Артық Сарыханұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

23:45, 2011 ж. қазанның 13 кезіндегі BolatbekBot (Талқылауы) істеген түзету

Артық сарыханұлы (шамамен 11 ғ-дың 2-жартысы — 12 ғ-дың 1-жартысы) — қыпшақ ханы, әйгілі қолбасы, батыр. Орыс жылнамаларында “половецтердің Шарухан (Сарыхан) әулетінен шыққан Отрок хан” деп те аталады. Ержүрек қыпшақ жауынгерлерін әлем патшалары өздерінің таңдаулы әскери жасағына айналдыру дәстүрі әбден орныққан заманда Мысыр, Византия, Венгрия, Еуропа мен Азия елдерінің билеушілері қыпшақтарды қалқан етіп ұстап, қаһарлы күш ретінде пайдаланды. Кезінде Батысқа жөңкіген қыпшақтар 1116 ж. Еділді бетке алып ежелгі қонысына қайта жылжығанда А. хан Дөң (Дон) өз. аймағында жауға тосқауыл жасады, Киев князі Вл. Мономахтың әскерімен кескілескен ұрыс жүргізді. 1118 ж. Грузия (Гүржістан)патшасы Давид ІV-нің (Дәуіт, Давид — құрылысшы) арнайы шақыруымен қыпшақ ханы А. 45 мың атты әскермен Қап тауына келіп, Гүржістанды басқыншылардан азат етті. 1112 ж. Дидгори айқасында А-тың 45 мың сарбазы Дәуіттің 15 мың әскерімен бірігіп, 300 мыңдық парсы қолына соққы берді. Грузиндер тарихында айрықша орын алған осы шайқастың нәтижесінде Грузия ұлттық тәуелсіздік алды. А. Тұрантоқты атты қызын Дәуітке берді. А. хан Қап тауында 8 жыл тұрып Дешті Қыпшаққа қайтты. “Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген сөз А-тан қалғандығы жөнінде деректер бар. А-тың баласы Қоншақ орыстың “Игорь полкы туралы жырындағы” басты тұлғалардың бірі. Әдеб.: Гамсахурдиа К., Давид строитель, Тбилиси, 1974; Сүлейменов О., АЗИЯ. Ізгі ниетті оқырман кітабы, А., 1992; Гумилев Л.Н., Древние тюрки, М., 1993.