Ақылбек Манабаев

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Тұлға


Манабаев Ақылбек, ақын (1934-1984).

Ақылбек Манабаев 1934 жылы 20 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Қараүңгір ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Сонда оқу бітірген соң «Тарбағатай» газетінің редакторының орынбасары болып қызмет еткен. 1962 жылы Үржар ауданына келіп жұмысшы, кітапханашы, «Алға» газетінде журналист болып еңбек етті. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін «Семей таңы» газеті редакциясында әдеби қызметкер болды. Семейлік ақындар ортасында Ақылбек Манабаев толғаныс, тебіренісі майда, ырғақты, нәзіктікпен, жұмсақтықпен тіл қатып, сырласар сипатымен ерекшеленеді. Ақынның таланты ана сүтімен дарыған тума талант. Анасы Бәтиманы ауыл арасындағы той-жиынға қос атпен алдыратын. Ақылбек сол анасынан нәр алған еді. Ақынның «Жазира», «Самал сазы», «Мәуелі бәйтерек», балаларға арналған «Алтын мен көпір», «Тау тескен» атты кітаптары өзінің көзі тірісінде жарық көрді. «Анама хат», «Жүрек сөйлейді» кітаптары қайтыс болғаннан кейін жан жарының араласуымен жарық көрді. Ақын-көпшілік өлендерінде нақыштың нәзіктігіне, сүйріктігіне сүйінгіш, солардан сыр түйгіш қаламгер. «Жазира» атты жыр жинағы сияқты «Самал сазы» да өмірге іңкәр құштарлықпен жазылған. Ақылбек Манабаевтың жазған жырларынан табиғат тамашалары кең орын алады. Сонымен қатар өзінің тұстастарына қарағанда қазақ тілінің өзіне тән поэтикалық-этнографиялық сөздік қоры бай. Ақын ежелгі ізгі дәстүрді де орынды ұстанады. Көп жастардың аузына түсе бермейтін тұрмыс-салтта қалыптасқан бұйымдар мен заттық теңеу, баламаларды жиі қолданады. «Самал сазы» атты жинағына кірген екі баллада аңызға құрылған. 1989 жылы шыққан ақынның «Жүрек сөлейді» атты кітабына негізінен ең таңдаулы өлеңдерді мен балладаларды, «Чили балалары» атты поэма енді. Өміршең де өрелі өлең жолдарынан ақын жанының тынысы, дүрсілі аңғарылады.

Дереккөздер

<references/>

1. Шығыс Қазақстан облысы мәдениеті кітабы, АТАМҰРА