдыңғы бапта қазіргі кезде де өз ықпалын сақтаған және әлемдік процестерге терең әсер тигізген исламдық өркениеттің белгілі бір «ренессанстық» уақытын Қазақстанға байланысты қарастырып өттік. Шарықтап өрлеген бұл өркениеттің түркістандық тармағының шамамен XIII ғасырдан бастап күйзеліске ұшырағаны тарихтан белгілі. Этникалық тұтастанудың немесе жаугершіліктің нәтижесінде қалыптасқан Кіндік Азиялық империялар ұзақ уақыт мәдени өрісте өзінің қалпын сақтай алмады. Әртүрлі түріктік алғашқы дала империялары мен мемлекеттері, араб халифаты, Шыңғысхан империясы, Алтын Орда мен Ақсақ Темір мемлекеттері уақыт сынағынан өтпеді. Олардың құрамындағы халықтардың рухы күшпен енгізілген бірлік белдеуін үзіп тастады. Бұл процесті әртүрлі бағалауға болады. Қалыптасып келе жатқан этностар (қазақтар, өзбектер, түрікпендер ж.т.б.) тұрғысынан көшпелік империялардың ыдырауын қолайлы құбылыс деп те тануға негіз бар... Бірақ бұл ыдырау уақыты номадаларды қоршап тұрған отырықшы империялардың есін жинап, қарсы шабуылға көшуіне мүмкіндік берді. Ол Еуразияда жаңа геосаяси жағдайды тудырды. Қазақ мәдениетінің дәстүрлік уақыты оның ұлт болып қалыптасуымен және өзіндік төл мәдениеттің пісіп-жетілуімен байланысты. Бұл кездегі мәдениет туралы түсініктер архетиптік уақыттың негізгі ерекшеліктерін жаңа мәдени хронотопқа байланысты жалғастырды. Осыған қатысты тағы бір пікір әдебиетте жиі келтіріледі: бұрынғы архетиптік түрік мәдениетінің басты құндылықтарын бойына толық сақтаған түріктік этностарға қазақтар, қырғыздар, ноғайлар, қарақалпақтар, қашқайлар, башқұрттар ж.т.б. жатады. Өйткені олар XX ғасырға дейін бұрынғы көшпелілік өмір салтын жалғастырған. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ халқының мәдениет туралы дәстүрлі түсініктерінің негіздері өзгерістерге көбірек ұшыраған басқа халықтар үшін архетиптік қызметі бар. Сонымен, Орталық Азияның және жапсарлас жатқан аймақтардың номадалары X—XIII ғасырларда өркениеттілік уақыт өрісіне тартылғанымен, кейін ыдырау және этностық қалыптасу кезінде уақыттың дәстүрлі түсініктерін қайтадан жандандырды. Яғни, дәстүрлік уақыт халықтық дүниетанымда фольклорлық уақыт арқылы бейнеленді.

Қазақтың дүниетанымы

Қазақтың мәдениет туралы дәстүрлік түсініктерінде көне негіздермен қоса мұсылмандық қағидалар қатарлана келеді. Дәстүрлі дүниетанымда қиял-ғажайып кейіпкерлерді, алғашқы тотемдік бейнелерді ислам өркениетіне жалпы тән Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Жеті кәміл пірлер, Арыстанбаб, Қыдыр, мұсылмандырылған Түкті Баба Шашты Азиз тәрізді қуатты әулиелер ауыстырған. Бұл мәселені А. Байтұрсынов өзінің «Қобыланды жырындағы әйел бейнесі» атты мақаласыңда жақсы көрсеткен. Қалмақтармен күрескен қазақтардың салт-дәстүрлері әлі де ескі сенім-нанымдардан исламға өту дәуірін бейнелейді. Мысалы, Қобыландының әйелі Құртқа бойына мұсылмандық әдет-ғұрып жүйесін жинақтаса, оның шешесі Көктен кемпір мифологиялық жан. Исламдық өркениеттің қазақ еліне тигізген әсерінің күшеюі нәтижесінде уақыттың хиджралық өлшемі де (Мұхаммедтің Меккеден Мәдинеге қоныс аударуынан, 622 ж.) қазақтың дәстүрлік мәдениетінде кең қолданыла бастады. Бұл есептеу жүйесі, әсіресе, еуразиялық Далада қалыптасқан жазба шежірелерде жиі қолданылған. Жалпы алғанда, шежірешілдік қазақтың және оның ата-тектерінің мәдениетінің маңызды көрінісі. Эпостық уақыт дәстүрлік уақыттың, маңызды болса да, бір бөлігі ғана. Шежірелер көшпелілердің бәрі сауатсыз еді деген штамптың жалғандығын дәлелдейді. Шежірелер бір жағынан алғанда Ислам Ренессансымен тұтасып жатса, келесі қырымен ол далалық ауызша тарихнаманың (ДАТ) арнасымен қатысты. Оның ықпалымен Кіндік Азияда тарихи-шежірелік мектеп қалыптасты. Концептуалды уақыт болашақ туралы әртүрлі болжамдар жасауды өзіндік мақсат деп есептейді. Уақыттың сәттік тар шеңберінен шығып, болашаққа қарай ой жүгіртіп, оны сараптау қазақтың дәстүрлі төл мәдениетінде де кең орын алған талпыныс. Бұл туралы С. Қасқабасов былай деп жазады: «...халық жақсы өмірді армандап, «алтын дәурен», «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», не болмаса елді қиыншылықтан құтқаратын бір қайраткер туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарады. Ол әңгіме, аңыздардың басты кейіпкерлері — өмірде болған. Бара-бара мұндай аңыздар әпсана-хикаятқа айналады. Осыдан барып мессиандық рөл атқаратын адам, елге ырыс-дәулет беретін қоныс жайында әпсана-хикаят қалыптасады. Мұндай әпсана-хикаяттың тарихи аңыздан айырмашылығы оның тек көркемдік дәрежесінде емес. Оның басты ерекшелігі сол — тарихи аңызда өткен тарихтан гөрі қиялдан, арманнан туған оқиғалар мен кейіпкерлер дәріптеледі, мұнда заман, адам, жер-су, мекен халықтың қалауы бойынша суреттеледі, олар осындай болса екен деген тұрғыда көрсетіледі». (Қазақтың халық прозасы. — Алматы, 1984. — 175-бет).

Жерұйық - Асан қайғы

Осындай аты аңызға айналған тұлғалардың бірі, XV-ғасырдағы алғашқы қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ақылшысы болған ақын және философ Асан қайғы атанып кеткен — Хасен Сәбитұлы. Шоқан Уәлиханов оны «көшпелі ноғай, қазақ ұлысының философы» деп айтады. Қорқыт ата сияқты Асан қайғы үлгі тұтарлық Гүлстанды — идеалды қоғамдық құрылысты арман етті. Бұл қазақ мәдениетінің жаңа ғана қалыптаса бастаған кезі еді. Ол қазақ хандарына тым ерте қуанбаңдар, табысқа масаттанып кетпеңдер деп ескерту жасады. Ол халықтың болашағын ойлап, Еуропадағы Томас Мордың «Утопия» аралына, Томаззо Кампанелланың «Күн қаласына» ұқсас «Жерұйықты» іздейді. Жерұйық — қой үстіне боз торғай жүмыртқалайтын, ру-тайпа таласы жоқ, жұт пен қайғы-қасіреттен аулақ, шөбі шүйгін, суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағашы жеміс-жидекке толы құтты қоныс. Сол жерді табу үшін ол желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын шарлап кетеді. Алайда таба алмайды, қайғыланып, өмірден өтеді. М. Әуезов халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі — «Асан қайғы» дейді. Әрине, Асан қайғы пессимистік тұлға емес. Оның шығармашылығынан туатын негізгі қағида: «Жерұйыққа», бақытқа жететін жолдың оңай еместігі; оған қажымас қайратты, дәйекті, ел қамын ойлаған жетеді. Асан қайғы уақыт пен кеңістіктің салыстырмалығы, олардың ішкі ырғақтары және тіршілік тылсымдары туралы терең де әсерлі бейнелер келтірген. Дәстүрлік уақытты талдағанда Асан қайғының заман мен болашақ, жақсылық пен жамандық, мұрат пен шындық, мәңгілік пен ғаріптік туралы айтқан пікірлерінің амбиваленттік (ішкі қайшылық) сипатында болатындығын еске сақтаған жөн. Жалпы алғанда, уақыт ұғымының өзі екіұшты. Ол әрі бар, әрі жоқ. Әрі жасампаздықты, әрі өткіншілікті бейнелейді. Асан қайғы уақыт ағынына байсалды сеніммен қарайды. Оның қайғысы тіршілікті қастерлеуден туған. Асан қайғы кеңістіктен таба алмаған жер жаннаты «жерұйықты» үйлесімдік деп (гармония) пайымдайды. Бұл тек Хаос пен Реттідіктің (мифологиялық сана), Табиғат пен Адамның (архетиптік дүниетаным) арасындағы үйлесімдік емес. Ол — адамның өзінің өзімен үйлесімдігі. Бұл жағдайда заман мен адам теңесе алады. Әрине, бұл идея қазақтың төл мәдениеті қалыптасып келе жатқан уақытта қажеттіліктен ықтималдыққа жақын еді. Кейін Қазақ хандығының жау қыспағынан әлсіреп, Ресейдің отары бола бастаған кезде заман бейнесі «Жерұйық» кейпінен «Зарзаманға» айналады. «Зарзаман» түсінігі қазақтың төл мәдениетінде қалыптасқан уақыт туралы әсерлі бейнелердің бірі болды. Бұл бейненің өзіндік ерекшелектерінің типологиялық мазмұны терең болғандықтан, оған арнайы тоқталып өтелік.

Зарзаман

Халық ауыз әдебиетіндегі «Зарзаман» мәдени ағымының өкілдері бұрынғы төл мәдениет үлгілерін дәріптеді. Отаршылық әрекеттің күшейе беруі халықты дініне айыру қаупін туғызды. «Сыртқы өмірдің, — дейді М. Әуезов, — осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, сөзінен, өлеңінен, әнінен, бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар-шер, қайғы басқан». (Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі. Әлем, 260 201-бет). «Зарзаман» идеясы — қазақ мәдениетінің өзінің болашағы туралы қам жеуінің уақыттық таңбалық белгісі. Тікелей болмыс пайымдаушы адамды қанағаттандыра алмайды, батырлық ғасырлардың ұзаққа созылуы мүмкін емес еді: оның белгілі бір тұрақты межеге жете алмауы, бір ата жаудың (мысалы, жоңғардың) орнына, одан да қатерлі күштердің төніп келуі (Қытай мен Ресей) дәстүрлі уақыттың мәңгі еместігі жөнінде ой желістерін туғызды. Жерұйық пен Жиделі Байсынды Ақырзаман алмастырды. Мұны тек діни эсхатология деп қарастырмау керек. «Зарзаман» бейнесін күйзеліске түсе бастаған мәдениет міндетті түрде туғызады. Сондықтан нақтылы болмыстағы табыстарға масаттана бермей, тарихтың алдағы қисындарын көре білу қажет. Мұны жауларымен батыл арпалысқан қазақ хандарының ақылшы-сәуегейлері Асан қайғы мен Бұқар жырау да көре білген. «Зарзаман» бейнесі дүниежүзілік мәдениеттегі уақыттық бағдардағы оптимизм немесе пессимизмнің басымдылығы туралы ілімдермен сабақтас. Ф. Вольтердің атақты «Кандидінде» осы мәселе көркем әсірелеу және философиялық топшылау тұрғысынан терең талқыланған. Егер еуропалық мәдени-ағартушылық бағытының өкілдері білім мен ғылымға сүйенген адамның құдіреттілігін дәріптесе, онда кейін қалыптасқан Романтизм өкілдері оған шек қойып, өрлемелі уақыт барысы дегенге күмән келтіреді. Біз бұл жерде «Зарзаман» ақындары осы Романтизмнің бір тармағы деп отырғанымыз жоқ. Еуропалық мәдениетке тән типологияны басқа аймақтарда сын көзбен қолданған жөн. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіне уақытты оптимистік, не пессимистік тұрғыдан түсінудің қайсысы сәйкес келеді деген сұрақ туады. Жалпы алғанда, мәдениеттанушылар Батысқа белсенділік, мақсаткерлік, рационалды болжау көбірек тән болса, онда Шығыс енжарлықтың, мұң-зардың, мистиканың аймағы деген пікірді жиі айтады. Әрине, бұл пікірдің жанды жақтары да бар. Әсіресе музыкалық өнердің стиліне байланысты (мысалы, грек гимндерін, Рим марштарын, еуропалық сауықтық (карнавалдық) мәдениетті қобыз сарындарымен, парсы рубаиларымен, үндінің діни текстеріндегі ырғақтармен салыстырыңыз). Алайда, бұл тым дерексіздендірілген жалпылама тенденция болып табылады. Шығыстың өзі көпқұрылымды (мозаикалы). Бұл аймақтағы исламдық, үнділік, конфуцийлік тармақтардың оптимизм және пессимизм туралы түсініктері де әртүрлі. Мысалы, зороастриз бойынша, адам саналы түрде бір нәрсеге — жауыздықты жеңуге ұмтылуы керек, ал ол үшін игі мақсатқа сәйкес өмір сүруге тиіс. «Шындық — ең жақсы игілік» деген принцип — ұлы принцип. Болашақты зороастризмдегідей Әділеттік бастамасы — Ахура-Мазда жеңген күндей бейнелеу үшін табиғи және тарихи жағдай қолайлы болуы қажет. Бірақ «Зарзаман» ақындары өмір сүрген уақыт басқаша еді. Олардың зары кертартпа феодализм жаңғырығы да емес, қоғамды артқа тарту да емес, еуропалықтарға деген жеккөрушілік те емес еді. Бұл дәстүрлі мәдениет түйыққа тіреліп; одан шығатын жол іздейін десе, қол-аяғы кісенделіп, бодаңдыққа түсе бастаған елдің тағдыры мен болашағы туралы толғаулары еді. Осы ағымның басты өкілі Шортанбайға сөз берейік:

Заман қайтып оңалсын?
Адам қайтып қуансын?
Жандарал болды ұлығың,
Майыр қалды сыйлығың
Айырылмастай дерт болды.
Нашарға қылған зорлығың,
Кінәзді көрдің жырыңдай,
Тілмашты көрдің биіңдей,
Дуалды көрдің үйіңдей,
Абақты түр көріңдей.
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей.
Билер пара жейді екен
Сақтап қойған сүріңдей.
Заманның түрі бұзылды
Текеметтің түріндей.
(Зар заман – Әлем, 307-бет)

Зарзаман ақындары халық тағдырының этномәдени кеңістіктің тұтастығымен тығыз байланысты екендігін жақсы түсінді. Зарзаман ақындарының уақыт тығырығын дұрыс түсінгені және оған әділ баға бергені тарихи маңызды іске жатады. Дәстүрлі мәдениеттің басты құндылықтарын қызғыштай қорғау сол кездегі уақыт талабына сәйкес еді. Олардың заманға берген бағасы уақыт сынынан өтіп, кейінгі тығырықта да өз актуалдығын жоғалтқан жоқ. Алайда, «Зарзаман» өкілдері рухани мәдениеті тарылып, суала бастаған арнадан әлемдік өркениеттің шексіз мүхитына апаратын ағын бағдарын көрсете алмады. Бұл бұрынғы әдетке айналған маркстік сынды қайта жаңғырту емес. Уақыт философиясының маңызды қағидасы оның кері жүрмейтіндігін дәлелдейді. Екіншіден, уақыт әлем мен тіршілік ырғақтарынан тыс шексіз ұзақтық та емес. Яғни, ол адам үшін жатсыздандырылған болмыс бітімі де емес. Оны уақыт керуені, мәдениеттер көші деген бейнелік таңбамен түсінген дұрыс. Керуен басын адам бұра алады; яғни, адам уақытқа тек тәуелді пенде емес. Ол — тарихи-мәдени процестің (уақыт ағынының) субъектісі (иесі). Сергелдеңге түскен мәдени көштің басын өткен белестерге бүру, мұраттар мен құндылықтарды ескіден іздеу антиутопияның бір түрі болып табылады. Техникалық жетістіктер мен батыстық өркениеттің Қазақстан жеріне жете бастаған кейбір құндылықтарына тосқауыл қою арқылы дәстүрлік мәдениет өзін өзі сақтай алмайтын заман туды. Бұл заман талабына дәл және сәйкес жауап беру керек. Еуразиялық және афразиялық далалардың тұрғындары көне заманда табиғаттың қатал сыны қуаңшылыққа өздерінің бұрынғы шаруашылық-мәдени типін өзгертіп, көшпелілерге айналған болатын. Жаңа Заманда одан да қатал сынды сол көшпелілердің ұрпақтары бастарынан өткізді. Бірақ талапты қойып отырған табиғи күштер емес, тарих пен заман еді. Ал заман қысымы табиғаттың дүлей күштерінен де адуынды болды. Мәселе тікелей қойылды: не өзінің мәденишаруашылық типін өзертіп, кеңістіктің төрінен мығым орын алу, не америкалық үндістердің тағдырын қайталау. Бұл тарихи сыннан орны толмайтын құрбандары болғанымен, қазақ мәдениеті абыройлы шыға білді.<ref>Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет. ISBN 9965-663-71-8</ref>

Тағы қараңыз

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Дәстүр жалғастығы және заман талабы|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}