Балалар мен жасөспірімдер театры

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Балалар мен жасөспірімдер театры — мәдени-сахналық мекеме.


1944 жылы Алматыда режиссер Н.И. Сац пен драматург В.С. Розовтың басшылығымен ұйымдастырылған. Театр қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеді.

Алғаш рет қазақ труппасы 1947 жылы 2 ақпанда А. Н. Островскийдің “Мысыққа күнде той бола бермес”, ал орыс труппасы 1945 жылы 7 қарашада Е. Шварцтың “Қызыл телпек” (басты рөлдерде Аққағаз Мәмбетова, Тұрсын Жармұхамедовалар ойнады) спектакльдерін қойды. Театр шымылдығы ресми түрде 1948 жылы 4 шілдеде А.Н. Толстойдың “Алтын кілт” спектаклімен (режиссер Сац) ашылды. Жас ұжымның мектеп бағдарламасымен сәйкес алғаш қойған пьесалар мен аңыз-ертегілер инсценировкалары: М. Ақыжанов пен Қ. Бадыровтың “Алтын сақасы” (1948, режиссер Н.В. Молчанов; 1953, режиссер С. Шәріпов; 1965, режиссер Мен Дон Ук), Ш. Құсайыновтың “Нұрлы тас” (1951) пен “Алдар Көсесі” (1954, екеуінің де режиссер А. Тоқпанов), Қ. Сатыбалдиннің “Аягөз аруы” (1954, режиссер М. Қосыбаев), Л.В. Соловьевтың “Қожанасыры” (1949, режиссер И.С. Барон). Театрда Сац (1947—50), А.Тоқпанов (1950—54), Қосыбаев (1954 — 59), В.И. Добронравов (1959—62), Ғ. Хайруллина (1962—64), Мен Дон Ук (1964—68), В.С. Пұсырманов (1968—76), М.Байсеркенов (1976—82) сынды бас режиссерлермен қатар И.Г. Бальхозин, Э.Д. Гейдебрехт, А.И. Ненашев, Д. Сүлеев, В.В. Теляковский, С. Үмекенов, т.б. театр суретшілері жемісті еңбек етті. Театр труппалары мектеп пен отбасының байланысы, жастардың жауынгерлік және еңбектегі ерлігі, достық қарым-қатынасы, арман-махаббаты жайлы тәлім-тәрбиелік мәні зор шығармаларды сахнаға шығарды. Олар: М. Иманжановтың “Жас өмірі” (1949, режиссер Молчанов), Құсайыновтың “Көктем желі” (1953, режиссер Тоқпанов) мен “Есірткен еркесі” (1954, режиссер Қосыбаев), Ш. Байжановтың “Әлия Молдағұловасы” (1954, режиссер Т. Дүйсебаев), Б.Л. Горбатовтың “Әкелердің жастық шағы” (1950, режиссер Б. Коврижных), т.б. қойылымдар.

Театр сахнасында, сондай-ақ, Құсайыновтың “Біздің Ғани” (1958, режиссер В.О. Гасюк пен Қосыбаев), С. Мұқанов пен А. Сатаевтың “Ботагөз” (1970, режиссер Е. Обаев), С. Сейфуллиннің “Қызыл сұңқарлар” (1977, режиссер Байсеркенов), И.Ф. Поповтың “Семья” (1959, 1962, режиссер Добронравов), Х.Хамзаның “Бай мен кедей” (1962, режиссер Хайруллина) сияқты тарихи-әлеум. тақырыптағы шығармалар мен шет ел драматургиясынан У. Шекспирдің “Вероналық екі бозбала” (1949, режиссер Сац), “Гамлет” (1980, режиссер Байсеркенов), Ф. Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат” (1951, режиссер С. Естемесова), Н.Хикметтің “Әпенде” (1957, режиссер М. Қосыбаев), Б. Брехттің “Әйдік апай және оның балалары” (1968, режиссер Мен Дон Ук), Ян Соловичтің “Түмен түрткен тіленші” (1976, режиссер Байсеркенов), т.б. пьесалары қойылды. 1960 — 80 жылы халықтың аяулы ардагерлері туралы Ш. Аймановтың “Жас Абай” (Әуезовтің романы бойынша, 1969, режиссер Айманов), Ә. Тәжібаевтың “Сағынамын күн сайын” (режиссер Мен Дон Ук), Сатыбалдиннің “Ұзақ жол” (1970, режиссер В.С. Пұсырманов), Ә. Әлімжановтың “Махамбеттің жебесі”, Мұқановтың “Қашқар қызы” (1971, екеуінің де режиссер Обаев), Құсайынов пен О. Бодықовтың “Әл-Фараби” (1972, режиссер Мен Дон Ук), т.б. пьесалар сахналанды. Осы жылдар ішінде театр Мәскеуге үш рет гастрольге барды. 1958 жылы Д. Фурмановтың романы бойынша “Бүліншілік”, Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин”, В. Коростылов пен М. Львовскийдің “Көрінбейтін Димка” спектакльдерімен бүкілодақтық фестивальге қатысып, 2-дәрежелі дипломға ие болды. 1967 жылы Ш. Құсайыновтың “Алғашқы ұшқындар”, Ш. Айтматовтың “Арманым, Әселім” спектакльдерін алып барып, бүкілодақтық конкурстың 3-дәрежелі дипломы мен ақшалай сыйлығына ие болды. 1971 жылы Тәжібаевтың “Қыз бен солдат” спектаклін апарып, лауреат атанды. Режиссер Мен Дон Ук қойған Құсайыновтың “Алғашқы ұшқындар” спектаклі 1968 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болды (Ғани рөлінде — А. Кенжеков, суретшісі Д. Сүлеев, композиторы М. Қойшыбаев). 1984 жылы Әуезовтің “Алуа” спектакліне (режиссер Р. Сейтметов, Алуа — Г. Қазақбаева) Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Театр труппалары репертуарынан қазақ қаламгерлері Қ. Мұхаметжановтың “Қуырдақ дайыны” (1964, режиссер Т.Е. Сидоров) мен “Өзіме де сол керек” (1969, режиссер Обаев), А. Шамкеновтың “Адасқан қаз” (1965, режиссер С. Естемесова), Б. Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” (1968, режиссер М.Бақтыгереев), Т. Ахтановтың “Махаббат мұңы” (1970, режиссер Пұсырманов) мен “Күшік күйеуі” (1981, режиссер Ж. Хажиев), С. Жүнісовтың “Қызым, саған айтам” (режиссер Мен Дон Ук), “Жаралы гүлдер” (1973) және “Қос анары” (1975, екеуінің де режиссер Пұсырманов), М Хасеновтің “Қайсар” (1976, режиссер Қ. Жетпісбаев) мен “Пай-пай, жас жұбайлар-айы” (1979), Ж.Тәшенов пен И. Саввиннің “Іске сәт, қыздар” (1976, екеуінің де режиссер Кенжеков) мен “Студенттері” (1978), Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн” (1977, екеуінің де режиссер В.Ф. Ким), Б. Мұқаевтың “Қош бол, менің ертегім” (1979, режиссер Байсеркенов); КСРО халықтары драматуригиясынан Б. Жәкиевтің “Әке тағдыры” (1963), Айматовтың “Алғашқы мұғалім” (1964), “Арманым, Әселім” (1966, үшеуінің де режиссер Мен Дон Ук) мен “Бетпе-беті” (1972, режиссер Пұсырманов), Р. Ғамзатовтың “Тау қызы” (1964, режиссер Хайруллина), М. Кәрімнің “Ай тұтылған түн” (1968, режиссер Обаев), А.Е. Макаеноктың “Үкім” (1972, режиссер Пұсырманов), М.Байджиевтің “Әр үйде мереке” (1982, режиссер Хажиев) мен “Ерте, ерте, ертедесі” (1984, режиссер Н. Жақыпбаев), т.б. пьесалар орын алды. Театрда әр жылдары қызмет еткен Қазақстанның халық артистері Б. Қалтаев, К. Қожабеков, Ш. Мусин, С. Саттарова, т.б. театр труппасының қалыптасып, өсу жолына елеулі үлес қосты. 1985 жылы қазақ, орыс труппалары өз алдына жеке театр болып бөлініп шықты.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;</ref>

Тағы қараңыз

Дереккөздер

<references/>