Вьетнам және Лаос өнері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Вьетнам өнері

Вьетнам құрамына енетін барлық аймақтар өнерін бірдей деп қарауға әсте болмайды.

Сурет:Вьетнам өнері.png
Саздан жасалған бедерлі сурет Нуишам. Биіктігі 27 см. Фунань патшалығы. Шамамен VI ғ. Хошимин, Музей.

Оны ең кем дегенде ірі үш аймаққа бөліп қараған абзал. Ол — ең алдымен, Бакбо шығанағына таяу оңтүстікке қарай Орталық Вьетнамға дейінгі солтүстік аймақ, одан әрі тағы да оңтүстікке қарай созылып жатқан бір жарым мың жыл бойы тьямдардың ұлы мемлекеті болған. Тьямпа өлкесі, ең соңғысы — тұрғындары ерте дәуірде аса маңызды роль атқарған алыс шалғайдағы оңтүстік аймақ. Оңтүстік Үндіқытай мемлекеттерінің мәдениеті мен өнерінің барлық даму негіздері толығымен Фунань деп аталатын дәуірде жасалды. Алайда, Солтүстік Вьетнам жерінде Фунаньға қарағанда да байырғы, Индонезияға дейін тараған донгшон деп аталған мәдениет болды.

Әр түрлі жерлерде, ең алдымен, Солтүстік Вьетнамда орналасқан Донгшонның өзінде шамамен біздің дәуірімізге дейінгі VI—I ғасырларға жататын, осы мәдениеттің бір типтегі археологиялық ескерткіштері табылды. Қоладан жасалған аса көп қару-жарақ, қола аспаптар мен мүліктер жасалуы жағынан аса жетілгендігімен ғана ерекшеленіп қоймайды, олардың барлығына да көркем безендірудің көңіл сүйсінтер, келісті шеберлігі тән болып келеді. Әсіресе, Донгшон олжаларының ішінде қоладан жасалған зор барабандар айрықша әсерге бөлейді. Барабандар шиыршық атқан орамалар, шоғырланған тікбұрыштар, жолақтар және басқа да неше түрлі боп келетін аса бай ою-өрнектермен безендірілген.

Сурет:Вьетнам өнері 1.png
Будданың ағаш мүсіншесі. Сонгнгуен. Вьетнам. Фунань патшалығы. Шамамен IV ғ. Хошимин. Музей.

Кейбір безендіру детальдары, мәселен, қауырсындармен әшекейленген бишілер қатарлары бұл барабандар муссон жауындарын жеделдетуді сұрау мақсатындағы сиқыршылық рәсіміне қатысты деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Бақа бейнелері де осы ойларды растай түседі.

Ішінде адамдар лық толған қайықтар бейнесі өлілерге бас иіп табынушылыққа байланысты туған: бұл сурет мұндай қайықтар оларды о дүниеге апаруға арналады-мыс дегенді аңғартады.

Оңтүстік-Шығыс Азия тұрғындарының дініне байланысты кең тараған донгшон мәдениеті туралы Индонезияға арналған бөлімде тағы да айтылатын болады.

Сурет:Вьетнам өнері 2.png
Гаруда мен наг. Чакиеу. Въетнам. VII—VIII ғасырлар. Хошимин, Музей.

Көркем творчествоның тағы бір орталығы шалғай оңтүстікте Меконг атырауында болды. Бірақ мұнда теңіз саудасы мен буддалық миссионерлердің қызметіне байланысты қытайлықтардың емес, үнділіктердің ықпалы күштірек болғаны байқалады. Осында, оңтүстікте Фунань мемлекеті дүниеге келді, қытай деректерінен мәлім болып отырғанындай, оның іргесін қалаушы Каундинья болып табылады. Көптеген археологиялық, олжалар қытайлар дерегін растай түседі. Қазба жұмыстары осында, Үндіқытай жарты аралының оңтүстік аудандарында қолдан суландыру жүйесі бар бай күріш өсіру алқабы болғанын көрсетеді. Бұл жағдай мемлекеттің орталықтануына ықпал жасап, Фунаньның даңқын асырған бай тұрмысын қамтамасыз етті. Ағаш үйлерден тұратын ірі қалалар суландыру каналының бойларынан ірге көтерді. Елдегі негізгі транспорт құралы қайық болды.

Фунань дәуіріне байланысты бағалы деректер Океодағы қазба жұмыстары кезінде табылды. Бұл деректер Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы ежелгі мемлекеттің көптеген елдермен халықаралық сауда қарым-қатынасын жүргізгенін бейнелейді. Фунань саудагерлері Батыстағы көнеe мәдениет орталықтары сияқты ертедегі Қытай мен Шығыс Азия астаналарына да сапар шегіп отырған.

Бұл мемлекет туралы санскрит жазбалары да біршама толық мәлімет береді. Солардың бірі біздің дәуірімізге дейінгі 357 жылға жатады және ол Фунаньда үнділіктердің күн құдайы Сурьяға табыну қалыптасқандығын көрсетеді. Патшаларға үнді есімдері беріліп отырған: солардың бірі Каундинья Джаяварман (478—514) буддизмді таратуда зор роль атқарды. Алайда, оның мұрагері Рудраварман (514—539 жыл шамасы) индуистік құдай Вишнуға табынған.

Фунань өнерінің бізге келіп жеткен кейбір шығармаларын біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына да жатқызуға болады. Индуистік құдайлар мен Будда мүсіншілеріне қоса, әсіресе, Окео мен Нуишамада ғимараттардың да қалдықтары табылды. Формасы жағынан ол сол уақыттағы үнділік құрылыстарға жақын. Атап айтқанда, граниттен жасалған, үсті салбыраңқы келген күмбезді қарапайым целла тәрізді храмның негізі табылды; ол кірпіштен қаланған іргетасқа орналастырылған және іргелес жатқан кірпіштен жасалған құрылыспен (мандама) веранда арқылы жалғасқан. Бұл да баяғы сол жартастағы діни үңгірлер, құдайлардың Махамера тауындағы ғарыштың таным жөніндегі көне үнділік идеяға негізделген. Осында Үндістанға тән сәндік, сәулеттік безендірулердің жұрнақтары да табылды, олардың ішінде, мәселен, терракоталы өрнектегі «Четиялар терезесі» бар.

Оңтүстік Вьетнам аудандары осылайша ерте кезден-ақ үнділік ықпалы күшті Оңтүстікг Шығыс Азияға тән даму арнасынан ауытқымаған. Алайда, солтүстікте Бакбо шығанағына таяу жердегі Вьетнамның өзінің байырғы өлкелерінде біздің дәуіріміздің I ғасырынан бастап қытайлар әсері байқалады.

Осы аудан өнерінің одан әрі дамуын шығыс азиялық мәдениеттің дамуымен байланыста ғана ұғынуға болады. Алдыңыздағы еңбекте бұл дамуға жалпы шолу жасау мүмкін болмағандықтан, ат үсті әңгімелеуден бас тартқан жөн деп білеміз. Алайда, вьетнамдық өнердің одан әрі дамуы үшін қытай мәдениетімен байланысының да маңызы болғандығын атап өту керек.

Сурет:Вьетнам өнері 4.png
Тхат Дам. Вьентъян.

Үнді ықпалына және үнділік үлгіге байланысты өнер Орталық Вьетнамда шығыс жағалаудағы тьямдар патшалығы кезінде өзінің жоғары даму шегіне жетті. Тьямпадағы буддалық ықпалдың алғашқы іздері біздің дәуіріміздің III ғасырына жататын тәрізді.

«Жабайы» тайпалар одағы туралы, кейініректе тьямдар өздерін осылай атаған-ды, қытайлық текстер 192 жылы хабарлады. Осы мемлекет туралы баяндайтын көне материалдар оның храмдық Мисон қаласы бар алғашқы астанасы орналасқан Чакиеу ауданынан табылды. Мұнда ертеректегі кезеңде шивалық және буддалық діни ғимараттар болған. Тьямдар өнері әдетте Ангкордың кхмер өнерімен байланыстырыла қаралады. Бұл Ангкордың аса үздік көркемдік мәнімен және оның құрылыстарындағы кхмерлер мен тьямдар арасындағы соғыс жайлы баяндайтын сан түрлі бейнелермен негізделеді. Әйткенмен, Тьям патшалығы еш уақытта да. кхмерлердікіндей біртұтас әрі аса ірі болмаса да, тьям өнеріне құштарлық пен әсемдікке толы өзіндік стиль тән.

Қытайлықтардың солтүстіктен жасап тұрған соғыс шабуылдары әуел бастан-ақ тьям мемлекетінің өмір сүруіне қауіп тудырып отырды. Кей кездерде индуистік әулеттер қытай билігіне бағынуға мәжбүр болып, оларға салық төлеп тұрған. Вьетнамның солтүстік бөлігінен оның айырмашылығы сол, Тьямпа патшалығы ешқандай басқыншылыққа ұшыраған жоқ. Тьямпа өзінің оңтүстігінен де соғыс қаупіне ұшыраумен болды. Мәселен, VIII ғасырда Үндіқытайдың теңіз жағалауындағы облыстарына явалықтар бірнеше рет шабуыл жасады. Тьямдар елі тоғыз жолдың торабында жатты, басқалар оған қызығумен болды және тұрғындардың үнемі қорғаныс жайында қам жасауын қажет етті. Кейініректегі кезеңде тьямдардың жаулары оның солтүстігіндегі көршілері — X ғасырда тәуелсіз болған Дайвьет мемлекеті мен батыстағы ангкор кхмерлері болды.

XI ғасырда солтүстіктен төнген қысымның әсерінен тьямдар шегінуге мәжбүр болды. Олар өздерінің Чакиеуге таяу жердегі байырғы аста- насын қалдырып, оңтүстікке қарай жаңа астана Виджаяның (осы заманғы Биньдиняға таяу) негізін қалады. X—XV ғасырлар кезеңі оңтүстік тьямдар дәуірі атағын алды. Кхмерлермен соғыс алма-кезек жеңіспен аяқталып отырды. 1145 жылы тьямдар патшалығы азып-тозып кетті. 1177 жылы тьямдар Ангкорды жаулап алды. Осыдан соң көп кешікпей 1220 жылы олар кхмерлерге тәуелділікке түсті. 1283 жылы өзінің сауда жолын қауіпсіздендіру үшін Құбылай хан Тьямпаға әскери экспедициясын жіберді, ол Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде болды. 1471 жылы вьетнамдықтар оңтүстік тьямдар патшалығын астанасы Виджаямен бірге жаулап алды. Бұл өзінің мемлекет болып өмір сүрген он үш ғасыр бойындағы өзіндік мәдениеті үшін тұрақты түрде күрес жүргізіп келген тәуелсіз тьямдар мемлекетінің күйреуі болған еді. Олар Вьетнам мен барлық Оңтүстік Шығыс Азия мәдениетіне өзіндік үлкен үлес қосқан болатын.

Сурет:Вьетнам өнері 3.png
Ват Чьенг. Тхонг. Луангпрабанг. XVI ғ.

Тьям өнерінің байырғы орталықтары елдің солтүстігінде орналасты. Мисон мен Донгзыонгтан табылған қазба байлықтары мейлінше ерек- шеленеді. Сәулет өнері өз түрлерін біршама өзгерткенімен де көптеген дәстүрлі құрылыс түрлерімен ғана шектеледі. Көпке мәлім емес ағаштан салынған зиялылар үйлерін айтпай-ақ, сакральды құрылыстар жайлы айтсақ, сакральды мұнара-целлаларды, кхмер өнерінен белгілі әсем «кітапханаларды», ең соңында жиналыстар өткізу үшін оқшаулата жасалған ғимараттарды айтуға болады. Калаларда храмдық шағын топтар болды. Тьямдар сәулет өнерінде камбоджалық немесе индонезиялық храмдық комплекстер болған жоқ. Тьямдардың әдеттегі мұнаралы ғибадатханасы калан деп аталды, ол өзінің айнымас түрін тоғыз ғасыр бойына сақтап қалды. Жоба бойынша ол шаршы формалы немесе тік бұрышты болып келеді. Бір залды ғибадатханасы бар корпус сымбатты және созылыңқы формалы. Әрбір төрт қабырғаның ортасында төбелі қалқан орнатылған, қосарланған колонналар капитель және үшкір фронтондармен жалғасқан. Үш портик жасанды түрге ие, целлаға тек батыс жағынан ғана кіруге болады.

Сурет:Вьетнам өнері 5.png
Тхат Луанг. Вьентъян. XVI ғ.

Бұл шын мәнінде үнді торанасынан шыққан қақпа болса керек, бірақ ол тьямдарда өзіндік сипатқа ие болған. Индонезиядағыдай мұндағы өрнектер де түгелдей үнді үлгілес. Ол төбеге жабылған тақтаның жоғарғы үшкіл бөлігіне орналасқан құбыжықтың аузынан жақтау колонналарға қарай төмен ағып тұрған сияқты. Храм қабырғалары тағы да бағана тізбектеріне бөлшектенген, тігінен негізгі капительдің көлденең формаларымен толыға түседі. Оның бет қабаты үстінен жабылған үш көлденең басқыштардан тұрады, ал олардың әрқайсысы кішкене портиктермен бөлінген. Храмның кейбір детальдары, мәселен, бастапқыда портиктердің ұяларында болған құдайлар храмын күзетуші мүсіндер кейіннен қирап бүлінген немесе мүлде жоғалған. Негізгі корпуспен тікелей байланысқан батыс жақтағы есік әдеттегідей шығыңқы тұратын қосымша құрылыспен толықтырылған. Құрылыс түгелдей цоколға орналасқан, ал сырт жағы саты тәрізді пилястр бөліктеріне бөлінген.

Храмның осы стандартты формасы шамалы ғана өзгерістерімен сақталып қалған: жоспары сәл өзгерген, жеке қабырғалары кеңейтіліп, шығысынан және батыс жағынан шығатын екі есік пайда болған. Оюлы безендіру детальдары түрін өзгерткен, ал қай ғимараттың болсын сапасын, ең алдымен, оның құрылымдық-сәндік өрнектелуінің әсемдік дәрежесі айқындайды.

Әсіресе, тьямдардың солтүстік дәуірі деп аталатын алғашқы кездегі мүсіндері қызығарлық дәрежеде. Бұлар, ең алдымен, монументтік мүсіндер емес, михрабтық мүсіндер. Олар Камбоджа мен Индонезияның бедерлі суреттеріндегі тұрмыстық көріністер бейнелері мен шыншылдығы және көз тартарлық байлығы жағынан салыстыруға да келмегенмен, кей реттерде бірқатар композицияларының шебер жасалғандығымен және нәзіктігімен олармен бәсекелеспек былай тұрсын, олардан асып та түседі. Мысал ретінде Мисон мен Чакиеу капительдері мен цокольдеріндегі бедерлі суреттер сияқты туындыларды атауға болады. Ангкордың бедерлі суреттерінде де музыканттар мен бишілерді көруге болады, ал екі шағын колоннаның ортасында отырған сыбызғыш лның ашынажай көңіл күйі Мисондағы шағын ұядағы жайға өте сәйкес келеді. Тьямдардың бедерлі суреттерінің аса мәнерлі екендігін және тереңдігін атап өту керек, олар сәулеттік фоннан бөлек, көлемді мүсіндер ретінде терең әсер қалдырады. Бұл егер тьям бишісін Ангкор Ват апсараларымен салыстырсақ, мейлінше айқын байқалады. Бұлардың соңғылары орындалу мәнері жөнінен алғашқыларынан көп кейінде қалатыны айқын. Индуистік құдайлар, ең алдымен, Шива әдетте ұрық таратушы күштерді бейнелейді. Жуан, салмақты еріндер мен жалпақ мұрындар жергілікті этникалық топтарға тән. Әйелдер мүсіні өзіндік грациямен ерекшеленеді. Тьям әйелдері үнділердікіндей салиқалы және толықша келген емес, олар жұпыны, бірак сезімдік ұстамдылығымен-ақ тартымды.

Лаос өнері

Сурет:Вьетнам өнері 6.png
Будданың алтын жалатцан ағаш бейнесі. Лaoc. XVIII ғ. Вьетнам, Музей.

Лаос өнері әлі күнге дейін аз зерттелген және бұл жерде жалпы белгілері бойынша сипаттала алады. Жоғары Меконг ауданындағы жер- лер Солтүстік Таиланд сияқты тайлар мекені болған болуы мүмкін; шамамен XIV ғасырда Ланнада Лансаға сияқты тхеравада буддизмі кең тарады. , Шамамен XIV ғасырдың ортасында Фа Нгум Лансанг мемлекетінің негізін қалаған кезде кхмер және тайлар ықпалы күшті болғанмен, лаос өнерінің өзінше дербес дамығанын айтуға болады. Фа Нгум Ангкордағы бір будда монахынан тәрбие алды. Ол өзін Лаостың астанасы болған Мыонг Шваның (қазіргі Луангпрабанг) королімін деп жариялады.

Сурет:Лаос өнері.png
Шива Құдайдың мүсіншесі. Тьямпа. Құмтас. Биіктігі 40 см. Донгзыонг. IX ғ.

Ерте кезеңнен, 1372 жылы салынып, кейін Ванор қиратқан храмнандабиғи көлемінен сәл ғана үлкен Будданың қоладан құйылған басы ғана сақталған. XVI ғасырдың екінші жартысының бас кезінде астана Вьенг Чанның оңтүстігіне орналасқан қазіргі Вьентьянға көшірілді. Лаостың бұл оңтүстік аудандарында кхмер мәдениетінің ықпалы күшті болды. Байырғы қала құрылысының атап айтарлықтай бөлегі — Тханг Луангтың кірпіштен қаланған символикалық қүмбезінің биіктігі 35 метрге дейін жетеді. Осы үлкен күмбезден басқа лаос өнеріне тән бүйір қабырғаларынан көп шығыңқы келетін сүйір етіп жасалған қосалқы шатырлары бар діни құрылыстарды атауға болады. Осындай байырғы құрылыстар қатарына Сиен-Куангтағы Ват Бан Пхонг пен Луангпрабанктағы Ват Чьенг Тхонг (XVI ғ.) қосылады. Вьентьяндағы Ват Пра Кео да осы XVI ғасырға жатады.

Лаостағы буддалық монастырь Ваттың өзіндік ерекшеліктері бар; оған бірінің үстінен бірі екі немесе үш қатар болып орналасқан кең жайылған шатыры бар павильон типтес, бот деп аталатын құрылыс тән; бұл оған әдемі, көз тартарлық түр береді. Осындай монастырь құрылыстарынан бұрын барынша ертеректегі ағаш құрылыстар да болған еді деп шамалауға болады, мұны әлі күнге дейін сақталған қарапайым ағаш үйлер растайды. Сірә, ағаш байырғы мүсіннің негізгі материалы болса керек. Қоладан жасалған мүсіндер осы кезге дейін өте аз табылды. Ағаш өңдеу техникасы лаос өнерінің стиліне айрықша әсер етті. Бұған Будда мүсіндеріндегі сәулетте кездесетін өрнекті оюларды еске түсірерлік, айкын да айшықты стилімен ерекшеленетін фактура айғақ бола алады. Әсіресе, от-жалын тіліне ұқсаған шатыр жиектері ерекше көзге түседі. Лаос символикалық күмбезі — тхаттың ұшар басы үшкір, жоғары бөлегі әдетте оқшауланып көрінетін тым биік болып келеді. Мунда да сатылы, кристалл бейнелес және өткір қырлы форманы атап өтуге болады; символикалық күмбездің мұндай жоғарғы бөлігін графиннің тығынымен де салыстыруға болады. Уақыт жағына келгенде лаос өнері дүниеге келгеннен бері көп ғасырлар өтсе де, оны сырт ықпалдан дербес, өзінше дамыған, өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар өнер ретінде сипаттауға болады. Лаос құрылыстарының біртекті-буддалық сипатта болғанын, түрлері мен формаларындағы қарапайымдылық пен тұтастық цейлон-тхверавада буддизмімен анықталатындығын атап өту керек.<ref> Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия өнері.— Алматы: Өнер, 1990. ISBN 5-89840-221-7 </ref>  

Дереккөздер

<references/>   {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}