Бөкен би

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бөкен би 1771 жылы туып, 1857 жылы 86 жасында дүниеден өткен. Қазақтың ата билерінің бірі. Бөкеннің шыққан тегі: Кіші жүздің он екі ата Байұлының Естемірден Көн, Тағашы тарайды. Көннен Қосыл атасы шығады. Бөкен би Қосыл тұқымына жатады. Бөкен Атырау елінде ата би болады. Ол Есет биден сегіз, Айтуар биден бір мүшел үлкен екен. Сондықтан оның өзін де, айтқан билік сөзін де ел-жұрт қадір тұтып сыйлаған. Бөкен бидің дана сөздері алғаш рет 1908 ж. Қазанда Мақаш Әкімнің «Жақсы үгіт» кітабына енген.<ref>Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1</ref>

Қара шаруа Бөкен би

Бөкен бидің әкесі де, өзі де дүние, мал-мүлікке қызықпаған. Күн көрістік шағын ғана шаруаға қанағат етіп жүре берген. Сондықтан ол билік-шешімге кіріскенде адамды мал-мүлік байлығына емес, ақыл, ой, санасына, адамгершілік қасиетіне қарай бағалай әділ төрелік айтумен аға би атанған. Сөйтіп, ол елдің татулық, бүтіндігін қорғап, әділетті, қарапайымдықты мәртебе еткен. Өзге билер сән-салтанат құрып, әсем киініп, жүйрік ат мініп, той-жиынға баратын болса, Бөкен би той-жиыннан аулақтап, үнемі өгіз мініп жүрген. "Мұныңыз не?" дегендерге ол "әсем киініп, сән-салтанат құрып, жұрттың бергенін ала берсем, менде әділдік, адамгершілік қала ма, масайрап, Құдайымды ұмытып кетпеймін бе, одандағы жай ғана қарапайым, орта құрсақ, қара шаруа, қара жаяуым жақсы" дер екен. Әділ төрелігін, жақсылығын, камқорлығын көргендер сыйлап оған ат мінгізіп, оқалы шапан жапса, алдына қоралап мал айлатса, оларға ұрсып сол жерде елдегі жоқ-жұқаналы, малшы-жалшыларға бөліп беріп, таратып жібереді екен. Бөкен бидің осы әдетін білетін байлар, билер, барлар "Бөкенге бергенше өзімде қалсын, Бөкенге берсең, бәрі бір қойшы-қолаңға жем болып кетеді" - деп, оған ешнәрсе атамайтын да, бермейтін де болған. Бөкен бидің осы мінез-қасиетін білетін ағайын-туыстары оның азын-аулақ мал-мүлкіне өздері қарайтын болған. Шөбін өздері шапқан, малдарын өздері баққан. Ал, Бөкеннің онымен ісі болмаған. Ел арасындағы дау-шар, мәселелерге әділ билік айтып, ел тағдырын ойлап жүре берген. Бөкен бидің аталы ақыл-нақыл сөздерін естуге құмар болған ағайын-жекжат, ауыл-аймақ оны арнайы шақырып, бірнеше күн жібермей күтеді. Содан Бөкен баба не бір аталы нақыл сөздердің тиегін ағытар екен.

Ел арасындағы сөздер

Бір жолы Сарыкөлді жайлап отырған Асау би оны қонаққа шақырыпты. Асау би Бөкеннен 9 жас кіші екен. Өзінің он жасар Тұрлан деген баласына:

- Бөкен биді шақырамын. Сен тік тұрып қызмет қыл. Қолына су құй, айтқан сөзін тыңда, батасын ал, - дейді. Асау би өзі барып Бөкенді шақырып келеді. Тай сойып бір жұма күтеді. Баласы Тұрлан жүгіріп оған қызмет көрсетеді. Бөкен Асаудан:
- Мынау мен көрмеген қай балаң? - деп сұрайды.
- Ең кенжеміз Тұрлан ғой, - дейді.
- Кенже деме, оның артынан сенде де, менде де туып қалар. Алла жарылқаймын десе, қиын емес, - дейді. Бөкен осыны айтады да, ас-су соңынан Тұрланға:
- Ең алдымен адам бол, адал бол, азамат бол, білімге бойла, халық қамын ойла, - деп шұбырта бата береді.

Ел айтады:

- Бөкен би көріпкел әулие екен. Сол жолғы Асау биге айтқаны айнымай келеді. Асау бидің тоқалы көп кешікпей-ақ екі нәресте көреді. Тұрланы білім жолына түсіп оқымысты болды, ұзақ жыл молдалық етіп, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.

Асау би үйіндегі сол отырыста бір аксақал Бөкен биден:

- Қонақ неше түрлі болады? - деп сұрапты.

Сонда Бөкен баба:

- Ұдайы қонақ, Құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқима қонақ деген төрт түрлі қонақ болады, - деп, оны былайша таратыпты - ұдайы қонақ деп мына біз сияқты арнайы сыйлап шақырылған қонақты айтады. Құдайы қонақ деген - жолаушылап келе жатып, амалсыздан ат басын бұрғанды, қыдырма қонақ деп, шақырмаса да айналып, соға беретінді, ал қылқима қонақ деген әр үйдің түтінін аңдып тамақ ішіп кетсем деп, сол үйдің қазанын аңдып, кылқиып отыратын қонақты айтады.

Тағы бір үйдің берекелі дастарқанында отырғанда Бөкен биден бір ауыл қариясы:

- Жігіттің неше жұрты бар? - депті.

Бөкен би оған былай деп кері сұрақ қойыпты:

- Өзің айтшы, қанша жұрты бар деп ойлайсың?

Әлігі қария айтыпты:

- Ел айтып жүр ғой: жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар деп. Өз жұрты - күншіл, нағашы жұрты - сыншыл, қайын жұрты - міншіл, - деп.
- Әй, отағасы-ай, - депті Бөкен би. - Жігіттің ең басты негізгі жұртын әлі білмейді екенсіз ғой, - депті.
- Ол қайсы жұрт еді?
- Тыңдаңыз мен айтайын: Жігіттің күндемейтін, сынамайтын, мінемейтін бір жұрты бар. Ол Алаштың азаматы еді ғой, - дегенде отырған көпшілік:
- Бәрекелді Бәке, тауып айттыңыз. Жұртты руға, жікке бөлмейтіндерге арнайы айтылатын аталы сөз екен, - депті, Бөкен биге риза болысыпты.

...Ел ішінде "Еламан елге теңелді, ешкі қойға теңелді" деген қанатты сөз бар. Бұл сөздің шығуы былай: Кіші жүз Байұлынын "бес қойыс" деген атасына жататын Еламан деген елеусіз, ескерусіз, ешкім елең қыла қоймайтын момақан ауыл болады. Осы ауылдың осындай жуас жағдайын білетін Бөкен би бір жолы шеркеш еліндегі бір мәслихаттан қайтып келе жатып, сол Еламан ауылына ат басын бұрады... Қасындағылары:

- Биеке-ау, өзі жарымай отырған кедей ауылға неге қонамыз дейсіз. Жағдайыңыз болмайды ғой, одандағы ілгерілеп барып байлау ауыл Қаракемпірге жетіп қонайық та, - дейді...

Сонда Бөкен баба:

- Ей, сендер менің не ойлап келе жатқанымды білмейсіңдер. Байлығы шалқыған бар ауылда болып жүрміз ғой. Мынау жоқ-жұқаналы Еламан ауылының бір еңсесін көтеріп, ел қатарына қосып кетейік те. Бұлар да бір атадан туған туыс ел ғой, - дейді...

Бөкен бидің осы сөзімен олар Еламан елінің Қыздарбай деген ақсақалының үйіне түседі. Қыздарбай оларға не соярын білмей асып-сасып қалады. Бөкен би оған:

- Саспа, - дейді. - Қыздарбай:
- Ешкіден басқа соятын малдың реті болмай тұрғаны, - деп бар шынын айтады. Бөкен би:
- Сол ешкіңді сойдағы, ауыл-аймағындағы ақсақалдарыңды түгел шақыр, - дейді. Қыздарбай сөйтіп, Еламандықтарға 3-4 жігітін шақырушы етіп жібереді. Олар:
- Еламан еліне Бөкен би келіп, қонып жатыр. Сіздерді қонағасына шақырады, - деген хабар айтады. Бұл хабарды есіткен ауыл адамдары, көрші бай ауылдар:
- Еламанды да елеп кісі түседі екен-ау оларға атақты Бөкен бидің қонақ болуы тегін емес. Қой, болмас, бізде сойысымызды ала барайық, құр қол барғанымыз ұят болар деп, біреуі тайын, біреуі танасын, енді біреуі қойларын, тоқты-торымын жетектеп жан-жақтан Еламан ауылына жұрт ағыла бастайды. Бәрі Бөкен биге, Қыздарбай бастаған Еламан ақсақалдарына сәлем беріп, тарту-таралғы, сойыс-соғымын тапсырысады. Бөкен би тағы да 2-3 күн жатып, Еламан елінің шежіресінен әңгіме шертеді.

Бұл елден шыққан игі жақсыларды, батырлар, ақын, би-шешендерді атап, елдің жаманы болмайды, әр елдің аруақты ардақтылары болған деп, олардың рухын көтере сөйлейді. Ертеңіне Бөкен би аттанып жол-жөнекей Жауғашты елін басып өте бергенде, ол ауылдың байлары оның шылауына оралып:

- Әдейі ат жібертіп алдыратын атамыз едің, аттан түсіп, қонақ болып аттаныңыз десе оларға Бөкен би:
- Рахмет, Алла риза болсын. Мынау Еламаннан қой етін жеп әбден кекірігіміз азып келе жатыр. Еламанда кісі күтетін берекелі ел екен. 3 күндей тік тұрып күтті. "Еламан елге теңелді, ешкі қойға теңелді" деп ілгері жүре беріпті. Бөкен бабаның осы қанатты сөзін Қыздарбай ақсақал үнемі айтып, ұрпақтан-ұрпаққа таратыпты.<ref>Даланың дара ділмарлары.-Алматы: ЖШС "Қазақстан" баспа үйі", 2001, - 592 бет. ISBN 5-7667-5647</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Бөкен би|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}